Егемен Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2023

«Хат қоржын»

187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Көшеде радио сөйлеп тұр

Өткен ғасырдың 50-60-жылдары аудан орталығында ғана емес, кеңшар, ұжымшар, тіпті ферма орталықтарындағы көшеде саңқылдап радио сөйлеп тұратын шақтарды менің замандастарым ұмыта қоймаған шығар. Радионың көшеде сөйлегені тұрғындарға көңілді әсер қалдыратын. Сол уақытта қазіргі кездегідей әр адамның қолында мобильді телефон жоқ еді. Бірақ ертеңгі күні ауа райының қандай болатынын көше радиосынан естіп, біліп отыратын. Малшы қауымы қыста қатты боран немесе аяз, жазда күшті жел немесе нөсер жаңбыр болатын жағдайларды да радиодан естіп, ерте қамданатын.

Жақында Тасқала ауылының көшесінде сөйлеп тұрған жергілікті радио хабарын естігенде, өткен ғасырдың орта шеніндегі көше радиолары еріксіз еске түсті. Бала кезіміз. Тайпақ ауданындағы Орал қаракөл қой кеңшарының №2 «Қырық-құдық» деген фермасында тұрдық. Ол кезде орталықтандырылған электр желісі жоқ. Әр ферма орталықтарында ДТ-54 тракторының моторы арқылы электр қуаты беріледі. Ал ауылда шағын электр стансасы болды. Қалекеш деген кісі сол шағын электр стансасын кешке қосып, таңертең ағытып тастайтын. Күндіз үйлерде жарық болмайтын.

Қатты аязды немесе боранды күндері мектепте сабақ болмайтыны, ауылға әртістер келіп, концерт қоятыны, кеңшар директоры, партком қай күні келіп ауыл тұрғындарымен жиналыс, кездесулер өткізетіні радио арқылы хабарланып тұратын.

Тасқала ауылында көшеде радио сөйлеп тұрғанын естігенде, көңілің өз-өзінен көтеріліп-ақ қалады екен. Сағымданған балалық шағыңа қайта оралғандай боласың. Тек қай уақытта сөйлеп, қай уақытта сөндіретін жұмыс кестесін анықтаса екен деген тілек айтар едім. Радиодан ел жаңалықтарын, түрлі хабарларды көшеде келе жатып-ақ естисің. Ауылда көше радиосы саңқылдап сөйлей бергей. Тұрғындар мұны жаңа істің жақсы бастамасы деп қабылдап отыр.

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы

 

 

Көңілден шыққан ізгі іс-шара

Үлкен ізгі іс-шара «Жүрек жылуы» деген атпен Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақкөл ауылында өткізілді. №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға менің Марат Көкішев атты ұлым да қатысты. Ол денсаулығына байланысты сол мекемеде арнайы әлеуметтік қызмет алады. Аталған басқосуға шақырту алған соң, біз де барып тамашалаған едік.

Іс-шараға келген ата-аналарды қуана құшақ жая қарсы алып, жылы сөздерін аямаған мекеме қызметкерлерін көріп, көңіліміз орнына түсті. Осы заманға лайықты медициналық аппараттардың көптігін көріп те риза болдық. Жалпы, орталыққа келген ата-аналарға осындағы бөлмелердің жарықтығы, тазалығы, жылылығы, мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандардың елгезектігі, қызмет алушыларды қабілет-қарымына қарай еңбекке үйретулері де жағымды әсер қалдырды. Сөз ретінде мекеме директоры Жалын Рахымжанұлы екенін де айта кеткенді жөн көрдік.

Маған қызмет алушылардың түрлі аутотренингтерге жүрексінбей қатысатындары да ұнады. Ал кеш барысында қызмет алушылармен қатар, ата-аналар да қатысқан ойындарға мекеме директорының өзі де атсалысты. Сонымен бірге еңбекке баулитын ойындар да өте әсерлі әрі мазмұнды болды. Жасы үлкен, кішісіне қарамай, қызмет алушылар мен қызметкерлердің қонақтарға арнап қойған концерті де көңіл толқытты. Қызмет алушылардың ішінде де өнерлі жастар бар екен.

Қысқасы, ауқымды іс-шарадан алған әсеріміз мол болды. Оның үстіне, балаларымыздың сенімді қолда екендіктеріне көңілдеріміз тоғайып қайтты, яғни №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының қызмет алушыларға жасап жатқан ізгі істеріне тек ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Әлима ЖҰМАБАЕВА,

ата-аналар ұйымының мүшесі

 

Жамбыл облысы,

Қаратау қаласы

 

 

Болашақ ұрпақтың сәулетшісі

Кітапхана жұмысы – көзге көріне бермейтін ағысы баяу терең өзен секілді, түсінген адамға жауапты жұмыс. Кітапханашы – жай ғана мамандық емес. Ол – адам баласына бағдар беруші. Егер де қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі жастар алдарына үлкен мақсаттар қойып жатса, мұнда кітапханашылардың да еңбегі бар. Өйткені олар – болашақ ұрпақтың сәулетшісі.

Бүгін елімізде кітапхана ісі бойынша бірнеше оқу орнында мамандар даярланады. Солардың бірегейі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білген, болашаққа нық қадам басатын дарынды, ізденімпаз жастардың қара шаңырағында «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» саласы бойынша 2023-2024 оқу жылында 22 бакалавр, 8 магистрант, 6 ғылым жолын көздеген PhD докторант дайындап шығарылады. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқу түрлері мен мерзімі: орта білімнен кейін күндізгі бөлімде бакалавриат – 4 жыл, магистрант – 2 жыл, докторант 3 жыл білімін жетілдіреді. Мұнда тек отандық оқыту­шылар ғана емес, шетел университеттері ғалымдары да дәріс береді.

Университеттің басты мақсаты – еліміздің ғылымына, экономикасы мен басқа да маңызды салаларына қажетті заманауи, жоғары білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті мықты мамандар буынын қалыптастыру. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағида – университеттің негізгі ұстанымы.

Болашақта еліміздегі кітапхана саласының дамуына өз үлесін қосып, осы мамандықтың қыр-сырын тереңнен меңгеретін, Қазақ­станның бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуына өз үлестерін қосуға ұмтылатын жастарды университеттің түлегі болуға шақырамыз.

Баян АСАНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы,

Ұлпан ЖАПСАРБАЙ,

«Кітапханалық ақпараттық жүйелер»

мамандығының 2-курс магистранты

 

АЛМАТЫ