«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының ел үшін маңызы зор. Жақында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласовтың басшылығымен арнайы жиын өтіп, ұйымның келер жылы іске асатын негізгі жобалары таныстырылды.
«Бес жыл ішінде «Жас сарбаз» қозғалысы өз ұстанымын нығайтып, тұжырымдамалық негіздер мен дәстүрлерге ие болды. Бүгінде әскери-патриоттық қозғалыс еліміздің барлық өңіріндегі 280 мыңға жуық баланы қамтып отыр. Қозғалыс тәрбиеленушілері отансүйгіштік рухта тәрбиеленіп келеді», деді генерал-лейтенант М.Таласов.
Одан кейін «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының құрылтайшылар қатары толығып, оларға төсбелгілер мен куәліктер табыс етілді. Қозғалыс активінің кеңейтілген жиналысында қоғамдық бірлестік белсенділерін, педагогтерді, әскери қызметшілерді, азаматтық персонал мен жұртшылық өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Жұмалиевтер және Махметовтер отбасы арнайы «Жас сарбаз алғысы: ата-анаға» аталымын қанжығасына байлады. Ал Роман Огай, Молдабай Сүйіндіков және Владимир Ильгнердің көпжылдық педагогтік еңбегі «Жас сарбаз алғысы: ұстазға» аталымымен аталып өтті. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Алтай қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №8 орта мектебінің директоры Екатерина Путилина мен Павлодар қаласы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Иран Бектеміровке «Жас сарбаз алғысы: тәлімгерге» аталымы табысталды.
«Жас сарбаз» қозғалысының іс-шараларына белсенді қатысқан Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев пен Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі бастығының орынбасары, майор Арман Қалдыбеков «Жас сарбаз алғысы: тәрбиешіге» сыйлығын иеленді. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылатын тақырыптық бейнероликтер мен фильмдерді жасауда көмек көрсеткен Қорғаныс министрлігі Медиа-контент орталығы Монтаждау және дизайн басқармасының бастығы Сәния Садықова «Жас сарбаз алғысы: жанашырға» аталымында жеңімпаз болып танылды.
Жиын барысында Жетісу облысының әскери патриоттық тәрбие жұмыстары жоғары бағаланып, аталған ұйымның өңірлік филиалының төрағасы Айбол Қасенов, алғашқы әскери дайындық ұстаздары Жандос Қанапиев, Федор Гончаров, Дастан Дүйсембеков «Жас сарбаз» қозғалысының мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Қазір Жетісуда Отан алдында борышын өтеуге асыққан жігерлі жастар көп. Оған аталған ұйымның қосқан үлесі зор. Облысқа жұмыс сапарымен келген Қарулы Күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары Департаментінің бастығы, генерал-майор Бауыржан Артықов Үштөбе қаласындағы жинақтау пунктінің құрылыс нысанын аралап көрді. Содан соң облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық жинақтау пункті, Талдықорған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы, Сарқан, Ақсу, Ескелді және Кербұлақ ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерімен танысты. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Владимир Ким атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Сондай-ақ Б.Артықов аудан, қала әкімдерімен қатар жастармен тілдесті. Онда әскерге шақырылған жастар мен жинақтау пункттерінің мәселелері көтеріліп, болашақ сарбаздармен жан-жақты әңгіме өрбіді.
«Әскерге бару – әрбір ер-азамат үшін парыз. Бұл – Отан алдындағы қарызың, үлкен абырой және мәртебе. Қай кезде болсын, отбасыңды, туған жеріңді қорғауға сақадай сай болуың керек. Сондықтан сіздер үшін алдағы біржылдық уақыт – өмірлік сабақ алатын, нағыз азамат болып шыңдалып шығатын маңызды кезең болмақ», деді генерал-майор.
Кездесу соңында департамент, басқарма және бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Жетісу облысы