Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2023

Ақжайықта қос мектеп ашылды

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақжайық ауданының қос ауылында су жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.

Ақжайықта қос мектеп ашылды

Суретті түсірген – Нұрбек ИХСАН

Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылы – Атырау – Орал тасжолы бойында орналасқан, 120 отбасы, алты жүздей халқы бар елді мекен. Көгілдір отыны, таза суы, электр же­лісі тартылған, малын ба­ғып, бау-бақ­шасын салып отырған ел. Та­нымал Тайпақ қарбызы осы ауыл­­да өседі. Ауыл тұрғындарының 60 пайы­зы бау-бақша өсірумен айналысады. Мұнда жыл сайын жаңа үй салынып, ауыл тез өсіп келеді. Белгі­лі өл­ке­танушы Жәнібек Әбілпейі­сов аш­қан «Жерұйық» музейі де осы жерде. Атамекеннің басты мұқтажы – мектеп ғимараты еді. Сонау 1965 жылы ауыл тұрғындары асар жасап балшық илеп салған мектеп әбден тозып, құлағалы тұрған. Әу баста бала санына байланысты басында бас­тауыш болса, 1989 жылдан орталау мектепке айналып, ал 2017 жылдан бері жалпы орта білім беретін мектеп дәрежесіне көтерілген Махамбет Өтемісұлы атындағы білім ордасына жаңа ғимарат ауадай қажет еді. Бұл жөнінде «Атамекен оқушылары мектеп сұрайды» деген мақаламыз газетке сонау 2021 жылы шыққан екен.

Міне, ауыл халқы тағатсыздана күткен күн жетті. Атамекендіктер үшін ақ түйенің қарны жарылды десек те болар. Халықтың қуанышына ортақтасуға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келді. «Ел Президентінің Жолдаудағы тапсырмаларына сәйкес, облыс көлемінде 27 мектептің құрылысы басталған болатын. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 білім нысанының құрылысы жос­парланып, оның 9-ы бойынша биыл жұмыс бас­тау алды», деді Қ.Айтмұхамбетов.

Жаңа ғимараттың лентасын ар­дагер-ұстаздар Амангелді Жанайы­сов пен Қымбат Оразова қиды. Осы мектепте 20 жылға жуық директор болған А.Жанайысов бір жыл ішін­де құрылысты сапалы аяқтаған «ЖайықСельСтрой» серіктестігінің жұмысшыларына алғыс айтты. Мер­дігер компания директорының орынбасары Ерлан Өзбеков сөз сөйлеп, М.Өтемісов атындағы орта мектептің директоры Болат Өтешевке символдық кілтті табыстады.

Чапаев ауылдық округіне қарасты Жайық ауылындағы негізгі мектептің ашылу салтанатына да ауыл халқы қуанышпен жиналды. Бір ауысымда 60 оқушы білім алатын бұл мектептің жобалық құны – 606,2 млн теңге. «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б.в.» компаниясының тапсырысымен құрылысты қолға алған «Ақсайстройсервис и К» серіктестігі өз міндетін бір жылға жеткізбей орындап шықты. Салтанатты жиын үстінде компания басшысы Орынбасар Құшев символдық кілтті мектеп директоры Меруерт Ерментаеваға табыс етті.

Айта кетейік, 2022 жылғы қара­лы қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында қаза тапқан Сәндібек Хайы­ров осы ауылдың тумасы болатын. Жайық негізгі орта мектебінің жаңа ғимаратында Сәндібек Ғалимол­лаұлы атындағы «Ерлік сыныбы» ашылды. Ерлік сыныбының лентасын батырдың әкесі Ғалимолла Нұр­­сайынұлы мен ұстазы Сәуле Ғалым­­қызы қиды. Жаңа кабинетте жайық­тық офицер, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Сәндібек Қайыров атындағы патриоттық клуб жұмыс істейтін болады.

Жаңа мектепте бұдан бөлек 8 оқу кабинеті, ұлдар және қыздар шеберханасы, спортзал, кітапхана, асхана, медицина кабинеті бар.

 

Батыс Қазақстан облысы