Осыдан 2 жыл бұрын Маңғыстау облысына жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық маңызы бар «Бейнеу – Бозой – Шалқар» жолын бастауды тапсырғаны белгілі. Содан бері жоба көп талқысына түсіп, бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қызылордалықтардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне қосылатын бұл күре жолдың Арал ауданы Сексеуіл кенті арқылы жүргізілгенін қалайды. Өйткені жол Шалқар ауданы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің 1 153 шақырымындағы қиылысына қосылған жағдайда, оның жалпы ұзындығы шамамен 825 шақырымды құрайды. Ал Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кенті тұсындағы халықаралық дәліздің 1 337 шақырымынан түссе, ұзындығы 505 шақырым болады.
– Бұл жолдың Сексеуіл стансасы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіне 1 337-шақырым тұсынан қосылуы төте болмақ. Жолдың осы бағытта салынуы Қызылорда ғана емес, еліміздің оңтүстігі мен орталығының Атырау, Маңғыстау облыстарымен байланысын жақсартып, Каспий жағалауындағы туризм нысандарын пайдалану тиімділігін арттырады. Атырау арқылы Ресейдің Астрахан облысына жүк тасымалын жеделдетеді. Сонымен қатар Маңғыстау, Атырау өңіріне вахталық жұмысқа баратындардың көлік қатынасы, олардың қауіпсіздігі бір жүйеге түседі. Бейнеуден Сексеуіл аралығындағы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын жағалай түскен техникалық тасжол бар. Едәуір қысқа болғандықтан көптеген көлік жазда Ақтау мен Атырауға осы жолмен қатынайды. Егер күре жол түссе, келешекте мұнай-газ компанияларының бұл тасжолды ұстап тұру шығындары да жойылады, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
Жергілікті азаматтар Автомобиль жолдары комитеті тапсырысымен әзірленген жобалар арасында «Бейнеу – Бозой – Шалқар» бағыты бойынша – 4, ал Сексеуіл арқылы жалғыз нұсқа жасалғанына наразы.
Мәселені зерттеп жүргендердің пікірінше, жоба қазіргі нұсқада қабылданса, трассаның Арал – Ырғыз бөлігіндегі көлік жүктемесін күрт арттырып жібереді. Осы мәселені көтеріп жүрген сексеуілдік ардагер теміржолшы Өмірсерік Жанұзақов бұған дейін де Сексеуіл арқылы өтуге тиіс теміржол бағыты Бейнеу – Шалқар болып өзгеріп кеткенін айтады. Қазір осындай ойланбай жасалған олқылық зардабын тартып отырмыз деген маман Сексеуіл мен Бейнеу арасын қосу нұсқасының тиімділігіне назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, автожол Шалқар арқылы Бейнеуге тартылса, кезінде қате қабылданған теміржол жобасының тағдырын қайталайды.
Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін де осы бағыт тиімді. Рас, олар үшін оңтүстік бағытқа Бейнеу – Сексеуіл арқылы жүрген Ақтөбе жолынан 500 шақырымға қашық. Бірақ батыстан қатынайтындар үшін Ақтөбе мен Ырғыз аралығындағы жол қыста қар басып, көктайғаққа айналатындықтан Бейнеу – Сексеуіл бағыты қауіпсіз.
Жуырда Арал ауданында «Бейнеу – Бозой – Шалқар» автомобиль жолының құрылысы» техникалық-экономикалық негіздемесінің техникалық шешімдері бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, оған аудан әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары, жобалаушы «Қазжолжоба» ЖШС өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдауда аудан әкімдігінің өкілдері жобаны Қызылорда облысы Арал ауданы арқылы іске асыру ең алдымен аудан орталығынан шалғайда орналасқан, экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жағынан кенжелеп қалған Қосаман, Ақеспе, Құланды мен Ақбасты секілді ауылдық округтер мен елді мекендердің халқының әлеуметтік жағдайларына, тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп, олардың дамуына серпін беретінін атап өтті.
Жыр болған жол жобасына байланысты Үкімет басшысының атына Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесі де ұсыныс жолдады. Қоғамдық кеңесте күре жолдың Сексеуіл арқылы түскенін қолдайтын Алматы, Түркістан облыстық қоғамдық кеңестерінің қолдау хаттары бар. Бастама көтеріп жүргендер «Атырау, Маңғыстау облыстарында қоғамдық тыңдаулар өткізілгені жөн болар еді», деген пікір айтады.
Бұл мәселе жуырда ғана облысқа сапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың тұрғындармен кездесуінде де айтылды. Ұзақ жылдар Арал, Қызылорда, Жаңақорған аудандарын басқарған белгілі азамат Нәжмедин Мұсабаев, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев, ардагер Өмірсерік Жанұзақов, Арал ауданынан арнайы келген өкілдер кездесуден кейінгі жеке қабылдауда министрге ұсыныстарын жеткізді. Министр де өз сапарының мақсаты елмен кездесіп, осындай проблемаларды күлбілтелемей, оны шешудің жолын кеңесу екенін айтып, бастамашыл топ пікірін мұқият тыңдады. Жеке қабылдауда министр мен жергілікті азаматтар мәселені келер жылдың басында тағы қоғамдық талқылау алаңына шығаруға келісті.
Қызылорда