Сұхбат • 01 Қаңтар, 2024

Саясат Нұрбек: Ғылым өндірістегі табысты 15 есе арттырады

2194 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

2024 жылы отандық ғылым саласын қандай өзгерістер мен бетбұрыстар күтіп тұр? Биыл нақты қай бағыттағы зерттеулерге сұраныс артуы мүмкін? Ғылымды басқару жүйесінде тың жаңалықтар бола ма? Ғалымдарды қолдаудың қандай түрлері қолға алынбақ? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті әңгімеге тартқан едік.

Саясат Нұрбек: Ғылым өндірістегі табысты 15 есе арттырады

– Саясат Нұрбекұлы, дамыған елдерде ғылымға ішкі жалпы өнімнің 3, тіп­ті 4 пайызына тең келетін қаржыны бөледі. Біз бұл көрсеткішті 1 пайызға да жеткізе алмай келеміз. Көптен айтылып келе жатқан межеге осы жылы жете аламыз ба?

– Экономикалық даму және ынты­мақ­тастық ұйымының ұсынымы бойынша ғылымға жылына бөлінетін қаржы кө­лемі ішкі жалпы өнімнің 1 пайызы­нан кем болмауға тиіс. Егемендік алғалы 30 жыл өтсе де біз 1 пайызға ешқашан жет­кізбедік. 1990 жылы 0,82 пайыз, яғни ең жоғары көрсеткіш осы болды. 2000 жылы қаржы көлемі күрт төмендеп кеткеннің салдарынан 1990 жылы тіркелген 52 мың ғылыми зерттеу қызметкерінің 12 мыңы ғана қалды. 2021 жылы 0,12 пайыз­ға, 2022 жылы 0,13 пайызға, биыл бір­ден 0,26 пайызға көтердік. Мысалы, Оңтүстік Корея жылына ішкі жалпы өнімнің 4,3 пайызын ғылымға, 4,7 пайызын жоғары білімге бөледі. Соның нәтижесінде роботтар, көліктер, техникалар, жалпы айтқанда, жаңа технологиялар еліне айналып отыр. Ал отандық ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына қашан, қалай жеткіземіз? Бұл межеге тек мемлекеттік бюджетпен жету мүмкін емес, оны мойындау керек. Мұндағы негізгі мәселе жеке сектордан инвестицияның тартылмауында болып тұр. Мәселен, сол Оңтүстік Кореяда ғылымға бағытталған қаржының 72 па­йызы жеке сектордан түседі. Америкада бұл көрсеткіш одан да жоғары, 84 пайызға тең. Елімізде керісінше 70 пайызға жуық қаржыны мемлекет береді. Сондықтан заңнамалық өзгеріс болуы қажет. «Ғылым және тех­нологиялық саясат туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Биыл талқылау бас­талады, бұйырса алдағы сәуір айында қабылданады. Сол заң сәтті қабылданса, жүйелі шараларымыз заңды күшіне енсе, салық жеңілдіктері қарастырылып, жеке секторды, ірі компанияларды ғылымға қаржы салуға көптеп тарта аламыз. Жоспарымыз бойынша бұл межеге 2025 жылдың соңында қол жеткіземіз.

– Салық жеңілдіктері жеке секторды ғылымға қаржы бөлуге қызықтыра қояр ма екен?

– Салық жеңілдіктерін енгізу – әлем­дік тәжірибедегі ең мықты механизм. Израиль, Финляндия, Швейцария, Жа­пония, Тайвань, Оңтүстік Корея секілді дамыған инновациялық елдерде мұндай жеңілдіктер көлемі 250-300 пайызға дейін жетеді. Айталық, Из­раиль­де кез келген жеке, өндірістік, өнер­кәсіптік компания ғылыми үлесі жоғары өнімді дамытуға инвестиция салған жағдайда инвестиция­сынан, өнімді сатудан түскен табыстан 100 пайыз, өнімді шығаруға басқа бір ұйыммен серіктестік жасағанда 50 па­йыз салық төлемейді. Біз «Ғылым және тех­нологиялық саясат туралы» заңның жо­басына 150 пайыз жеңілдік енгіздік. Заң қабылданса, отандық компаниялар еліміздегі университеттермен немесе ғылыми зерттеу институттарымен серіктестік негізінде бір инновациялық өндіріс я ғылыми зерттеу арқылы өзінің өнімін арттыруға қаржы салса, 100 па­йыз салықтан босатылады. Ал ғылыми ұйым­дармен серік­тестік нәтижесінде шығарылған тауарларға 50 пайыз салық­тық жеңілдік қарастырылады. Осы жеңіл­діктерге үлкен үміт артып отырмыз.

