Екі аптаға жуық уақыт бұрын тосын мінез танытқан табиғат жамбылдықтарды бір сынап алды. Екі ауданда төтенше жағдай жарияланып, оннан астам жолаушылар пойызы Шу бекетінде аялдауға мәжбүр болды. Жалпы, екі аудандағы бұрқасын боран кезінде бес мыңға жуық адам құтқарылып, оларға жергілікті билік, ауыл халқы, кәсіпкерлер қолдан келген көмекті аяған жоқ.
Бірқатар бағыттағы жол жабылған уақытта жолаушылардың еңсесі түсті, қамықты, жабықты. Бірақ бұл күні төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері, полиция қызметкерлері жұмылған жұдырықтай іске кірісті. Жолда қалған жолаушыларды жылы ғимараттарға орналастыру, оларды ыстық тамақпен қамту жұмыстарына жергілікті билікпен қатар ауыл азаматтары, кәсіпкерлер де жұдырықтай жұмылды.
Жолаушылар пойызы арқылы мыңнан астам азамат боранды бекет саналған Шу стансасы маңында аялдады. Бет қаритын үскірік аяз бен желдің ызғары оларды әбден қалжыратқан. Түксиген қабақтардан іштегі өкініштің табы аңғарылатындай.
Жанарын мұң шалған отандастарымыздың жанына демеу болуға тырысқан жергілікті азаматтар осы күні күре жолдың бойына да, теміржол бекетіне де асықты. Бірінің қолында самаурын, енді бірінің қолында ыстық тамақ салынған сөмкелер. Жолда қалған жұртты қолдауға асыққан азаматтардың ниетіне жан сүйсінеді. Аудан, ауыл әкімдері де шапқылап жүр. Өз еркімен іске кіріскендер де бар. Бәрінің ниеті де, пейілі де таза, адал. Жұдырықтай жұмылған жұрттың көзінен жанашырлық байқалады. Жаны жабыққан ағайынға қолындағы жылы-жұмсағын үлестіріп жүр. Бойы жылынған жұртқа да тіл бітті. Алғысын жаудырып жатыр.
Жолда қалған жолаушыларға жылы-жұмсағын апарып, ыстық тамақпен қамтамасыз еткен кәсіпкерлердің бірін сөзге тартып көргенбіз. Сабазың басын ала қашты. Неге? Түсіндірді.
«Мұндай жағдайда бірлік керек. Жолға шыққан ағайын елсіз жерде қалмады. Жаратқан ондай қасіреттен сақтасын. Бастысы, бәрі де елдің ортасына жақын маңда жүр. Қазақ қашанда қолда барын аямайтын халық қой. Тарихқа зер салсақ, әр елден ауып келген ағайынға да мейірімін төкті емес пе? Қолындағы нанын бөліп жеді. Онысын міндетсінген жоқ. Ол уақытта жағдай басқаша еді. Қазір мүлде басқа кезең.
Төтенше жағдай кезінде барымызды тығып қаннен қаперсіз жатсақ, адамдығымызға, азаматтығымызға сын ғой. Бір дүние анық. Қолымызда титтей де болса қаржы бар болса, ол бізге Жаратқанның әмірімен бұйырды. Сондықтан бұл жақсылықты Жаратқан жасап отыр деп түсінген абзал. Қайырымдылық Құдайдан. Біз себепшіміз. Онымен мақтануға болмайды», деді ол.
Мұндай сөзді айтқандар аз болған жоқ. Жанарынан мейірім нұры себезгілеген ауылдардағы ағайынның жолда қалған жолаушыларға көрсеткен қамқорлығы біздің де жанымызды тебірентті. Жасаған жақсылығын жарнамалаудан бас тартқан жұрттың кіршіксіз таза көңілі қуантты.
«Мұндай боран болады деп ешкім күткен жоқ. Қазақ қай кезде де қамқорлық жасаудан алдына жан салмайтын халық қой. Бұл сынақта да бірлігіміздің бекем екенін көрсеттік. Қытымыр аязда кез келгеніміз жолда қалуымыз мүмкін. Қиындыққа тап болған жолаушыларға қолдан келген көмегін аямаған азаматтарға тек алғыс айтамыз», дейді Ескі Шу ауылдық округінің әкімі Нұрлан Абашов.
Күре жолдың бойында көліктерін қаңтарып қойған жолаушылар жылы-жұмсағын алма-кезек ұсынған жергілікті жұртпен достасып та үлгерген секілді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дейміз ғой. Бұл да тура соған ұқсас жағдай. Жол бойы. Тіршіліктің исі сезілмейді. Мұндайда жасалған жақсылық кімнің жадынан өшсін?
«Толассыз жауған қар мен ұйытқып соққан жел бізді әбігерге түсірді.Бағытымыз беймәлім. Қайда тұрғанымыз да түсініксіз. Не интернет, не басқа жоқ. Қандай амал қыларымызды білмей тұрғанда барлық құрылымның қызметкерлері қолдан келген көмегін аямады. Ауылдағы жұрт та ыстық тамағы мен қолында барын алып, қолұшын берді. Сол үшін де оларға риясыз алғысымды айтамын», дейді жолда қалған Юлия есімді орыс қызы.
Жел ысқырған сол күндері әлеуметтік желілерде түрлі бейнежазба тарады. Қазақ халқының алғаусыз пейіліне алғыс білдіргендердің қатарында қазақтардан бөлек, әр түрлі этнос өкілдері бар. Олардың бәрі де алғысын жаудырып жатты.
Иә, алғашқы қар Шу мен Қордай халқын әбден састырды. Бірақ жергілікті билік пен жаны жомарт азаматтардың бірлесуінің арқасында жамбылдықтар бұл сыннан да сүрінбей өтті. Азаматтар жұмылған жұдырықтай іске кірісіп, бес мыңға жуық адамды дер кезінде құтқарды. Осылайша, бірлік бар жерде тірлік болатынын аңғартты.
Жамбыл облысы