Президент • 27 Желтоқсан, 2023

Ынтымақтастық пен ықпалдастық үдерісі

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.

Ынтымақтастық пен ықпалдастық үдерісі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшы­ларының бейресми кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Иль­хам Алиев, Армения Премьер-м­инистрі Никол Пашинян, Беларусь Пре­зиденті Александр Лукашенко, Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжік­стан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Жиын барысында ТМД елдерінің көшбасшылары Ұйым қызметінің басым бағыттарын, өзара тиімді ынтымақ­тастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәсе­лелері жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елге сапары кезінде Ресей Пре­зиденті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Прези­денті Сердар Бердімұхамедов және Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысандарды аралап көрді.

ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсиясы «Павловск» мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы «Грек залы» амфитеатрында «Северная симфония» концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Содан кейін мемлекеттер басшылары «Царское село» музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. «Царское село» сарай-саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнер­ді айшықтайтын ескерткіш. Орыс им­пера­торларының бұрынғы жазғы резиден­циясы – Ресейдегі халық көп баратын му­зейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізігі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан.

Президенттердің үшінші экскурсия­сы «Петергоф» мемлекеттік музей-қоры­ғының Үлкен Петергоф сарайында жалғасты.

Делегация басшылары сәндік-қол­дан­балы өнер бұйымдары, мүсін және кескіндеме өнерінің туындылары мен жиһаздар қойылған бірегей сәулет ескерт­кішін тамашалады.

Петергоф музей-қорығы 33 музейден, 414 гектар аумақты алып жат­қан саябақтар мен бақтардан және 150-ден астам субұрқақтан тұрады. Субұрқақ жү­йесі тарихи және мәдени ескерт­кіш ретінде бірегей саналады. Инженерлік шешімнің арқасында су 300 жыл бұрынғыдай биіктік пен әртүрлі деңгейдегі субұрқақтар арасынан табиғи түрде құлай ағып жатыр. Сондықтан Петергоф субұрқақтары сәуірдің аяғынан қазан айының ортасына дейін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.