– Жаңа жылда жер қойнауын иге­рушілер табысының 1 пайызын ғы­лымға бөлудің тиімді тетігі іске қосыла ма?

– Сізге бір мысал айтайын. Селен дейтін сирек кездесетін метал бар. «Ксерокс» компаниясы осы металды өте көп қолданады. Принтердің бояу ауыстырғышындағы ұзын целиндр пішіндес бөлігі осы селеннен жаса­лады. Тазартылмаған селеннің сал­мағы – 99,5 пайыз тазартылған түріне қара­ғанда әлдеқайда ауыр. Өйткені тазар­тылмаған селенде қорғасын көп болады. Осы тазартылмаған ауыр селен мыс, цинк, темір балқытудан қалатын қал­дық­тың ішінде кездеседі. Еліміз сол қалдықты шикізат күйінде қаншама жылдан бері шетелге сатып келеді. Өйт­кені қазір қолданылатын селенді тазарту әдісі – өте улы, қауіпті, күрделі, қымбат. Әйгілі Қаныш Сәтбаевтың із­басары академик Бақдәулет Кенжалиев бас­таған Металлургия және кен байы­ту институтының (Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне қарасты) ғалымдары кейінгі 7-8 жылдай осы селенді тазар­тудың тиімді әдісін зерттеп, әзірледі. Жетекші ғалымды шақырып, әдісті өнді­рісте қолдану үшін не керегін сұра­дық. Нәтижесінде, Ғылым қорынан нысаналы грант ретінде және Қ.Сәтбаев уни­верситетінен қаражат бөлгізіп, вакуумдық пеш жасалды. Балқаштағы Мыс зауытына осы әдісті ұсындық, ондағылар пайдасын тез түсініп, 2 ай­дың ішінде цех салды. Себебі тазартыл­маған селеннің 1 килосы 10 доллар, тазар­тылғаны 150 доллар тұрады. Кіп-кіш­кентай цехта 100 тонна өнім шы­ғарылады, 15 млн доллар таза табыс тауып отыр. Яғни ғылымның өндіріске қосқан үлесі табысты 15 есе арттырды. Елдегі бүкіл өндірісті осындай бағытқа итермелеу керек. Сонда
1 пайызға же­теміз. Бір нәрсеге көзіміз жетті, еліміз­дегі кен байыту кәсіпорындары, ірі ком­паниялары әлі де шикізат философия­сымен өмір сүреді. Біз селен мысалында оларға ғылым арқылы табысты еселеп арттыруға болатынын дәлелдедік. «Мәссаған, біз мұны 2001 жылдан бері шикізат күйінде шетелге су тегін саттық, қаншама ақша шетелге кетті» деп қайран қалды. Енді біз қазір оларға тазартылған селен сатумен ғана шектелмей, содан түскен біржылдық табысын принтердің бояуын қаптайтын пленка зауытын салуға жұмсаса, жылдық табысы 15 млн доллар емес, 150 млн долларға шығатынын айттық. Бірақ шикізат философиясын ұстанған компанияларды әлі көндіре алмай келеміз. Өйткені оларға селенді тазарту әдісі жұмыс істейтінін ғылыми жоба арқылы көрсеткеніміздей, жүйелі механизмнің мысалы болуы керек. Ірі компанияларды, кәсіпорындарды осылай ғана қызықтыруға болады. Күш­тей алмаймыз. Себебі жер қойнауын иге­рушілердің ғылымға табысынан 1 пайыз бөлуі міндеттелмеген, яғни ерікті.

