Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Шеттен келетін туристер көп
Биыл Алматыға жолы түскен шетелдік туристердің 70%-ға жуығы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдерден екенін айта кеткен жөн. Осы жылы қарашада Үрімжіде ШЫҰ аясында «Туризм жылы – 2023» форумы өткені белгілі. Оған қоса ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің биылғы отырысында 2023-2024 жылдарға арналған төрағалық Үндістаннан Қазақстанға ауысып, Алматы қаласына мәдени және туристік астана мәртебесі берілді. Мұның алғышарттары жеткілікті, Алматы көрікті мекенге бай, тау кластеріне 20 минутта жетіп баратын ерекшелігімен қоса іскерлік, мәдени және спорттық туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бүгінде Алматының 77 елмен 45 тікелей әуе қатынасы мен визасыз режімі бар.
Қазіргі таңда Алматыда туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейге жақындады. 2023 жылдың 1 жартыжылдығында қалаға 261,6 мың шетелдік турист келсе, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62,8%-ға артық. Қазақстан мен Қытай арасына визасыз режімді енгізу, ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасын Алматы деп жариялау, 2024 жылды Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы деп жариялау сынды бірқатар халықаралық оқиға туризмді дамытуға серпін береді деген сенім бар.
Сонымен, 2023 жылдың тоғыз айында мегаполистегі туристер саны 17,5%-ға өсіп, 1,5 миллионнан асты. Шетелдік туристер 51,5% болса, бұл шамамен – 410 мың адам. Сондай-ақ ішкі туристер саны 8,4%-ға ұлғайған. 2023 жылы қала билігінің туристер саны 2 миллионға дейін, шетелдік туристер саны 500 мың адамға дейін жетеді деген болжам болған.
«Туристер көптеп келетін маусымға орай, биыл 16 глэмпингке арналған эко-қонақүй мен 112 бөлмелі қонақүй ашылды. 847 орынға есептелінген 5 нысанның құрылысы, сондай-ақ 1 420 нөмірден тұратын 10 нысанның жобасы жүргізіліп жатыр», дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Алайда алдағы жылы өз мәртебесіне сай Алматыны мұнан да ауқымды жауапкершілік күтіп тұр. Мегаполис ішкі және сыртқы туризмді дамытумен қатар, тартымды, бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретінде қаланың оң имиджін қалыптастыруды жалғастыруға тиіс. Осы орайда 2024 жылы Алматыда шетелдік турист 520 мыңнан асады, 2030 жылға қарай миллионға жетеді деген жоспар бар.
ШЫҰ форумы аясында да тұрақты туризмді ілгерілетуге қатысты мәселелерді талқыға салған екен. Бұл орнықты туризм, экологиялық тұрақты немесе жауапты туризм ретінде белгілі. Туризмнің қоршаған ортаға кері әсерін азайту, биоәртүрлілік пен мәдени мұраларды сақтауда шаралар қабылдау, әлеуметтік қатынастар мен жергілікті халықтың әл-ауқатын дамыту қарастырылған.
Биыл туристерге жайлы болуы үшін Ақбұлақ, ҮАК және Мыңжылқыда 3 кемпинг аймағы құрылды. Шатырлар, төбесі жабық сәкілер, үстел-орындықтар қойылып, «Алтыбақан» стиліндегі әткеншектер орнатылды. Бұған қоса Кіші, Үлкен Алматы, Проходное, Бутаковка шатқалдарын абаттандыру жұмыстары аяқталып, Қарғалы шатқалы қолға алынды. Маршрут бойында навигациялық көрсеткіштер, ақпараттық қабырғалар, қалқандар, тіректер, түрлі түсті нұсқаушы белгілер, әйнектелген сәкілер, орындықтар, демалыс алаңдары, көпірлер мен қоршаулар орнатылып бітті.
«Жалпы, динамика туристер санының 25,5%-ға өскенін көрсетеді. Келушілердің ең көбі, яғни 39,2%-ы – Ресейден, 9,2%-ы – Қытайдан, 7%-ы –Үндістаннан, 6,6%-ы – Түркиядан, 3,4%-ы – АҚШ-тан, 3,2%-ы – Оңтүстік Кореядан, 2,9%-ы – Өзбекстаннан, 2,8%-ы – Қырғызстаннан, 2,5%-ы Германиядан келген», делінген қалалық туризм басқармасының хабарламасында.
Almaty PASS билеті мен туристік паспорт
Биыл «Recommended by Visit Almaty» өңірлік стандартын енгізу жоспарланған еді. «Almaty Tourism Bureau» басшысы Камила Лұқпанова бұл бастама қызметтер сапасын жақсартып, сала субъектілерін біріктіруді көздейтінін айтады.
