Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мейлі, әркім өз пікіріне ие. Ғарифолла Есімді шамдандырған – «Пифагор» да, Бенеке де, жалпы Батыс та, тіпті өзі 25 жыл диаматтан дәріс оқыған материализм де, жалпы абайтану тағдыры да емес, аталған мақаладағы мына пікір: «Абайтану ілімі пайда болғаннан бергі жүз пәленбай жыл болғанына, Абайдың тек қана философиялық-психологиялық көзқарасына қатысты отыздан астам докторлық және кандидаттық диссертация қорғалғанына қарамастан, (бұларда философтардың, соның ішінде Ғ.Есімнің де аты-жөні, еңбегі көрсетіледі. – Авт.), олардың бірде-біреуі Абай анықтап тұрып атап өткен «жан қуатын»: «Подвижной элемент», «Сила притягательная однородного», «Впечатлительность сердца» деп үшке бөлген анықтаманы кім жазғанын, Абай бұл түйінсөздерді қайдан алғанын, онда не айтылғанын көрсетіп бере алмаған. Зады, философ ғалымдар дәйексіз сөзден дәрмені таусылып, шарасыздығын мойындаған сияқты... Бұл үш терминнің-түйінсөздің төркінін таппастан, онда Абайдың философиялық, психологиялық көзқарасы туралы қандай пікір талдауы болуы мүмкін? Философтардың бірауыздан «Абай – философ емес, исламист, жай ойшыл» деп қысқа қайыра салғанына біз де түсінбей келіп едік. «Түгел сөздің төркінін білмей», қалай докторлық, кандидаттық диссертация қорғап, оқулық жазып, академик атанып, мемлекеттік сыйлық алуға болады?..».
Бүгін біз осы пікірді қайталап айтуға бармыз. Себебі оның негізі – шындық. Философия мен психология ілімінен 30-ға жуық кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған философтарға Абайдың «жан қуаты» туралы нақты көрсетіп берген философиялық үш ұғым-терминді кім, қашан, қай еңбегінде, қандай пайыммен айтқаны беймәлім еді. Ғ.Есімнің өзі: «Абай жан қуатының үш элементін айтқан. Сірә, оның оқыған кітабы орыс тілінде болса керек, сондықтан ол үш элементті былайша атаған: «Подвижной элемент» – тез ұғыну деген сөз; «Сила притягательная однородного» – ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «Впечатлительность сердца» – мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек, олар – мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық. Бұлардан жүрек таза болғанда, әр нәрсенің сәулесі жүректің айнасындай анық раушан болып түседі. Олай болмағанда...» деп (Абай туралы философиялық трактат. Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 192 б.), бұл терминді орысша оқыған кітаптан алғанын дәп басып, әрі қарай ақынның айтқанын ұзын-сонар баяндап береді.
Ғылым мен ғалымның міндеті осы ма? Ал біз, пәлсапашы айтқандай, «философия ілімінен сауатсыз» болсақ та, Абайдың философиялық көзқарасынан арнайы кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған бір қауым философ-ғалым таба алмаған, дұрысы қарымы жетпеген осы үш ұғымды Абай кімнен және қай еңбегінен алғанын, өзара ой сабақтастығын, яғни ақын ізденіп, тапқан ой өрісін анықтап, жұртшылыққа қуана жеткізіп отырмыз. Сол үшін әдепті, сауатты білім иесі жалған намыстанбай, іштарлық танытпай, «Абайдың жан қуаты туралы философиялық көзқарасын енді салыстыра талдаудың реті келді. Бұл бұрын біздің көзімізге түспеген дерек көзі еді. Енді Бенекенің осы еңбегін қаперге аламыз» деп, отандық философтарға қарата айтылған пікірге өкпесі бар екеніне емеурін танытса, ешқандай зілсіз, түсіністікпен қабылдар едік. Бұл жерде өзі өмір бойы су ішкен батыс философиясын терістеудің, ғылымды Алланың бір аты ретінде таныған Абайды «философияны мойындамады» деп жаңсақ пайымдаудың қажеті жоқ.
Сонымен, сыншымыз тақырыпқа қатысты «тура сөзін айта алмаған» (Абай). Әйтпесе, неміс ғалымы Э.Бенекенің Абайға жақсылығынан басқа зияны тиген жоқ. Абай мен Бенекенің ой сабақтастығы, Ғарифолла мырза қалай ма, қаламай ма, қалайда зерттелетіні кәміл. Біз осы мақаламызда ғылыми діттеген мақсатымызды орындап, оқырманға жеткіздік. Ізденіске, ой-пайымға шек қойылмайды. Діни ұстаным мен құндылық туралы көзқарасымызға келсек, ол жағын еңбегімізбен таныс жұртшылық жақсы білсе керек.
Тұрсын Жұртбай,
Сұлтан Ыбырай