– Ғылым академиясының жұмысы қай бағытта дамымақ?

– Ғылым академиясы Президент жанындағы толық мемлекеттік мекеме мәртебесін иеленді. Академияның алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Біріншісі – ғылыми зерттеу бағыттарын айқындау. Елімізде 96 басым бағыт болды, қазір 6-ға қысқарттық. Мысалы, өте қуатты Ғылым академиясы бар алпауыт Қытай ғылымға небәрі 8 негізгі бағытты белгілеген. Мысалы, біріншісі – өсімдік шаруашылығы. Өйткені онда халық көп, аш қалдырмау керек. Негізгі протеиннің қайнар көзі – соя. Сояның жылдам өсетін (вегетативті мерзімін қысқартатын) генін ойлап тапқан ғалымға мемлекеттен ақша береді. Олар ақшаны нақты өздеріне (елге, мемлекетке) қажетті ғылыми жұ­мысқа бөледі. Ал бізде қалай? Гранттық қаржыландыруға тақырыптарды, жобаларды ғалымдар өздерінің ыңғайына қарай ұсынады. Енді Ұлттық ғылым академиясы белгіленген 6 басым бағыттың ішіндегі әр саладағы проблемаларды айқындап, оны шешетін ғылыми тақырыптар мен жобаларды қабылдап, өзектілігін, ғылыми тұрғыда мақсатқа жеткізу жолын анонимді түрде сараптайды.

– Жаңа гранттар беріле ме?

– Мегагрант деген ұғым пайда болады. Қазіргі гранттар әдетте жабдықтауға, жалақыға жетеді, болды. Осы күнгі ең көлемді грант көлемі 300 млн теңгені құрайды, былай қарағанда үлкен сома секілді, бірақ 3 жылға бөліп тастағанда ауқымды ғылыми жұмыстарды жүргізуге жетпейді. Сондықтан былтырдан бас­тап біртіндеп 4,5 млрд теңге болатын мегаг­ранттарды іске қостық. Мұны бір университет немесе институт игере алмауы мүмкін, сол себепті консорциум құрдық. Мысалы, кейінгі кездері Каспий теңізінің деңгейі түсіп бара жатыр. Сол Каспий өңірінің бассейнін зерттеуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, География институты, Гляцеологиялық орталық секілді бірнеше ұйымның салалық мамандары бірікті. Осы зерттеу жұмысына 4 млрд теңге бөлінді. Екінші, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына «инфрақұрылымдық гранттарды» енгіздік. Өйткені заманауи ғылым инфрақұрылымдық деңгейге көшіп кетті, тек эксперимент, дәлел, практика жүзінде ғана ғылым нәтижелі болып жатыр. Ал бұған зерттеу жүргізетін ұйымның инфрақұрылымы, жабдықталу жағдайы жоғары болуы керек.

– Ғылым қоры осы жылы қандай жобаларды қаржыландырады?

– Ғылым қоры қазір екі үлкен бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Оның бірі – коммерцияландыру. Әлгінде айтылған селенді тазарту әдісі сол коммерцияландыру бағытына жатады. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Синтетикалық химия» зертханасы 2024 жылдан бастап 10 мың флакон өнім (иіс су, дақ кетіргіш сұйықтықтар) шығарады. Ғылым қоры екінші үлкен венчурлық бағыт бойын­ша жұмысты биылдан бастап іске қосады, яғни қор венчурлық инвесторларды ғы­лымға тартумен айналысады. «Бізде ғы­лыми жоба, қаржы бар, со­ған сіз де ин­вестиция салыңыз» деп ғы­лы­ми өнім­ді өндіріске айналдыру мақса­тын­дағы венчурлық қорлар секілді жұ­мыс іс­тейді. Осылайша, жекеменшік инвес­тор­лардың қатарын, ғылымға тартылатын инвестицияның көлемін арттырамыз.

– Биыл ғылыми зерттеу институттары қандай бағытқа бет алмақ?

