Алматы • 22 Желтоқсан, 2023

«Көк базардың» еңсесі көтерілмек

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көне шаһардың көзіндей болған Алматыдағы «Көк базардың» қадірін оның байырғы тұрғындары біледі. Енді тарихқа айналып үлгерген, кешегі кеңес өкіметінің тұсында қазіргідей самсаған супермаркеттердің, қаптаған сауда орындарының болмағанына тәуелсіздіктің бедерінде туған балаларды сендіре алмайсың. Жастарды айтпағанда, жұрт білетін, ел баратын дүкендер де саусақпен санарлық болғандықтан, азық-түлік үшін көбінесе «Көк базарға» ғана баратынын өзіміз де ұмыта бастадық.

«Көк базардың» еңсесі көтерілмек

Дегенмен бүгінде осы базарды он орап алатын сауда орындары жеткі­лікті болса да, неге оған жаңғыр­ту жұ­мыстары жүргізіліп жатқанына ерекше тоқ­талуымыздың да жөні бар. Өйткені биыл қалада «Көк базарды» сүреді екен, орнына гипермаркет салынады екен деген сыбыс тара­ған­да, қала тұрғындарының тарихи базарды қиратуға қимағаны рас.

Бірақ базардың тарихи кел­­беті мен оның мәдени құн­ды­лығы сақталынатын бол­ды. Па­вильон­дарды жаңғырту 2023 жыл­­дың шілдесінде басталды, оны 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жос­парланған. Құрылыс-мон­таждау жұ­мыстарын жүр­гізуге ҚазҚСҒЗИ зерттеу қо­ры­­тын­дысы алынды. Қайта құру кезін­де базар штаттық режімде саудасын жалғастыра бермек.

Қала әкімі Ерболат Досаев орталық базардың әбден тозған­дықтан, жаңғырту туралы шешім қабылдап отыр.

Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшы­сы Берік Солтан­баев Алма­ты әкіміне жобаны жүзеге асы­ру­дың кезеңдері мен келе­шегі туралы баяндаған кезде, инженерлік желі­лер­ді қайта құру қарастырылғанын, сау­да алаңдары жаңғыртылып, қас­беті жа­ңар­тылып жатқанын жет­кізді. Соны­мен­ қатар Жі­бек Жолы көшесі жағынан ірге­­­лес аумақты абаттандыру жүр­гізі­ле­ді, жаңа қоғамдық кеңістік – қала тұр­ғын­дары үшін жаяу жүр­гіншілер аймағы пай­­да болады.

«Көк базар» – қаладағы ерекше орын. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтары сауда жасауға келіп қана қоймай, оның ерекше атмосферасын сезінеді. Оның бұзбай сақтап, төбесі жабылған базар жасаған жөн. Бастысы ретке келтіру, бірақ «Көк базардың» қаланың мәдени меншігі және туристік орны болып қалғаны маңызды. Себебі Алматы «Көк базарсыз» – Алматы емес, сондықтан қаламыздың тарихи орталығын сақтауды сұраймын»,  деді әкім Ерболат Досаев.

Бұған дейін, 2017 жылы қала базарла­рын жаңғырту аясында «Көк базарда» жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, ашық кон­тейнерлік қатарлардың орнына ауданы 20 мың шаршы метр болатын жаңа «Қыс­­қы павильон» салынып, оның жартысы сау­да алаңына, екін­ші бөлігі 400 орын­дық екідең­­гейлі автопаркингке беріл­ген еді.

 

АЛМАТЫ