Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Жауырыны жерге тимеген балуанға түрік пашасы сыйға тартқан қанжардың 111 жылдан соң халыққа таныстырылуы да тегін емес. Үнемі бірінші болған ғой батыр бабамыз. Мұнда да сандардың бәрі бірден басталады», дейді Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров.
Осы уақытқа дейін қолдан-қолға өтіп келген қанжарды Ардақ Назаров біреуден біреуге сатылайын деп тұрған жерінен кездейсоқ байқап қалған. Бірден Кеңес Хамитов есімді кәсіпкерге хабарласып қанжарды сатып алып, мұражайға тапсыруды жүзеге асырған осы кісі. 1912 жылы Мұқан Мұңайтпасұлы бабамыз әлі қажы атанбай тұрып, Ыстанбұлда атақты балуандарды шөкесінен түсіріп, өнер көрсетеді. Сонда қазақ балуанының өнеріне тәнті болған Шағыр паша оған құрмет білдіріп, екеуі қажылыққа бірге аттанады. Сол сапарда батыр Мұқанға разы болған паша осы қанжарды сыйға тартады. Оны қанжар жүзіндегі арабша жазу дәлелдейді. «Ешқашан жеңілмеген балуан Мұқан Мұңайтпасұлына Шағыр пашадан сыйлық. 1330 жыл» деп жазылған. Мұнда уақыт хижра жыл санауы бойынша белгіленгенін ескеру керек.
Бұған дейін белгісіз болып келген қанжар Қазақстанға шетел асып келсе керек. Ыстанбұл билеушісі қанжарды Қажымұқанға 1912 жылы сыйға тартқан. Балуан бабамыздың осы жылы күресіп, атақты түрік балуанын жыққанын және қажылыққа барғанын тарихшылар нақтылапты. Жәдігер сатып алынған соң Президент әкімшілігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып, тарихшы ғалымдар мен қарутанушылар, сирек жазуды оқушылар бірігіп, қанжар Қажымұқан бабамызға тиесілі екеніне әбден көз жеткізген.
«Бұл – өте құнды жәдігер. Атақты балуан тұлғасының жаңа қырларын ашып, жаңаша көзқарас қалыптастыру үшін көп мағлұмат беретін дүниенің Ұлттық музейге тапсырылғаны өте дұрыс болды. Осындай затты түріктің ел билеушісі біздің атақты тұлғамызға сыйлағандықтан, мемориалдық зат ретінде тарихи һәм мәдени құны өте жоғары.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы бодандық заманның өзінде қазақ күресін дүние жүзіне танытты. Сондықтан бұл кісі – қазіргі қазақ күресі мен цирк өнерінің бастауында тұрған тұлға. Ол кезде балуандар күресіп қана қоймай, циркте ойын көрсеткен. Әртүрлі ауыр заттарды көтеріп, беліне салып бұраған, тағысын тағы. Кейін ол кеңес өкіметі кезінде осындай өнер көрсете жүріп, түскен ақшаға ұшақ сатып алып, Екінші дүниежүзілік соғысқа жөнелткені белгілі», дейді этнограф, қарутанушы Халиолла Ахметжан.