Құнды еңбек 3 бөлімнен, 22 ғалымның зерттеу жұмысынан тұрады. Тағылымы мол жинақтан М.Жүсіпов, Т.Жұртбай, Д.Ысқақұлы, Д.Әлкебаева, Ғ.Байтілеуова, О.Жұбай, С.Жүсіп, А.Салқынбай, тағы да басқа авторлардың зерттеуін кездестіруге болады.
Кітаптың негізгі мақсаты – Алаш қайраткерлерінің озық идеяларын алыс-жақын шетелдерге де танытып, өміршең қазынаға айналдыру. Кітапта Алаш зиялыларының оқу-ағарту, білім, тәрбие және мәдениет мәселелері бойынша қалдырған мұраларын шетел ғалымдарының туындыларымен салыстыра отырып талданған ғылыми мақалалар топтастырылған.
«Университет – Алаш азаматтарын тәрбиелейтін жер. Ал Алаштың арыстары үнемі халықтың сауатын ашуға тырысқаны ақиқат. Сол себепті бүгін жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматтан сүйінші сұраймын! Біз AlmaU-дың 35 жылдық мерейтойына арнап «Алаш қайраткерлерінің озық идеялары» атты ғылыми жинақты дайындадық. Алаш идеясы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық-мемлекеттік идеясы, жаңашылдық пен жасампаздықтың көшбасшысы болды. Алаш мүддесі мен идеясына адалдық қашан да Қазақстанның саяси, рухани өркендеуі мен өрістеуінің барометрі болып қалмақ. Алашорданың дүниеге келген күнімен Алматы менеджмент университетінің туған күнінің сәйкес келуі бізге үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан да біз Алаш қайраткерлері мен олардың ұлы істерін зерттеп, насихаттауды әрі қарай жалғастырмақпыз. Ағылшын тіліне аударып, бүкіл әлемге тарату жоспары ойымызда. Осылайша, Алаш зиялыларының қайраткерлік жолын халықаралық ғылыми қауымдастыққа танытуды көздейміз», деп атап өтті Almaty management university президенті Асылбек Қожахметов.
Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы Меңдігүл Шыңдалиева жобаға еліміздің 5 қаласынан 10 жоғары оқу орнының мамандары қатысқанын айтады.
«Алаш зиялыларының еңбектерін оқып отырып, олардың Ежелгі Рим, Грекия, Үндістан мен Қытай ойшылдары мұрасымен етене таныс болғанын, сол ұлылардың даналықтарына қанық болғанына көз жеткіземіз. Біздің байқағанымыз, Алаш құндылықтары Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг, Мұстафа Кемалдың күрес жолындағы үндеулерімен, ұстанымдарымен ұштасып, әлемдік саяси оқиғалармен тығыз байланысқан», дейді ғалым.
АЛМАТЫ