Иә, талантты жазылған шығарма да өнегелі адамның өмірі тәрізді мәңгілік жасайды. Ал талантқа батылдық қосылғанда ол туындының құны тіпті теңдессіз. Алпыс бес жыл бұрын Қанапия Телжановты толғандырып, қаламына шабыт сыйлаған «Атамекенге» көз салған сайын сөзбен айтып жеткізгісіз сондай бір қуатты рух қанаттандырып әкетіп, қазақтың тарам-тарам тауқыметті тарихының қатпар-қойнауына сүңгітіп жібергендей болады.
...Қазақтың кең жазиралы шеті мен шегі жоқ байтақ даласы. Бергі бөлігі соқа жыртқан соқта да, оның арғы беті боз жусаны жайқалған киелі байтақ. Екі өркениеттің шекарасында тұрған ат үстіндегі кейіпкердің көзқарасы санаңды сілкіп алатындай. Мән беріп қараған кісі оның көздеріндегі өңменіңнен өтіп кетер сұмдық ызғардың ұшқынын сезер еді... Нанымды бейне. Таңғажайып ракурс. Тың көтеруге қарсы кейіпкерінің драмалық шиеленісі. Ішкі эмоция. Осылай кешегі Алаштың кеудесінде айтылмай кеткен зарлық күйді қамырықты қоңыр күй қылқаламынан қою тамған Қанапияның кейіпкері жер жаһанға айтып, жар салатындай...
Сенбесеңіз, сіз де көз салып, көркемдігі мен кемелділігі қатар келіскен туындының астарына үңіліп, тағылымына ой жүгіртіп көріңізші. Кенептен тараған қарсылық күйі, азаттыққа деген аңсар сезім қалғып кеткен рухыңызды қайта сілкіп алатындай ма, әйтеуір айбатты да айбынды. Енді бірде Міржақыптың «Оян, қазағы» мен Мағжанның «Сағынышын» бір арнаға тоғыстырған да дәл осы сурет секілді санаға сан түрлі ой ұялатады.
Тағы бірде Телжанов туындысы Оралхан Бөкейдің әйгілі «Жетім ботасын» көз алдыңызға әкеледі. Онда да ежелгі қазақ мәдениеті мен жаһанданудың арасына шекара сызып, бота жетектеп бара жатқан қыздың бейнесі – қаламгердің өзі жатсынған қоғамға қарсылығын көрсетуші еді ғой. Сол ақиқат Қанапияның қиялынан туған «Атамекенмен» үнсіз астасып жатқандай. Жарты қабырғаны тұтас алатын зор картинаның шындығы да тар заманға, кер кезеңге айтылған суретшінің қарсылығы іспетті. Тек біреуі сөзбен сөйлетсе, екіншісі қылқаламмен құбылтады.
Қанапия Телжанов – кеңес одағының тұсында бір картинасымен-ақ ұлттық идеяны көтере білген бірден бір майталман. Суретке ұзақ үңіліп отырып суретші империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінде қылқаламынан мынандай бояуды қалай төккен деп таңырқайсың еріксіз! Қаһармандығына бас иесің!
Қазақтың жанына айналған картинаның өн бойы тұнып тұрған контраст, қарсылық. Бірақ соған қарамастан «Атамекен» ананың алақанындай жып-жылы. Қоңыр және сары-күрең бояуға бай, ал алқызыл мен алтын түстердің кенепте қалдырған сирек үшкір жағылымдары жаныңды алапат әсерге бөлеп, бойыңа рух беретін бұл туынды атымен ғана емес, затымен де қазақтың өзін, ұлттың тұтас болмысын бейнелейді. Бір қызығы, тек суық түсті бояулар пайдаланылған суретке қарасаң көңілің жылып сала береді. Қатқыл түсті бояумен бедерленсе де жанарға жылу ұялататын қасиеті – суреттің басты құндылығы. Өйткені «Атамекен» – бүтін бір ұлттың болмыс-бітімін, жүріс-тұрысын, кескін-келбетін барынша айқын жеткізген Алаштың автопортреті десек, еш қателеспейміз. Суретке бір қарағаннан-ақ қазақтың иісі аңқып, туған жердің самал лебі маңдайыңды сипап өткендей ғаламат күй кешесің. Сұсы мен салтанаты қатар өрілген өнердің құдіреті сол – бұл қазақтың өзі туралы туынды. Кеңес одағының кертартпа кезеңінде биліктің жүйесіз саясатын аяусыз сынай алған шығарма. Яғни оның салтанатты болатын себебі – онда рух бар. Ал сұстылығының астарында суретші қылқаламы арқылы жеткізілген қазақтың өр мінезі жатыр. Ал сол мінездің асқақ көрінісі – намыс емес пе? Демек өр намыс өз кезеңіне қарсылық көрсетіп тұр.
