Ғылым • 03 Қаңтар, 2024

Ғылымдағы трансформация

636 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел экономикасының негізі, тірегі саналатын ғылым саласында былтыр да маңызды шешімдер қабылданып, қыруар жұмыс атқарылды. Соның негізгілеріне шолу жасап көрелік.

Ғылымдағы трансформация

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, өткен жылы отандық ғылымның қаржыландырылуы 3,5 есе артқан. Алдағы 3 жылға 643 млрд теңге бөлінді.

– Ғылымның басқару моделі өзгер­ді. Былтыр 1 желтоқсаннан бастап «От­басы банкімен» бір­лесіп жас ғалым­­дарға арнал­ған жеңілдетілген тұр­ғын үй бағдарламасы іске қосылды. Ком­мер­цияландыру және қол­данбалы ғылымның қаржы­ландырылуы 2,5 есе өсті. Әсіресе Ғылым қорынан беріліп отырған жыл сайынғы коммерцияландыру гранттары 4 есе, яғни 17 млрд теңгеге дейін арт­ты. Ғалымдардың жалақысы 2,5 есе, соның ішін­де 1700 жетекші ға­лымның еңбекақысы 70 пайызға көбей­ді. Ал жоғары оқу орындарындағы про­­­фес­сорлық-оқытушылық құрамның жа­ла­­қы­сы өткен жылдан бастап жыл сайын респуб­ликалық бюджеттен 25 пайызға өсіп отырады, – деді С.Нұрбек.

Осыған дейін жай ғана қоғам­дық ұйым ретінде жұмыс істеп келген Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәр­тебе берілді. Осылайша, академия жар­ғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес ак­ционерлік қоғамға айналды. Соның негізінде 2023 жылдан Ұлттық ғы­лым академиясын толық трансформа­циялау басталды. Бұл үшін Үкімет ака­демиктердің ұсынысы бойын­ша ака­демияны трансформациялау жө­нін­­дегі мемлекеттік комиссия құр­ды. Комиссияның міндеті академия қыз­метінің негізгі бағыттары бойынша бірың­ғай ұстанымды қалыптастыру болды. Осыған орай Үкімет тиісті қаулыны қабылдады. Қабылданған қаулыға сәйкес, «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» ком­мерциялық емес акционерлік қоғам қызметінің негізгі бағыттары айқындалды.

Сонымен қатар бірқатар отан­дық жоғары оқу орны «зерттеу университеті» мәртебесін алды. Зерттеу экожүйесін құру және серпінді технологияларды дамыту мақсатында Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті, М.Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан университеті зерттеу уни­верситеттеріне айналды. «Зерттеу уни­верситеті» мәртебесі университеттік ғылымды дамыту міндетін жүктейді. Ал жоғары оқу орындарындағы ғы­лым елдің әлеуметтік-экономи­калық тұрғыда дамуына үлес қосуға, экономиканың түр­лі салаларында жаңа өнімдер мен тех­нологиялық үдерістерді құруға, ғылы­ми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудан түсетін табысты ұлғайтуға, жаңа кә­сіптер мен технологияларды еске­ре отырып, инновациялық білім беру бағ­дар­ламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұ­мысын жалғастырып жатыр. С.Нұр­­бектің пікірінше, бұл қадам ашу отан­дық университеттердің экс­порт­­тық мүм­кіндіктерін кеңей­ту мақ­сатын­­да қол­ға алынған. Бүгінде Шот­лан­дия, Поль­­ша, Италия, Германия, Қы­­­тай, Оңтүстік Ко­рея, Ресей секіл­ді мемле­кеттердің үз­дік универ­ситеттер­інің филиалы ашылды.

Былтыр түрлі зертханалардың да іске қосылғанын атап өтуге тиіспіз. Академик Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды уни­вер­си­тетінде екі заманауи зертхана пай­далануға берілді. Шет тілдер факуль­теті жанынан ашылған SMART-lab цифрлық құзы­реттілікті дамыту және бағалау орталығы өз жұмысын бас­тады. Орталық Ғылым және жоғары бі­лім министрлігінің гранты негізінде құ­рыл­ды. Басты міндеті – барлық бейін­дегі педагогтердің цифр­лық құзы­реттіліктерін дамыту, қалып­тасты­ру әрі бағалау. Орталық заманауи жабдық­тармен жабдықталған. Бағдар­ламалық жасақтама оқытушыларға дизайнерлер мен бағдарламашыларды тартпай-ақ, бейне дәрістер жазуға, тестілеуді ұйымдастыруға және цифрлық өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.

Ал физика-техникалық факультетте электроника, аспап жасау және робот­техника оқу-зерттеу зертханасы ашылды. Онда студенттер мен магис­транттарға электронды аспаптарды, микроконтроллер құрылғыларын, робот­техникалық жүйелерді жо­балаудың, құрастырудың және дайындаудың заманауи әдістерін үйрету үшін қажеттінің бәрі бар.

«Зертханада жоспарлаудан, электронды құрылғы жасаудан бастап, жұмысқа деген қабілеттілікті тексеруге дейінгі жұмыстың барлық кезеңі қолжетімді. Бізде фотополимерлі 3D принтер бар. Онда жарықтың әсерінен фигура қалыптасады. Бұл принтер ана­ғұрлым дәлірек, бізге бұрын қолжетімді болмаған нәрселерді жасауға мүмкіндік береді. Барлық жаб­дық заманауи әрі бір жерде жинақ­талған, бұл оқытушылар мен сту­денттерге өте ыңғайлы», дейді Радиофизика және электроника кафед­расының профессоры Дмитрий Афанасьев.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің базасында отандық электрмобильдер мен басқа да электр көлік құралдарын жобалау және дайындау, сертификаттау зертханасы ашылды. Зертханада университеттің жас ғалымда­ры «жасыл экономика» талаптарына сай қолданыста жүрген авто­мобильдердің қозғалт­қыш­тарын электрлі қозғалт­қыш­тармен алмастырып, электромобильге айналдыру жұмыстарын тестілеуден өткізді. Бүгінде екі электромобиль және бір электр трициклі дайын болды: «Ке­мет» электр джипі, электр қоз­ғалт­қышы бар БМВ автокөлігі және «Тана» электр трициклі. Атал­ған жұмыстар Шымкент қала­сындағы электро­мобиль құрас­тырумен айналысып жүрген «OQ technologies Qazaqstan» өнертапқыштарымен бірлесе жүргізілді. БMВ ав­то­көлігін­дегі 500 мың километр жүрген жанармай қозғалтқышы жаңа электр қозғалтқышына ауыс­тырылды. Бата­рея­­лардың заря­ды 350 шақырымға жетеді, электро­мобильдің сағатына 100 км-ге дейін үдеуі 6 секундты құрайды. «Тана» электрлі трициклі 500-700 килограмм жүк көтергішімен, алынбалы аккумуляторы бар электр қозғалтқышымен жабдық­талған. Қытайлық аналогтардан айырмашылығы, трицикл сенімді электр қозғалтқышы бар сапалы материалдардан жа­салған. «Тана» трициклдің қыз­мет ету мерзімі қытайлық баламадан 2 есе көп. Батарея заряды таусылған жағдайда, жай ғана басқа зарядталған батареямен ауыстырылады. Сондықтан «Тана» трициклі батареяларды қуаттауға тоқтамайды. Шымкент қаласының кәсіпорындарынан 20 «Танаға» тапсырыс түскен.