Пікір • 04 Қаңтар, 2024

Инвестицияға қолайлы елдер қатарына кіре аламыз

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының көлемді сұхбатының екі тарауы отандық экономикаға қатысты екен. Мұндағы ең басты сұрақ – 2029 жылы стратегиялық мақсатымыз 450 мил­лиард долларлық ішкі жалпы өнімге жете аламыз ба? Әу бастағы есеп бойынша мұндай мақсатқа жету үшін жыл са­йын экономикалық өсім 5 пайыздан кем болмауға тиіс. 2023 жылы шамамен 5 пайыз өсімді қамтамасыз еттік. Бірақ онда 2024 жылы кем дегенде 6 пайыз өсімді бағындыруымыз керек.

Инвестицияға қолайлы елдер қатарына кіре аламыз

Президент Үкіметтің қолына барлық қажетті құралдар мен өкілеттілік берілгенін және Үкіметке сенетінін айтты.

«Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады», де­ді Мемлекет басшысы. Менің ойым­ша, бұл ретте сатып алу қабі­­л­еті паритетінің курсаралық қай­­та есептеудің арқасында біз­дің жаққа ойнағанын ескеру керек.

Мұнайдың құбылып тұратын бағасы біздің экономика­лық өсімнің драйвері саналатыны өте қауіпті, әрі бұл – уақытша дүние. Отандық экономиканы фундаменталды өсірудің екі тетігі ғана бар. Президент оларды біліп отыр. Біріншісі – өндірісті көбейту. Зауыт көбейген сайын, біз мұнайға деген тәуелділіктен алыстай бастаймыз. Екіншісі – сол зауытты салуға келетін, жаңа технологиясы мен ақшасын әкелетін инвестор. Осы екі тетік қосарлана жүреді.

«Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қой­дым. Бұл штабқа еліміздегі инвес­тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген», деп түсіндіреді Мемлекет басшысы.

Енді инвесторлар не алады? Бастысы, инвестициялардың қор­ғалуына берілетін мемле­кеттік кепілдік. Ол үшін еліміз рейдерлікті түп-тамырымен жоя­ды. Екіншісі – түсінікті және қолайлы заңнама. Ол – Салық кодексінің жаңаруы, инвес­торларды қорғау мен қолдау­ға арналған баптардың бір­неше заңға толықтыру ретін­де енгізілуі. Осы екі өзгеріс бар және Қазақстанның «ВВВ» дең­гейіндегі суверенді ин­вес­­ти­циялық рейтингі бар, Астанада Британ құқығымен жұмыс іс­тейтін халықаралық арбитражды сот бар, барлығын қоссақ, Қазақстан 2024 жылы Еуразия құрлығы бойынша инвестиция салуға ең қолайлы ТОП-10 елдің қатарына кіретіні сөзсіз. Біздің меже –  биыл 50 миллиард доллар инвестиция тарту. Осыны іске асырған кезде Қазақ елін ешкім тоқтата алмайды.

Президент біздің биылғы экономикалық стратегиямызды мына абзацпен нақты түсіндіре­ді: «Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқы­нын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндік­ке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да, желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз».

 

Айбар Олжай,

экономист