Биыл Халықаралық Алматы әуежайы үшін жолаушылар ағынының рекордтық көрсеткіші тіркеліп отыр. Бүгінгі есеп бойынша биылдыққа 9 миллион азамат әуежай қызметін пайдаланған. Мараттың еншісіне дәп сол 9 миллионыншы сәтті билет бұйырыпты. Мүлде ойламаған жерден олжаға кенелген жолаушыны әуежай басшылығы қуанышпен қарсы алып, екі кісіге арналған демалыс сертификатын табыстады. Осылайша, сәтті билет иесі жақын жандарының бірімен Бодрумға саяхатқа аттанбақ.
«Бұл – әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи оқиға. Неге десеңіз, Алматы әуежайының бүкіл тарихында алғаш рет жолаушылар ағыны 9 млн адамға жетіп отыр. Сәтті билет иесіне сыйлаған жолдамада барлығы қамтылған. Осы ретте бізбен жұмыс істейтін барлық әуе компаниясына алғыс білдіремін. Біз ол кісілер болмаса, осындай нәтижеге қол жеткізбес едік. Болашақта жаңа жолаушылар терминалы ашылса, 10 миллионыншы жолаушыны қабылдарымыз сөзсіз. Осы орайда Көлік және коммуникация министрлігіне алғыс білдіремін», дейді Халықаралық Алматы әуежайының президенті Алып Ер Тунга Ерсой.
Күтпеген қуанышқа кенелген Марат Нұралин әуежайда өзіне мұндай сый-құрмет көрсетілгеніне дән риза. Қуанышын жасыра алмаған жолаушы өз әсерімен бөлісті.
«Мен өзім Астана қаласының тұрғынымын, Алматыға құдамыздың мерейтойына келдік. Бізге ұшақта кішкене күте тұрыңыздар дегенде уайымдап қалдық. Кіреберісте құттықтап жатқанда не болды екен деген қорқыныш болды. Осындай сыйға ие болғаныма қуаныштымын. Өзім ұшақпен жиі ұшамын. Алдыңғы аптада ғана Алматыға келген едім. Түрік еліне мүлде жолымыз түспеген екен, тосын жолдама соның сәтін тудырар. Әсіресе зайыбымның қуанышында шек жоқ», дейді М. Нұралин.
Айтпақшы, еліміздің әуе қақпасы саналатын Алматы айлағының өткізу қабілетін арттыру мақсатында жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Кешен келер жылдың жаз айында аяқталмақ. Су жаңа ғимарат борт көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдауға қауқарлы. Ал әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артпақ. Жобаға сәйкес құрылым қолданыстағы терминал ғимаратына жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа үлгі жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпай-ақ ішкі және халықаралық рейстерден ауысуға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етпек. Осылайша, жаңа терминал тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.
АЛМАТЫ