Солардың арасындағы ең құндысы – шілде айының соңында Миланда өткен әлем чемпионатының қола медалі. Оның иегері – Руслан Құрбанов. «Шпагашылардың» сайысында ол мажарстандық Мате Тама Коч пен италиялық Давиде Ди Веролиден ғана қалып қойды. Бұл – отандық семсерлесушілердің дүниежүзілік додадағы тұңғыш жүлдесі. Дәл сол спортшымыз Әлем кубогінің кезеңдік сайысында үшінші орынға табан тіреді. Аталған жарыста Артем Саркисян («сабля») күміс медальды мойнына ілсе, құрамында Руслан Құрбанов, Елмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов сынды сайыпқырандары бар Қазақстан құрамасы («шпага») бас жүлдені олжалады. Бұл бәсекелер Италияның Падуя мен Леньяно және Түркияның Ыстанбұл қалаларында өтті.
Қытайдың Хуанчжоу қаласында алауы тұтанған Азия ойындарының командалық сайысында отандастарымыз бір күміс пен бір қоланы еншілесе, Елмир Әлімжанов үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ Дүниежүзілік универсиадада жеңіп алған қола медаліміз тағы бар.