Өнер • 02 Қаңтар, 2024

«Большая операның» жеңімпазы

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана опера» театрының жас солисі Дінмұхамед Көшкінбаев Ресейдің«Культура» арнасындағы кәсіби опера әншілерінің «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасында жеңіске жетті. Дарынды вокалист кәсіби қазылар алқасын таңғалдырып, телеарна көрермендерінің жүрегін жаулады.

«Большая операның» жеңімпазы

– Дінмұхамед Көшкінбаев – таза вердилік дауысқа ие дарынды орындаушы. Оның жобада өзін толықтай еркін ұстауы мені тәнті етті, – деп пікірімен бөлісті «Большая опера» тележобасы қазылар алқасының мүшесі, әлемдік опера жұлдызы, вокал ұстазы Марина Мещерякова.

– Сахнада ештеңеден қымсынбай өнер көрсету керек. Бастапқыда ол маған қарапайым, ұялшақ адам секілді көрінді, алайда ол «Большая опера» жобасында өзін толығымен ашты. Сахнада сомдаған әрбір бейнесінде өзін еркін ұстап, шынайы өнер көр­сетті.

пар

Дінмұхамед Көшкінбаев – astana opera Халықаралық опера академиясының түлегі, Бибігүл Төлегенова байқауының бас жүлдегері, Ева Мартон та­нымал халықаралық вокалис­тер байқауының (Мажарстан) фи­­налисі. Қарашада әншінің қоржынында тағы бір беделді марапат пайда болды – орындаушы үшінші орын иеленіп, Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауының арнайы жүлдесін алды.

– «Большая опера» жоба­сындағы жеңіс – мен үшін үл­кен оқиға, шығармашылық ман­сабымдағы маңызды кезең әрі зор тәжірибе. Шынымды айтайын, оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Әрбір шығарылымға жеке спектакльде өнер көрсететіндей да­йын­далу қажет болды, бейнеге ену және орындау ең жоғары деңгейде болуға тиіс еді. Мен өзім шексіз құрметтейтін және тамсанатын қазылар алқасының алдында ғана емес, сонымен қатар үлкен телевизиялық аудиторияның алдында өнер көрсететінімді жете түсіндім. Сондай-ақ менің өнер көрсетуіме қарап, көрермендердің біздің еліміздегі вокалдық өнер деңгейін бағалайтынын да білдім, – деп атап өтті Дінмұхамед Көш­кінбаев.

Биыл «Большая опера» жобасына қатысуға 300-ге жуық үміткер өтінім жолдаған, ал қазылар ал­қасының құрамына А.Пушкин атындағы Нижегородск опера және балет театры опера труп­пасының жетекшісі Медея Ясо­ниди, опера әншісі Марина Ме­щерякова, дирижер Марко Боэми, «Геликон-Операның» көркемдік же­текшісі Дмитрий Бертман енді.