Зерттеушілер дерегіне сүйенсек, 1951-1952 жылдардағы мәліметтер бойынша ҚазақКСР-нің 14 облысында 26 лагерь бөлімі мен бөлімшесі жұмыс істеген. Соның бірі – Каспий теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Гулаг жүйесіне қараған «Прорва» (Астрахан) еңбекпен түзеу лагері.
Қазір мемлекет тарапынан тарихтағы ақтаңдақтарды зерттеуге жан-жақты мүмкіндік жасалып отыр. «Прорва» (Астрахан) еңбекпен түзеу лагерінің тарихын зерттеуге де арнайы жоба себепші болды. Зерттеуші ғалымдар Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған конкурсты ұтып алғаннан кейін осы тақырыппен арнайы айналысуға қол жеткізді. Жоба «Гулаг жүйесіндегі Прорва және Астрахан лагерьлері: тарих, естелік, тағылым (1932-1950)» деп аталады. Жоба құрамына Ұлжан Ахметова, Мұқтар Әбілсейіт, Амангелді Жұмабаев, Серікжан Исмаилов еніп, олар архивтегі лагерь деректерімен танысады. Осылайша, ғылыми журналдарда бірнеше мақала жариялап, «Прорва» (Астрахан) еңбекпен түзеу лагерінің құпия құжаттарын ашып, зерттеулер жүргізген. Оған 30 жыл бойы сталиндік лагерьлер тарихын зерделеумен айналысқан ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы Галина Иванова да қатысқан.
– Жобаның мақсаты КСРО көлемінде Гулаг жүйесіне енген «Прорва-Астрахан» еңбекпен түзету лагерінің тарихын, атқарған қызметін, онда ұсталған тұтқындардың қилы тағдырын зерттеп, өткеннен тағылым алуды көздейді. Бұл тақырыпқа кездейсоқ келген жоқпыз. Бірнеше жыл қатарынан архивтерде зерттеулер жүргізген кезеңде кейбір кеңестік дәуірдің тарихи оқиғалары белгісіздікке тірелген шешімі жоқ сұрақтар табылды. Гулаг жүйесіндегі «Прорва» (Астрахан) лагерінің тарихы туралы ізденістер 2020-2022 жылдар аралығында Атырау облысы мемлекеттік архиві, Атырау облысының полиция департаменті Арнайы мемлекеттік архиві, Ресей Ішкі істер министрлігінің Астрахан облысы департаментінің ақпараттық орталығы жанындағы архив, Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік архиві, Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Мемлекеттік архиві және одан өзге бірнеше архив және кітапхана қорларында жүргізілді. Зерттеу нәтижесінен белгілі болғандай, Қазақстанда құрылған КСРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының 1932 жылдың 5 қыркүйегіндегі №858/с бұйрығымен Каспий теңізіндегі Прорва аралында «Прорва» еңбекпен түзету лагерін құру туралы шешімі қабылданыпты. Зерттеу барысында лагерь алғаш Прорва аралында (қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданының аумағында) құрылуына орай «Прорва» еңбекпен түзеу лагері деп аталып, кейін 1940 жылы теңіздің жағалау суы таязданып, айлаққа кеменің келе алмауына байланысты балық аулау шаруашылығы тоқтаған. Одан әрі балық аулаудың басты нысаны ретінде Әзербайжан мен Астрахан аралығындағы траектория таңдалғандығын білдік. Осыған орай аты «Астрахан» еңбекпен түзеу лагері деп өзгертілген. Яғни бір лагерь 1932 жылдың 5 қыркүйегінде «Прорва» еңбекпен түзеу лагері атымен құрылып, 1940 жылға дейін жұмыс істеген. Одан әрі лагерьдің атауы 1940 жылы арнайы жарлықпен «Астрахан» еңбекпен түзеу лагері деп өзгертіліп, 1950 жылдың 9 қаңтарында жабылған. Әрі қарай лагерь колонияға ауысқан. Әйтсе де тарихи құжаттарға қарасақ, «Астрахан» еңбекпен түзеу лагерінің тұтқындары 1953 жылы И.В.Сталин дүниеден өткеннен кейін ғана амнистияға ілініп, босатылғанын, оған дейін сол күйі қызметін жалғастырғанын байқаймыз, – деді Ұлжан Ахметова.
«Прорва» еңбекпен түзеу лагерінің орталығы 1932 жылы Астрахан қаласы болған. Одан кейін Сталинград шайқасы тұсында майданның жақындығына байланысты 1941 жылы Гурьевке ауысады. Алайда 1942 жылдың наурызына қарай қайтадан Астрахан қаласына көшіріліпті. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Прорва-Астрахан» лагерьлерінің ірі 4 бөлімі болған. Олар – «Прорва», «Астрахан» (Мумра), «Бұрыншық», «Гурьевлаг». Бұған қоса бірнеше бөлімшесі мен лагерь пункттері колонияларға ауысқан. Ұ.Ахметованың айтуынша, жалпы еңбекпен түзеу мекеніндегі тұтқындар саны әр жылдарда 2 мыңнан 11 мыңға дейін жеткен. Еңбекпен түзеу лагеріне ұжымшар, кеңшар шаруашылығын ұйымдастыруға қарсы болған, бай, кулак деп танылғандар, Алаш қозғалысына қатысушылар, яғни кеңес дәуірінің бүкіл санатындағы кеңес өкіметіне қарсы шыққан, «жау» деп есептелінген адамдардың барлығы қамауға алынған. Тіпті балық шаруашылығының кәсіби мамандары да арнайы осы лагерьге қызметке жіберілген. Тұтқындар балық шаруашылығымен қоса лагерь аумағындағы әкімшілік-шаруашылық нысандар құрылыстары мен азаматтық құрылыс нысандарында жұмысқа жегілген. Олар «Баку – Гурьев – Қандығаш» мұнай құбырының құрылысын салуға да қатысқан. Сондай-ақ азық-түлік дайындаумен, бау-бақша және мал шаруашылығымен де айналысыпты.
