Шығарушылар алқасының басшысы – Е.Арын (бас редактор), Н.Жүсіпов (жауапты редактор және басқа ғалымдар жауапкершілікті сезіне қанша тер төккен десеңізші. Түсініктерді жазған – Ертай Жүсіпов. Соңғы екеуі – Мәшекеңнің тікелей шөберелері.
Адам жасы жеті шамасында-ақ естіген өлең-жырларды бірден жаттап алып айтатын ерекшелігімен көзге түсіпті. Жасы сегізден асқанында ауылдағы бір тойда «жыршы балаға» кезек беріледі де, ол «Төрт жігіттің өлеңі», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастандарын мүдірместен, мақамын жарастыра айтып, баршаны дән риза етеді. Тәнті болған бір туысқаны: – Атын өзгертіп, «Мәшһүр-Жүсіп» дейік, дүйім жұртқа мәшһүр болсын және тақиясына, бөркіне үкі тағып қояйық, тіл-көз тимесін, – депті...
Жиырма томдықты шолып шыққанда көзім жеткені: Мәшһүр-Жүсіп қазақ жерінің тарихын, халқының өмір-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын кең зерттеген. Араб, парсы, Орта Азия халықтарының тарихтарына ден қойған. Бірнеше қаласына саяхат сапармен барып қайтқан. Араб, парсы, шағатай, түрік, өзбек, тәжік тілдерін білген. Алғашқы кітаптары: «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал» 1907 жылы Қазан қаласында шыққан.
Ғылыми жазбаларында ауыз әдебиетіміздің барлық жанры қамтылған. Жанр бойынша талдағанда: ертегілерден 15, батырлық жырлардан – 6; ғашықтық жырдан – 3, хисса-дастандардан – 12, тұрмыс, салт-дәстүр жырларынан – 40, шежіре, аңыз-әңгімелерден – 100, жаңылтпаш пен жұмбақтардан – 100, қара сөз бен өлең түрлерінен – 50, мақал-мәтелдерден – 100, ақындар айтысынан – 27, ақын-жыраулардың өлеңдері мен дастандарынан 40 шақты мәтін келтірілген.
Сүйінген таңданыспен атап айтарым: Мәшекең жинастырумен әсте шектелмей, көбінің 2-3 нұсқасын алып, мысалы, мол көлемді қазақ шежіресінің ел аузындағы нұсқаларын өзара салыстыра зерттеп, анық-қанығын баян еткен. Ол қыры – нағыз дарынды журналшыға тән қасиет.
Қай халықтың болсын кешегі-бүгінгі жазушыларының кейбірі өзінің кейбір хикаят, роман, өлең, дастанының қолжазбасын бірнеше рет қайта оқып, алып-қосып өңдеген, ширатқан. Лев Толстойдан бастап келтірер мысал бар. Алайда олардың біздің Мәшһүрше қосымша дарынды журналшы қабілетімен танылғанын, барын естіген де, көрген де жоқпын.
Ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі, журналшы, тарихшы, этнограф, терең ойшыл, тіл білгірі болған Мәшһүр атамыздың шексіз дерлік аса мол жазбаша еңбек етуге күш-жігерді, ынта-ықыласты және уақытты қалай тапқанына таңдандым. Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің: «Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт» деп жазғаны, Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың: «ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған – Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мәшһүр-Жүсіп Көпеев» дегені ойыма оралды.
Бізде Журналистика академиясы немесе басқа да қаламгерлердің басын қосатын орталықтар бар. Осылардың біріне неге Мәшһүр-Жүсіп атын беріп, жас журналшыларды «Мәшһүр-Жүсіп» медалімен марапаттасақ деген ойым бар. Қолдаушылар аз болмасына сенімдімін.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы