Экономика • 03 Қаңтар, 2024

Қазақстанда АЭС салына ма? Президент нақты жауап берді

1885 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев  «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында елдегі энергетикалық мәселенің ушығып тұрғанына назар аударып, осы тұрғыда Қазақстан аумағында АЭС салу-салмау мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда АЭС салына ма? Президент нақты жауап берді

Фото: Baq.kz

Президентпен сұхбаттасушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы еліміздегі энергети­калық қауіпсіздік нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейтінін, АЭС салу-салмау мәселесінде халық пікірі әр алуан екенін тілге тиек етіп, осы жайтқа қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы қандай екенін сұрады.

«Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор. Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Түптеп келгенде, энергети­ка қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүд­де емес, нақты қажеттілік пен мүмкін­дік­тер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіре­тін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды», деді Қ.Тоқаев.

Президент Қазақстанда АЭС салу жайы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттары негізінде халық пікірімен санасып шешілетінін мәлімдеді.

«АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. Халқымыз үшін аса маңыз­ды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жыл­ғы сайлау алдындағы бағдар­ла­мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», деді Президент.