Сонымен қатар PASS турисінің бірыңғай билеті іске қосылды. Бұл бағдарламаға енген көрікті жерлер мен экскурсияларға, мәдени және ойын-сауық нысандарына барған кезде уақыт пен қаражатты 50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Суреттерде: «Медеу» мұз айдыны; «Visit Almaty» ақпараттық пункттерінде кез келген турист суретке түсе алатын сәнді шапандар пайда болды
Тағы бір бастама – туристің төлқұжаты. Оны «Visit Almaty» ақпараттық орталықтарынан алуға болады. Паспорттың көмегімен туристер оңай жүреді әрі қаланың негізгі жерлеріне қалай бару керектігін біледі.
Сол сияқты Алматы мейрамханалары, дәмханалар, кофеханалар анықтамалығының баспа нұсқасы – гастрогид құру жолға қойылып келеді. Осы қараша айында «WHERETOEAT Kazakhstan» атты алғашқы мейрамхана сыйлығы ұйымдастырылды.
Туристік көрмелер мен фестивальдардың да туристер легін арттыруға өзіндік үлес қосқанына тоқтала кеткен жөн. Мәселен, биыл сәуір айында қалада Орталық Азиядағы ең ірі KITF-2023 «Туризм және саяхат» туристік көрмесіне осы саланың 2 мыңға жуық өкілі, әлемнің 22 елінен 200 компания қатысты. Ал 29 қыркүйек 2 қазан аралығында «Mount-Fest» тау туризмі фестивалі өткізіліп, оған да 1 800-дей адам қатысып, екіжақты мәмілелер жүргізді. 10 қазанда халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Тұрақты қонақүйлер – туристік брендтің негізі» тақырыбында VI қонақүй форумы өтті. 4-5 қарашада халықаралық деңгейдегі аспаздар, food-блогерлердің қатысуымен гастрономиялық туристік фестиваль ұйымдастырылып, оған 15 мыңдай адам келді.
Алматының туристік компаниялары халықаралық бейінді көрмелер, роуд-шоу форматындағы іс-шаралардан қалмайды.
Туристер қателігі
Алайда туризм тақырыбын қозғаған кезде айналып өтпейтін мәселе бар. Оның үстіне Алматы – көбінесе белсенді демалғанды, тау-тас кезіп, шаңғы, коньки тебетіндерді тартатын қала. Бірақ ауа райының күрт суытуы абай болуды талап етіп отыр. Өйткені тек биылдың өзінде Алматы таулары мен облыс аумағында адасып кеткен 200-дей адам іздестірілсе, оның басым бөлігі туристер еді. Қыста қар көшкінінің жүруіне шаңғышылар мен сноубордшылар де себепкер болып жатады. Сондықтан кейінгі күндері тауда демалған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау бұрынғыдан да өзекті болып тұр.
«Тауға шығуды жоспарламас бұрын алдымен жүру бағытын анықтап, адам санын есептеу керек. Алдағы сапардың ерекшеліктерін толық ескерген жөн: шығатын, қайтатын уақыт, маршруттың күрделілігі және т.б. Бұл жерде жиі кездесетін қателік – жақындары мен таныстарға ескертпей, айтпай кетіп қалу. Төтенше оқиға орын алған жағдайда жоғалған адамды тезірек табу үшін маршрутты, тоқтаған орындарын анықтауға көп уақыт кетеді», дейді ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Вадим Пак.
Одан кейінгі ең маңызды жайт – қажетті керек-жарақтардың әзірлігі. Құтқарушылар әрбір туристің қоржынында міндетті түрде төтенше жағдайларға арналған алғашқы көмек қобдишасы, қосалқы батареялары бар шамдар, қуаттағыштар, су, жеңіл тағамдар болуы керектігін ескертеді. Таудағы ауа райы құбылмалы болатындықтан, жылы киім-кешек артық болмайды. Тауда ауа температурасы қалаға қарағанда әлдеқайда төмен. Тәжірибесіз туристердің көп жіберетін қателігі – өздерімен бірге жылы, ауыстыруға болатын киімдерді алып шықпайды. Биікке өрмелеген адам қатты терлейді, содан кейін жел, суық тиюі әбден мүмкін.
«Егер турист төтенше жағдайға тап болса, бірден 112 нөміріне қоңырау шалу керек. Байланыс болмаса, Алматы қаласының әкімдігі мен ТЖД бірлесіп, қолайсыз ауа райында туристер уақытша паналайтын құтқару лашықтарын салған. Сол жерде көмек күтеді, яки түней алады. Күн шыққанда адаспайтын болса, сол маршрутпен кері қайтқаны дұрыс. Құтқарушыларды шақыру үшін лашықтарда көрсетілген телефон нөмірлерін теруі керек», дейді мамандар.
Тағы бір тоқтала кететін жайт, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Туризм кеңесі қала әуежайындағы такси қызметтерінің құнына талдау жүргізіп, араны ашылған такси жүргізушілерінің мәселесін реттеуге ұмтылып отыр. Салалық комитеттер тарифтерін ұсынып, әуежай аумағында такси бағалары көрсетілген тиісті стендтер ілінді.
АЛМАТЫ