Ғылым • 15 Желтоқсан, 2023

Қарағандыдағы Бөкетов университетінің проректорлығынан 117 адам үмітті

767 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы ЖОО-да 30 қараша күні стратегиялық даму жөніндегі проректор лауазымына конкурс жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыдағы Бөкетов университетінің проректорлығынан 117 адам үмітті

Осы уақыт аралығында аталған қызметке 117 адам үміткер ретінде тіркеліп, құжат өткізген екен. Тemirtautynysy.kz-тің жазуынша, бір уақытта проректор лауазымына мұнша адамның конкурсқа қатысуы – отандық университеттердің тарихында болмаған оқиға.

Вакантты лауазымға конкурс «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің шешімімен жарияланған. Хабарландыру оқу ордасының ресми сайтында, әлеуметтік желіде, сондай-ақ headhunter (hh.kz) және enbek.kz жұмыспен қамтудың электронды алаңдарында жарияланған. Конкурсқа құжат қабылдау 2023 жылдың 10 желтоқсанында аяқталды. Осы аралықта 117 азамат үміткер ретінде тіркеліп үлгеріпті. Олардың арасында отандық ғалымдар ғана емес, Ресей, Украина және Оңтүстік Африка Республикасынан да үміткерлер бар.

«Қазір біз Директорлар кеңесімен бірге үміткерлердің құжаттарын қарап, олардың талапқа сай болуын барынша қадағалап жатырмыз. Бүгін де үлкен отырыс өтті. Үміткерге қойылатын басты талап – жоғары оқу орындарында басқару тәжірибесі және креативті ойлап, кез келген қиындықты еңсеретін қабілет иесі болуы. Сонымен қатар, үміткер академиялық адалдықты ұстам етуі тиіс», дейді университеттің басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Айта кету керек, қазіргі таңда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу ордасы өндірісі өркендеген Қарағанды облысына ғана емес, күллі республикаға жақсы танымал. Сонымен қатар алыс-жақын шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатылып, қарым-қатынас күшейген. Аса жауапты қызметті атқаруға жүзден астам адамның құлшыныс танытуы оқу ордасы имиджінің бұл күнде қаншалықты нығайғанын аңғартатындай.