Жеңіл атлетика • 27 Желтоқсан, 2023

Желаяқтар Астанада жарысады

116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

27 қаңтарда жеңіл атлетикадан Астанада өтетін World Athletics турни­рінде сырықпен секіруден Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем мен Еу­ропаның екі дүркін чемпионы, дүниежүзілік рекордты сан мәрте жаңартқан швециялық саңлақ Арманд Дюплантистің өнер көрсететіні жайында біз бұған дейін де жазғанбыз.

Желаяқтар Астанада жарысады

Қазақтың даңқты спортшысы, желмен жарысқан желаяқ Әмин Тұяқовтың құрметіне ұйымдастырылған дүбірлі додаға Арманд Дюплантистен басқа да көптеген дүлдүл келмекші. Жақында Гудаф Цегай мен Арне де Грасс сынды әйгілі жеңіл атлеттердің осы жарыста бақ сынайтыны белгілі бол­ды. Ал сол атағы алысқа тараған сақа спорт­шылар жайында біз не бі­леміз?

26 жастағы Гудаф Цегай Эфиопияда дүниеге келді. 2021 жылы Токио Олим­пиадасында 5 000 метрге жүгірген ол қола медальды мойнына ілді. Бұл жарыста қара құрлықтың өкілі өзінің бұрынғы отандасы, қазіргі кезде Нидер­ландтың намысын қорғап жүрген Сифан Хассан мен кениялық Хелен Обириден ғана қалып қойды. Әлем чемпионатында Гудаф жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алды. Яғни 2019 жылы Дохада қола алса, 2002 жылы Орегонда күміспен күптелді. Бұл жарыстарда ол 1 500 метрлік сайыста бақ сынады. Биыл Цегай 10 000 метрлік қашықтықты 31 минут 27,31 секундта жүгіріп өтіп, алтыннан алқа тақты.

Арне де Грасс 29 жаста. Ол Кана­даның Торонто қаласында туып-өсті. 100 бен 200 метрге жүгіру және эс­тафеталық сайыста Арне толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, Рио-де-Жанейро мен Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола олжалады. Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 1 кү­­міс және 3 қола медальды қоржынға сал­ды. Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы деген атағы тағы бар. Әсіресе Арне де Грасс 200 метр­ге өте керемет жүгіреді. Мәселен, дәл осы қашықтықта Үйеңкі жапырақтары елінің өкілі Рио олимпиадасында даңқы жер жарған Усейн Болттан ғана қалып қойса, Токиода шашасына шаң жұқтырмады.

Естеріңізге сала кетейік, World Athletics турнирлер сериясы 27 қаң­тар­да Астанадан бастау алып, 23 ақ­панда Мадридте өз мәресіне жетеді. Сол аралықта жеті турнир өткізіледі. Әр турдың қорытындысы бойынша көп ұпай жинаған спортшы жеңімпаз деп жарияланып, олар 10 мың доллар көлемінде сыйақы алады.