Пікір • 04 Қаңтар, 2024

Отанды сүю – жүректен

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күнтізбелік жаңа жылдың алғашқы күндерінде ел халқы «Биыл не істейміз? Қайда барамыз?» деген ең басты өмірлік мәні бөлек өзекті сұрақтарына толымды жауап тапты.

Отанды сүю – жүректен

Мемлекет басшысының сан тақырыпты қамтыған сұхбаты қоғамға тараған негізі жоқ түрлі алыпқашпа әңгімені пышақ кескендей тыйып, ел-жұрттың алдағы күндерге деген сенімін бекітіп берді. Енді сұхбаттың ерекшелігіне келсек, біріншіден, оның сыртқы формасына тоқталайық. Әңгі­мелесу түріндегі фор­мат­қа еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» таңдап алынуын жұртшылық жылы, ілтипатпен қабылдады. Көп­шілік мұны дәстүрлі-клас­сикалық баспасөздің өмір­шеңдігіне әрі мемлекеттік тілге деген құрмет екенін ұғы­нып, әлеуметтік желідегі жел сөздерге әуес түрлі ақпа­рат арналарының басым бөлігі «әсіреқызыл тез оңар» уақыт­ша құбылыс екенін аңғартты. Сұхбаттың ішкі мазмұнын айтсақ, біріншіден, әңгіменің ашық, прагматикалық бағытта өрбуі дер едік. Пафос жоқ, жұртты ешқандай бос уәде­ге еліктіріп, құрғақ үмітке емексіту мүл­дем бай­қал­май­ды. Жүріп келе жатқан жо­лы­­мыз­дың дұрыс екеніне, алда кездесер ке­дер­гілер мен қиындықтарды ел болып еңсе­ре алатынымызға көз жет­кізе­ді. Халық үшін ең қажет­ті әлеу­меттік-эконо­ми­калық саланың басты бағ­дар­лары айқындалған, ішкі және сырт­қы саясаттың өзек­ті мәселе­лері рет-реті­мен тек­шеленіп жеткізілген. Бастысы, ел­­дің бірлігіне кесірін тигізетін сан түрлі «олай болған екен, бұлай жасалмақшы екен» де­ген сияқты қауесетке құрылған Қаңтар қасі­реті мен қосбилік тақырыбындағы тұ­щым­сыз әңгімелерге толық тоқтау жасалды.

Сұхбатта рухани тақы­рып та қалыс қалған жоқ. Президенттің мына сөздері­не назар аударалық. «Біз өткенді аңсау­мен өмір сүр­меуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­тың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мә­де­ниеттерге көзсіз елік­теуден, жал­ған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дара­қы­лық­тан сақтануымыз керек. Хал­қымыздың бойындағы кем­шіліктерге көз жұма қара­май, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұр­лаусыз заманда өмір сүріп жат­қан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды».

Бұл – үлкен месседж. Бұл ойлар біздің тәуелсіздіктің отызыншы белесін орталап қалған еңселі ел ретінде еге­мендіктің елең-алаңындағы эйфо­риядан толық шығып, дүние дамуында алды-артын бағамдап, «ақырын жүріп, анық басатын» мемлекет ретінде орныққанымыз­ды ай­қын­дап отыр. Ұрпақ ұлт­тық құн­дылықтарды бойына сіңіре отырып, уақыт көшінен қалмауы керек. Ұдайы алда болуды өршіл мақсат етуге тиіс. Ата-бабамыз аттың құлағында қалай ойнаса, жас ұрпақ заманауи ақпараттық технологияларды да солай жетік меңгеріп жатса, үміттің ақталғаны сол болар еді. Ұлттың ұлы­лығы, даралық, отаншылдық сонда ғана танылатынына куә болар едік. Сұхбатта жалған патриотизм, даңғойлық пен дарақылық туралы дер кезінде айтыл­ды. Қоғамның жегіқұрты – осылар. Жасандылық пен жалған­дық орын алған жерде кері кетушілік, Абай­ша айтқанда «өсек, өтірік, мақтаншақ» сияқ­ты жағым­сыз әрекеттер бой көтере бастайды. Ал бұл кесапаттар ұлтты ешқашан ұшпаққа шығар­майды. Түп­теп келгенде, Отанды сүю, ата-анаңды сый­лап, жақсы көріп, қадір­легенің тәрізді жү­рек­тен саф таза күйін­де шығуға тиіс. Біз сон­да ғана етек-жеңін жинаған баянды ел бола­мыз. Сұхбат осы ойға жетелеп тұруымен құнды.

 

Қуат БОРАШ,

қоғам қайраткері,

журналист