– Ғылыми зерттеу институттарының үлкен инвентаризациясы керек. Яғни мекемедегі материалдық дүниенің бар-жоғын және жай-күйін белгілі бір мерзімде тексеріп, түгендеу маңызды. Жаңа жылда қабылданатын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына Technology readiness level – TRL, тура тәржімаласақ, технологиялық дайындық деңгейі деген ұғым енгізіліп отыр. Бұл – халықаралық тәжірибеде (АҚШ, Израиль, Еуропа елдерінде) қол­данылатын кез келген ғылыми ұйымның, зертхананың, тіпті ғалымның немесе ғылы­ми ұжымның технологиялық коммерцияландыру, қолданбалы ғылымға дайындық деңгейін көрсететін әдіс. Осы әдіс арқылы еліміздегі ғылыми зерттеу институттарының қай деңгейде, қандай бағытта, қай сатыда жұмыс жүргізе алатынын анықтаймыз. Қазір бірнеше деңгей белгіленген. Мысалы, 1-2 сатыда институттың әлеуеті теориялық, яғни іргелі ғылыммен айналыса алатынын көрсетеді. 3-4 сатылар қолданбалы ғылыммен шұғылдануға қауқарын, 5,6,7 сатылар технологиялық өндіріспен ұштастыруға дайындығын, ал 8-9 сатылар өзінің жаңа прототиптерін, инновациялық өнімдерін шығаруға әзірлігін білдіреді. Өкінішке қарай, қазір ғылыми зерттеу институттарымыздың көбінде техно­логиялық дайындық дең­гейі 1-4 сатыларда тұр. Мұны ұйым ұжы­мының өзі де білмеуі мүмкін. Өйткені оның осыған дейін нақты белгіленген жолы, әдісі, жүйесі болмады. Енді осы TRL әдісі арқылы ғылыми зерттеу институттарының деңгейі анықталып, соған сай қаржы бөлініп, жоғары сатыға көтерілудің нақты шарттары көрсетіледі.

– Ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакеті туралы не айтар едіңіз?..

– Ғалымдарды қолдау, жоғарыда айтылғандай, олардың теориялық тұр­ғ­ыдан тоқтап тұрған ғылыми жұмыс­тарының негізінде өнім өндіріп, нарыққа шығару арқылы әлеуметтік жағдайын, бастысы жалақысын арттырудан басталады. Мысалы, селенді тазартудың әдісін әзірлеген ғалымдардың жетекшілері айына 3-4 млн теңге жалақыға қол жеткізіп отыр. Ғалымдар ақша, жоғары жалақы, ғылымдағы табыстың қайнар көзі грантта емес, нарықта екенін енді түсініп келеді. Біз бүгінде ғалымдарымыздың мәдениеті мен философиясын ауыстырып жатырмыз, бұл ең күрделі жұмыс болып тұр. Нағыз ғылым – кабинетте отырып мақала жазу емес, адамдардың күнделікті өміріне қажетті жаңа өнім шығару, ғалым ретінде, ғылыми тұрғыда тұрмысын, жағдайын жақсартуға үлес қосу. Ал нақты іске келсек, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңда бірнеше әлеуметтік қолдау пакеті қарастырылған. Ғылыми жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге ғылы­ми дәрежесі үшін қосымша ақы көз­­дел­ді. Сонымен қатар жаңа заң жо­ба­сын­да ғалымдарды әлеуметтік, меди­ци­налық, зейнетке шыққандағы қол­даудың түрлерін енгіздік. Бірақ біз жаңа заңның қабылданғанын күтпей, 2023 жылдың желтоқсанынан «Отбасы банкімен» бірлесіп, жас ғалымдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдар­ламасын бастап кеттік. Сұраныс өте көп. Тағы бір маңызды әлеуметтік қолдау – жалақы. Министрлікке қарасты университеттердегі профессорлық-оқытушылық құрамға кіретін қызмет­керлердің жалақысы 25 пайызға көтері­леді. Бұған дейін оқытушылардың еңбекақысын өсіру жоғары оқу орнына жүктелетін, енді орталық бюджеттен бөлінеді. Бұл қолдауды өткен жылы бастадық, 2029 жылға дейін жылына осыншама көлемде қосылып отырады.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»