Экономика • 26 Желтоқсан, 2023

Қарызын 90 күн бойы төлемеген тұлғаларға қайта несие берілмеуі мүмкін

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер таныстырылды. Жиын Қаржы және бюджет комитетінде вице-спикер Дания Еспаеваның төрағалығымен өтті, деп жазады Egemen.kz.

Қарызын 90 күн бойы төлемеген тұлғаларға қайта несие берілмеуі мүмкін

Заңнамалық түзетулер бойынша Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев баяндама жасады. Ол заң жобасын әзірлеу кезінде депутаттар негізгі жеті бағытты қамтығанын атап өтті.

Біріншісі – қарыз алушы несиелерінің өсуіне жол бермеу.

«Проблемалық несиелері бар азаматтардың борыштық жүктемесінің артуына жол бермеу үшін, біріншіден, несиелер мерзімі 90 күннен асатын болса, кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу ұсынылып отыр. Екіншіден, мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға қарыздары бойынша үстеме есептеуге тыйым салу. Өйткені мұндай азаматтар қиын өмірлік жағдайға тап болғандықтан қарызды қайтара алмайды», деді М.Такиев.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында баспанасынан шығаруға тыйым салынбақ. Сондай-ақ банк омбудсменіне азаматтардың барлық (тек ипотекалық емес) несиесі бойынша дауларды шешуді міндеттеу ұсынылады, бұл ретте оның шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар үшін міндетті болады.

Заң жобасында азаматтардың несиелер бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету, сондай-ақ алаяқтықты азайту да қамтылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының банктердегі стресті активтер деңгейін төмендету, бизнесті несиелендіру қолжетімділігін, оның ішінде бірлескен және синдикатталған несиелеу тетіктерін пайдалану арқылы кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бөлімдер де бар.