Бухарестте өткен матчтың ел құрамасы үшін еш маңызы жоқ еді. Себебі біздің жігіттер алға қойған жоспарын күні бұрын орындап, жолдамаға иелік етті. Соған қарамастан командамыздың бас бапкері Кака бұл кездесуге мықты ойыншыларының барлығын қосты. Нәтижесінде, бұл бәсекеде де басымдық таныттық. 8-минутта Шыңғыс Есенаманов есеп ашса, 26-минутта Біржан Оразов екінші голды соқты. Есеп – 2:0.
Сөйтіп, алты бәсекенің барлығында жеңіске жеткен Қазақстанның футзалшылары 18 ұпайды қоржынға салып, жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Отандастарымыз осы жетістігі арқылы келесі жылы өтетін әлем чемпионатында күш сынасу мүмкіндігіне ие болды.