Қоғам • 26 Желтоқсан, 2023

Ғалымдардың тұрғын үй бағдарламасы

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баспана алу үшін ғалымдарға қолжетімді кредит беретін бағдарлама іске қосылды. Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банктің» бірлескен жобасы.

Ғалымдардың тұрғын үй бағдарламасы

– Біздің министрлік пен «Отбасы банк» бірлесіп алғаш рет ғалымдарға жеңіл­детілген кредит беретін тұрғын үй бағ­дарламасын әзірлеп, іске қосты. Аталған жоба біраз пысық­та­лып, шарттары мен талап­тары алдын ала тал­қы­ланып, қазір нарыққа ұсынылды. Қанат­қақ­ты жоба банктің қаржысына іске асырылып отыр. Негізі елімізде жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған бірқатар жоба бары белгілі. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырылған бағдарламалар аясында да біздің мамандар үйлі болып жатыр. Ал бұл жолғы жобаны банктің ғалымдарға қолдауы ретінде қабылдау керек. Министрліктен аталған бағдарламаға қатысушы ғалымдар арасында салааралық басымдықтар берілетінін я берілмейтінін сұрап жатқандар көп. Мұндай басымдық жоқ. Министрлікке қарасты ғылы­ми ұйымдардың зерттеу салалары әртүрлі болғанымен, қызметкерлердің бәріне тұрғын үй бағдарламасына қатысуға бірдей мүмкіндік берілген, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Зәки.

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибра­ги­мова желтоқсан айының басынан «Қазақ­станның жас ғалымдары» бағдарламасы бо­йынша өтінім қабылдау басталғанын айтты. Бағдарлама академиялық ғылыммен айналысатын жас ғалымдарға арналған. Бір сөзбен айтқанда, іргелі ғылыммен айналысып жүрген зерттеушілерге бағытталған.

– Зерттеулер көрсеткендей, академиялық ғылымда қашан да жас кадрлар тапшылығы байқалады. Қазір бұл бағытта жұмыс істейтін жас ғалымдардың өтініштерін қабылдап жатырмыз. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет субъектісін аккредиттеу туралы куәлігі бар 29 жоғары оқу орнының және 24 ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымның қызметкерлері қатыса алады. Бағдарлама «Отбасы банкінде» жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен кредит алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар 20 миллион теңгеге 19 жылға дейінгі мерзімге баспана ала алады, – деп нақтылады Л.Ибрагимова.

Осылайша, жас ғалымдар баспанаға қол жеткізіп қана қоймай, елімізде академиялық жұмыстарын еш алаңсыз жалғастыра алады. Мысалы, жас ғалым 20 млн теңгеге пәтер сатып алса, алғашқы 8 жылдағы ай сайынғы төлемі 155 мың теңгеге тең болмақ. Осы кезеңнен кейін тұрғын үй кредитіне көшеді және кейінгі 11 жылдағы ай сайынғы төлем 84 мың теңгеден болады.

– Бағдарламаға Ғылым және жоғары білім министрлігіне ведомстволық бағынысты және ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының 40 жасқа дейінгі жас ғалымдары (40 жасты қоса алғанда) қатыса алады. Баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғылыми жобалар мен бағдарламаларға, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысқан, магистр дәрежесінен төмен емес және ғылыми-зерттеу жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуға тиіс. Бұл жерде өтінім берушілер арасында ешқандай кезек болмайды. Олар ғылыми ұйымның басшылығынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде жолдама алып, біздің банкке жүгінеді, – дейді «Отбасы банк» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай.

Белгілі болғандай, қатысушы төлем қабілетін растағаннан кейін 3 айдың ішінде алғашқы немесе қайталама нарықтан өзі іздеп тапқан үйді алады. Бастысы, үй алуға өтінім берген жас ғалымның, сондай-ақ отбасы мүшелерінің атында кейінгі 5 жыл ішінде үй болмауға тиіс. Үй алушының тұрғылықты жеріне және үйді қайдан алатынына шектеу жоқ. Айталық, Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген ғалым үйді Астанадан да ала алады. Келісімге сәйкес, «Отбасы банк» жас ғалымдарды кредиттеу үшін 5 жыл ішінде шамамен 16,6 млрд теңге бөледі.