Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қайта назар аударып, онда отбасы институтын дамытудың және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетудің отандық моделін нығайтуды тапсырды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясы гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асырды, гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру күн тәртібінен тыс қалған емес.
Халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте әйелдер үлесі біршама артты. Кемшін тұстар жоқ емес, тек оны жүзеге асыру – уақыт еншісінде.
Халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр. «Әлемдегі ең бақытты елдер» рейтингінде көш бастап тұрған Финляндияның 18 адамнан құралған министрлер кабинетінің 10-ы әйел. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әл-ауқаты мықты Исландияның үкіметін әйел басқарады. Ал халықтың жартысынан астамын құрайтын біздің елде әйелдер неге саясатта да 50 пайыз орын алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Білімі жетпей ме? Білігі жетпей ме? Қарым-қабілеті аз ба?
Ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, мемлекеттік қызметтегі кем дегенде 30 пайызы басшы әйелдер болса, ол адами капиталдың дамуына, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң ықпалы бар.
Гендерлік теңдік – елдегі әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, саяси бағытта да белең алуға тиіс құбылыс. Ол әлдебір «жеңілдіктер», квоталар не «болуға тиіс» деу үшін арналған жағдаяттар емес, кәдімгі әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігінің арқасында орындалатын үрдіс. Ол үшін алдымен, қоғамдық институттардың басында тұрған саяси партияларда әйелдердің саны көптеп саналуға тиіс. Одан бөлек, аудан, ауыл-аймақ әкімдеріне де тұрғылықты жердің белсенді, іскер әйелдері тартылуы керек. Үкімет басшысына осы мәселені қозғайтын депутаттық сауал жолдадық.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданына, Алматы облысындағы Ұйғыр ауданына әкім әйел тағайындалды. Бұл көрсеткіш арта түседі. Тек қолдау мен сенім керек. Ауылдық елді мекендерде өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларын қорғап, оларды тұрақты дамыту бойынша ұсыныстары үшін шалғайда жатқан екі елді мекеннің әйел ауыл әкімі үздік деп танылды. Қазір 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланың бірінші басшыларының 75 орынбасары болса, оның 4-еуі әйел. Бұл 5,3 пайызды құрайды. Қазақстан бойынша 15 әйел ауыл әкім бар, ал 421 басқарманы 75 әйел басқарады, яғни 17,8 пайыз үлесті құрайды. Бұл көңілге су сепкендей көрсеткіш, бірақ жақсыға ұмтылу, биікке талпына – әйелдер үшін мотивация.
Еліміз әйелдер үшін өмір сүру сапасын жақсарту және барлығына тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған прогрессивті саясат пен реформаларды дәйекті түрде жүргізеді. Іргелі халықаралық актілерді ратификациялап, әлем өркениеті көшімен бірге ілгері келеді. Астана қаласында өткен Орталық Азия елдері әйелдерінің диалог алаңы осыған дәлел. Орталық Азия халықтарының әйелдері бас қосатын алғашқы ауқымды іс-шараға биыл Қазақстан жетекшілік етті. Әйелдердің инновациялар мен технологияларды дамытудағы, бейбітшілік пен қауіпсіздікті, гендерлік зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне қатысты бірқатар іс-шараны енгізді.
Қазір қоғам әйел сұлулықтың, қамқорлықтың, үй жылуының нышаны ғана емес, қайсарлық пен қайраттың да тұлғасы екенін жақсы түсінді. Әйелдер отбасы ғана емес, бүкіл қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Республикада 4,3 миллион жұмыс істейтін әйел болса, бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығында да аянбай еңбек ететін әйелдердің үлесі артқан. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде жарты миллионнан астам әйел қызмет атқарады. Олар мал, жылыжай шаруашылығымен, егіншілікпен, азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысады, аграрлық ғылымды қатар меңгеріп жүргендер де бар. 35 пайыздан аса әйел ауылда тұрады. Ауыл әйелдері – еліміздің тірегі және қазіргі қазақ қоғамында елеулі күш. Орталық Азия әйелдерінің басқосуы гендерлік саясат ұстанымына жаңа серпін берді.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңейту жолында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ауқымды жобалар жүзеге асты. Елімізде әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Дегенмен, ауылдық жерлерде тұратын әйелдер үшін қоғамдық, мемлекеттік ресурстар мен көрсетілетін қызметтер әркез қолжетімді емес. Сондықтан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ауылдық жерде тұратын әрбір үшінші әйел өзін өзі жұмыспен қамтыған және табиғи өнімнен түскен табыспен күн көреді. Әйелдердің белсенді рөлі шағын және орта бизнесте байқалады. Гендерлік стратегияны іске асырғанға дейін бизнестегі әйелдер үлесі 38 пайызды құраса, ШОБ субъектілерін басқаратын әйел үлесі 40 пайыздан асады. Сондай-ақ әйелдер арасында саяси көшбасшылық артып, тұлғалық дамуды қалап, іскерлігі мен біліктілігін нығайтуға мән берген нәзік жандар қатары көбейді. Аудандар мен ауыл әкімдерін сайлау барысында осындай сауатты, саяси өзгерістерге дайын, жергілікті билікте жауапты лауазымды атқаратын әйелдер резервін дайындау қажет. Ол үшін ауылдық жерлерде әйелдердің біліктілігі мен білімін арттыру, сауаттандыру ісін қолға алу маңызды. Неге, ауыл деп ерекшелеп отырмыз. Өйткені ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі. Руханиятымыздың темірқазығы. Ауылдардың жойылып кетпеуіне де бір адамдай септесіп отырған, әрине, қазақ әйелдері.
Әрине, әлі де сынап-мінейтін мәселелер, олқылықтар жетіп артылады. Гендерлік саясатты жүзеге асыру барысында жұмыс орындарын құру кезінде, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын іске асыруға қаржы бөлуде гендерлік аспектілер ескерілмей қалады. Әйелдердің бір бөлігінің үйдегі отбасылық міндеттерді орындау мақсатында еңбек қызметінен бас тартуы салдарынан экономикадағы әйелдер әлеуеті толық көлемде есепке алынбайды. Қазіргі уақытта қанша әйел арман-мақсаттарын үй тірлігінің артына жасырып, өз мансабы мен қалауын отбасы бақытына айырбастады. Ендеше осындай құрбандыққа барған әйелдің сұранысы мен талғамы қанағаттандырылуы қажет. Болашақта бұл әйелдерге өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беріп, түрлі салада жаңа жетістіктер мен мансаптық өсу үшін уәждемелік ынталандыру керек.
Қарақат ӘБДЕН,
Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі