Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2023

Активтерді қайтару: Ел игілігін еселендіретін қадам

239 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың басында өткен Мәжілістің «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты кеңейтілген отырысында капиталды заңсыз шығару мәселесін өткір көтеріп, елден шығатын барлық транзакцияны және оларға қатысты адамдарды нақты бақылауды тапсырды.

Активтерді қайтару: Ел игілігін еселендіретін қадам

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сондай-ақ Президент құзырлы органдарға шетелге заңсыз әкетілген қаржыны, сол жерден иемденілген активтерді қайтару бойынша маңызды міндет қойды. Көп ұзамай Президент Жарлығымен салааралық комиссия құрылды.

Тапсырманың маңыздылығы ес­керіле отырып, комиссия құрамы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, Ұлттық банк және «Самұрық-Қазына» қорының бірінші басшыларын, бірқатар министрді енгізу арқылы барынша күшейтілді. Ал комиссия төрағасы болып Бас прокурор Берік Асылов тағайындалды.

Құрылған сәттен бастап Бас прокуратура комиссияның жұмыс органы ретінде активтерді қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономика­лық ресурстардың монополиялық шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару жөніндегі барлық жұмысты үйлестіріп келеді. Негізінде, сөз жаңа мемлекеттік функциялар, тың тәжірибе және өзгеше шешімдер туралы болып отыр.

Бірлескен күш-жігердің арқасында нақты және елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар елге 1 трлн теңгеден астам активтерді қайтарды. Мысалы, «Қазақтелеком», «Көліктік сервис орталығы», «Алматы ауыр машина жасау зауыты», «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі», «АзияГаз Чунджа», «Phystech-II», «КМА Операторы», «Найза-БН» секілді және басқа да ірі компаниялардағы акциялар мен ондағы үлестерді мемлекет пайдасына айналдыру туралы шешімдер қабылданды. Іс жүзінде бұл активтердің барлығына бұрынғы танымал бенефициарлар әкімшілік-билік ресурстары ретінде шектеусіз қол жеткізген.

Шетелдік серіктестермен байланыс жолға қойылғандықтан, Аустрия, Гонконг, БАӘ, Лих­тенш­тейннен жүз­де­ген миллион доллар қайтарылды. Дегенмен сарап­шылар қауымдастығы бел­гі­­леген экономикалық ресурс­тар­дың олигополиялық шоғыр­лан­уы мен активтерді заңсыз алу­дың ауқым­ды­лығы жүйелі жұ­мыс пен ке­шен­ді тәсілді қажет етеді. Тәжірибе ин­вес­ти­циялық ахуалдың нашарлауы тәуе­келдің, адал инвесторлар мен кәсіп­кер­лер үшін құқықтық кепілдіктердің қажет екенін көрсетті. Сондай-ақ мұн­дай тәжірибе заңсыз шығарылған ак­тивтерді жаһандық іздеу, тыйым салу, тәр­кілеу және қайтарудың халық­аралық қағидаттары мен тетік­те­рін ес­ке­ру қажеттігін айқындап берді.

Осыған байланысты Мем­лекет басшысы өзінің «Әділет­ті Қазақстан: бәріміз және әрқай­сы­мыз үшін. Қазір және әрдайым» сай­лауалды бағ­дар­ламасын іске асыру аясында арна­йы заң әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге Бас прокуратураның құры­лы­мында заңсыз шығарыл­ған ак­тивтерді қайтару жөніндегі же­ке бөлімше құру туралы мәсе­ле­ні шешуді тапсырды. Осы міндеттерді орындау барысында депутаттардың бастамасымен 2023 жылы шілдеде ұлттық мүд­делеріміз бен халықаралық стан­­дарттарға сәйкес келетін «Заң­сыз ием­денілген активтерді мем­­лекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Ал биыл 5 қа­зан­да Мемлекет басшы­сы­ның Жар­лы­ғымен Бас проку­ра­ту­раның құрамында арнайы ве­домство – Активтерді қайтару жөнін­дегі комитет құрылды.

Заңның субъектілері – актив­тер­ді иемдену (шығу тегі) көзде­рі­нің заң­дылығына қисынды күмән бар қо­ғам­дық маңызы бар адамдар, яғни PEP деп аталатындар. Бұл құжат бақылауға алынатын адамдардың арнайы тізілімін жүр­гізуді көздейді. Тізілімге Пре­мьер-министр жетек­ші­лі­к ететін арнайы комиссияның ше­шімімен активтерінің құны он үш миллион еселенген АЕК-тен кем емес субъектілер (немесе адамдар тобы) енгізіледі.

Заңда қайтарудың екі негізгі тетігі қарастырылған. Олар: ерік­ті және мәж­бүрлі. Активті аза­мат­тық үдерісте бітім­гер­шілік ке­лісім немесе қылмыстық іс бо­йынша процестік келісім арқылы өз еркімен қайтаруға болады. Естеріңізге сала кетейік, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім – заңға жаңадан енгізілген өзгеріс. Бұл өзгеріс ақша төлеуді, активтердің бар­лы­ғын немесе бір бөлігін беру, алынбаған салықтарды төлеу, артық кірістердің сомаларын өтеу, т.б. көздейді. Ал ак­тив­терді мәжбүрлеп қайтару ке­зінде «дәстүрлі» әдістер де сақ­та­лады. Мәселен, залалды өтеу немесе қылмыстық істер бойынша мүлікті тәркілеу.