Туындыға негізгі арқау болған тақырып – тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі. Қазақ халқының тарихындағы қаралы бет. Партияның көзсіз жасалған бұл саяси науқанының артында тұтас халықтың ауыр қасіреті жатыр. Ұлттың ұлы байлығы, басты құндылығы – Жер десек, қасиетті Жер-Ана сайқал саясаттың кесірінен нендей қорлық көрмеді? Қазақтың құнарлы топырағына сарт етіп кірген соқа тісінің қандай қасіретке бастағанына тек уақыт-ағзам куә, тарих – төреші. Қайран, Атамекен!
Міне, Телжанов тың туындысы арқылы осы бір трагедиялы тақырыпты тереңнен толғады. Солақай саясаттың қазақ мәдениетіне, ұлттық рухына, ежелгі түркі дүниесінің дидарына түсірген түнек таңбасын әшкереледі. Картинаға мұқият зер салсаңыз, құлап бара жатқан балбал тас, құнсыз құлпытасты көресіз. Осы арқылы суретшінің тек ел мен жерге емес, оның мұрасына, құдіреті мен киесіне жасалған тағылық көріністі де ашық айыптағанын аңғару қиын емес. Сөйте отырып жыртылған жердің үстіне Телжанов ат ойнатып, көкпар тартқызып, Махамбеттің мінезін алып келді. Бұл суреткердің қазақы өз мінезі, өмір сүрген заманына деген ішкі қарсылығы еді. Олай айту үшін ішкі рухың берік болуы керек-ау... Сол қайрат, сол қаһармандық Қанапия бойынан табылды. Ал «Атамекен» – оның ұлтын сүйген ұлы жүрегінің асқақ үні еді. Ол үнсіз айғайлап кетті...
Бұл картина – сөз жоқ, бірнеше буынды тәрбиелеген ұлы шығарма. Бар қазақтың сан ғасырлық ғұмырын өз бейнесіне сыйғызған теңдессіз туынды. Мұндай рухтағы туындылар қазақ суретшілерінде аз болған емес, бірақ рух күйін шертетін «Атамекеннің» орны бөлек. Себебі ол – тұтас бір халықтың тағдырын толғаған туынды. Қазақстанның халық суретшісі Қанапия Телжановтың 65 жыл қазақ ұлтына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан шедеврі.
«Атамекен» полотносы сан ғасырлық тарихымызды тереңнен толғаса, қазіргі Тәуелсіз еліміздің қылқалам иелерін не толғандырады? Бүгінде осы «Атамекенмен» сарындас, үндес полотнолар салынып жүр ме? Ондайда аз-кем ойланып, мүдіретініміз рас. Себеп бүгінгі суретшілерімізге дәл Телжановтың бойындағы табандылық, Қанапияны мәңгілік еткен көзсіз қаһармандық жетіспейтіндей сезіледі.
Ал «Адам мен Ғалам – менің ой ізденістерімнің әлемі мен кеңістігі, мұңым мен үмітім. Жер бетіндегі бақыт пен болашаққа деген сенім рухына бөленген ойлар көрінісі. Менің картиналарым адамның жарқын мақсат-мүддесі мен оның жан дүниесінің әсемдігіне бағышталған» деп толғанып, бар қазақтың сұлбасын бір шаршы метрге сыйғызған суретшінің ғибаратты ғұмыры да «Атамекен» картинасындай мәңгілік жасайды.