2021 жылы 21-25 шілде күндері зерттеушілер жоба аясында «Торус» компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп, «Сарайшық – Прорва – Бұрыншық – Атырау – Сарайшық» экспедициясына шықты. Олар Гулаг жүйесіне қараған «Прорва» (Астрахан) ЕТЛ бөлімінің «Прорва» лагері, «Гурьев» лагері, «Бұрыншық» лагерьлік пункттерінің орналасқан жерін тауып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
– Біздер алдымен архив құжаттарынан анықтап алып, одан кейін Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы Прорва аралында орналасқан лагерь (қазіргі Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Морской» кен орны маңы), Каспий теңізі Бозашы түбегіндегі «Бұрыншық» лагерьлік пункті (қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы), келесі бөлімі «Гурьевлаг»-тың орындарында (қазіргі Атырау қаласындағы Авангард №2, №3, №4 шағын аудандарынан Еркінқала, Ракуш аумағына дейін) зерттеулер жүргіздік. Осылайша, «Прорва» еңбекпен түзеу лагерінің орнына барып жұмыс істедік. Алдымен лагерь құрылысының сызбасы дайындалып, одан кейін лагерь тұтқындарына салдырған. Медициналық пункт, негізгі басқарма орны, балық сақтайтын, балық тұздайтын, тағы өзге де нысандарын тұтқындар өздері тұрғызған. Экспедиция кезінде табылған нысандар архив құжаттарымен сәйкес келгендігін баса айтуымыз қажет. Ол жерде тек тарихшылар ғана емес, археологтер, топограф, географ және қазіргі «Торус» компаниясының қызметкерлері жұмыс істеп, аэроғарыштық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Лагерь орнынан деректік материалдық ескерткіш құжаттарын таптық. Атап айтсақ, тұтқындардың қолданған бұйымдары: қасық, ыдыс және түрменің темір қоршаулары, түрлі балық аулау құралы: торлар, аулар және айлақтың негізгі құрал-жабдықтары, тағы өзгелерін кездестірдік. «Прорвада» тұтқындардың ұста шеберханасының орнын анықтадық. Оның орнынан табылған етіктің нәлдеріне қарап, ер, әйел адамның, тіпті балалар етігінің нәлдерін анықтадық. Сол жерде балық аулайтын құралдар, торлар, аулар және айлақтың негізгі құрал-жабдықтары әлі де жатыр екен, – деді зерттеуші.
Жалпы, КСРО НКВД Гулаг жоспарлау бөлімінің басшысы Ломакиннің мәліметі бойынша «Прорва» лагері балық аулауда мемлекет жүктеген жоспарларын орындай алмаған. 1937 жылы – 119,1 мың, 1938 жылы – 94,5 мың, 1939 жылы 102,0 мың центнер балық ауланады. Біртіндеп «Прорва» лагері аумағынан балық аулау жоспарын орындау қиындай түседі. Оның үстіне Каспий Прорва аралынан қашықтап, таяздай бастайды. Сондықтан лагерь өзіне бөлінген аумақтан тыс «акватория» учаскелерінде бір жыл бойы балық аулаған. Сол аралықта ауыр еңбектен бірнеше адам өлім құшқан. Бұған қоса саяси тұтқындарға төсек орындары мен киім-кешектерінің жетіспеушілігіне байланысты түрлі ауру асқынған, оған медициналық көмек жеткілікті деңгейде көрсетілмеген. Зерттеушілер архив құжаттарына зер сала отырып, «Прорва» немесе Астрахан лагерінде адам өлімінің көбеюі 30-жылдармен салыстырғанда 1941 жылдың 4-тоқсаны және 1942 жылдың 1-тоқсанында көп болғанын байыптады.
Жоба нәтижесінде «Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы лагерь жүйесі (1932-1953)» атты құжаттар және материалдар жинағы жарық көрген. Арнайы сайт әзірленіп, еліміздегі еңбекпен түзеу лагерьлерінің интерактивті картасы жасалып, онда қолда бар архив деректері негізінде мәліметтер жинақталған. Сайттан «Прорва» (Астрахан) еңбекпен түзеу лагері туралы жинақталған мәліметтерді кезіктіруге болады.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Атырау облысына қарасты Жылыой ауданы әкімшілігімен бірлесе Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы Прорва аралына, лагерьдің алғаш құрылған орны –Прорва өндірісіне баратын тасжол бойына қуғын-сүргін көрген саяси тұтқындарға арналып, ескерткіш белгі орнатылған.