Сондай-ақ мәжбүрлеп қай­та­ру­дың жаңа тетігі – пайда болуы тү­сінік­сіз актив туралы талап қою ен­гі­зілді. Бұл активтің пайда болуының заң­дылығына қисынды күмән бар жағ­дайлар. Мысалы, заңды кірістер қандай да бір қымбат мүлікке иелік етуге мүмкіндік бермейтін жағдайлар. Талап қоюды Активтерді қайтару жө­нін­дегі комитет сотқа жолдайды. Ал дәлелдеудің ауырт­па­лығы негізінен жауапкерге жүктелген. Егер ол заңды еке­нін дәлелдемесе, онда актив сот шешімі негізінде мем­лекет кірісіне айналады.

Бүгінгі таңда комиссия бір­қатар адамды тізілімге ен­гізді. Олардың бар­лы­ғы тиісті хабар­­лама алды. Қазіргі таңда ак­тивтерді ашып көрсету туралы дек­ларациялар күтіліп отыр. Алай­да комитет олардың тарапынан бұл қадамды күтпестен бірін­ші күннен бері мүлік бойынша мәліметтер жинау жөнінде жұмыс жүргізіп, заңсыз баю бел­­гілері бар нақты кейстерді іл­ге­­рі­летіп келеді. Сәйкесінше әрбір субъект бойынша шетелдік юрис­дикцияларға сұрау салулар жіберілді. Капиталды заңсыз шы­ғару схемаларын анықтауға ше­телдік консультанттар тарты­лып, заңды көздерден бизнес-бар­­лау құралдары белсенді пай­да­ланылып отыр.

Тізілімге енгізілгендердің бай­­­лы­ғы миллиардтаған дол­лар­ды құрай­тындықтан әрі үлес­тес адам­дардың ауқымы жүз­деген бол­ғандықтан, комитетке отандық және шетелдік көз­дерден алған көп деректі жан-жақ­ты талдауға тура келеді.

Қазіргі таңда елдегі және ше­тел­дегі жылжымалы және жыл­­жы­май­­тын мүлік­тің жүз­де­ген объек­тісі, мил­­­лион­даған дол­лар­лық бағалы қа­ғаз­дар бо­йынша сарап­тамалық талдау жүргізіліп, 200 мыңнан астам банктік транзакция, елдегі ондаған ірі кен орны бойынша келісімшарттар зерделеніп жатыр. Сонымен қа­тар нақты кәсіпорындар мен мү­лікке қа­тысты активті иемдену көздерінің (шығу тегінің) заң­­дылығы да жан-жақ­ты тексе­рі­лу үстінде.

Активтерді қайтару жөніндегі ко­ми­теттің талабы бойынша сот 28 мил­лиард теңгеден астам со­маға алдын ала қамтамасыз ету ша­раларын қабылдады. Құқық қор­ғау және арнау­лы мем­ле­кет­тік органдар тізілімге ен­гі­зіл­ген субъектілер және олар­дың үлестестерімен байланысты бірқатар қылмыстық істі тергеп-тек­серіп жатыр. Көр­се­тіл­ген ша­ралар мәні мәжбүр­леп қай­тару тетіктерін қолдануға ба­ғыт­талған.

Мемлекет басшысы осы жыл­дың қыркүйек айында отан­дық бизнес өкілдерімен кездесіп, басқосу барысында егер бұрын ием­денілген барлық капитал мен­шік иесінің пайдасына ғана емес, ұлттық экономиканың игі­лігі, еліміздің өркендеуі үшін де жұмыс істесе, бұл ақшаның шығу көзі туралы мәселелерді болдырмау үшін жақсы дәлел екенін атап өткен еді. Осы тұрғыда ак­тив­терді ерікті түрде қай­та­ру­ды ынталандырудың ба­сым­дығы заңда да белгіленді.

Ерікті қайтарудың артық­шы­­лығы – мүліктің бір бөлігі заң бойынша субъектіде сақ­тал­уы мүмкін. Сондай-ақ ерікті түрде қайтару туралы ке­лі­сім активтерді мемлекет­ке беруді ғана емес, басқа да әлеу­­­меттік-экономикалық мін­дет­­темелерді қарастырады. Мы­­салы, қаражат Қазақстанға қайта инвестициялануы мүмкін. Яғни субъект бұл қаражатты отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларға сала алады. Ең бастысы әрі маңыздысы – бұл қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеуі, елде салық төлен­уі, жұмыс орындарының құрыл­уы. Сонымен қатар ерікті түрде қайтару кезінде субъект бірқатар құқықтық мүмкіндік пен кепілдік алады, соның ішінде жауап­ты­лықтан босатылады. Оған қай­тадан құқықтық талап­тар қойылмайды. Ел игілігі үшін бизнесті одан әрі жүр­гізуге жағ­дай жасалады. Ал егер субъект актив­терді өз еркімен қай­тар­маса, онда заңсыз капиталды мәж­бүрлеп қайтару тетігі қол­да­нылады.

Заңды сапалы іске асыру Мем­лекет басшысының тапсырма­сын тиімді орындауға, яғни заң­сыз шы­ға­рылған активтерді қай­та­ру­ға және оларды еліміздің дамуына, хал­қы­мыздың игілігіне бағыт­тауға мүм­кіндік береді.

 

Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ,

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы