Мектеп директоры Руслан Баймұқашевтің айтуынша, былтыр қарашада өнерге бейімі бар оқушылардан ұлт-аспаптар ансамблі құрылған. Қазір оның құрамында 15 оқушы бар. Өнерлі өрендердің үлкені – 9, кішісі – 7 жаста. Жақында балғын өнерпаздар ансамблі «Біз – тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» атты есептік концерт берді.
«Ұлттық өнерге талпынысы керемет оқушыларға қолдау білдіруді көздедік. Сол себептен, былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен ұлт-аспаптар ансамблін құрған едік. Осы мақсат үшін музыкалық аспаптар сатып алынды. Өнерлі оқушыларымыздың қатары көбейіп келеді. Оқу жылының соңында 30 оқушымен тағы да концерт беруді жоспарлап отырмыз», дейді Руслан Баймұқашев.
Ансамбль құрамындағы оқушылар түрлі аспапты меңгеріп алған. Өнерпаз оқушылар домбыра, асатаяқ, жетіген, бубен, кахон секілді аспаптармен қазақ композиторларының ән-күйлерін, әлем классиктерінің туындыларын орындап жүр.
Атырау облысы