Пікір • 04 Қаңтар, 2024

Салиқалы сұхбаттың салмақты тұсы

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Egemen Qazaqstan» газетінде шыққан кең көлемді сұхбатын оқып, елдің қазіргі жағдайы мен келешегі жөнінде көп мағлұматқа қанықтық. Әсіресе Қазақстанда энергия тапшылығы тақымдап тұрған сәтте АЭС салу немесе салмау мәселесіне қатысты ұстанымы біздің ойды дөп басты.

Салиқалы сұхбаттың салмақты тұсы

«Байтақ» жасылдар партиясы энергия көздерін әрта­раптандыру және қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді барынша азайту қажеттілігін ескере отырып, атом энергетикасын дамытуды жақтады. Оны ел-жұрт алдында ашық айтып жүрміз. Сондықтан тақырыптың күрделілігін сезіне отырып, біз атом энергетикасының артық­шылықтарын терең зерделеп, мол ақпарат беру үшін арнайы тұғырнама әзірледік. Онда құрылған алаңда саясаткерлер, сарапшылар және қарапайым азаматтар арасындағы диалогке жол ашылды. Ел арасында туған сұрақтарға қайтарылған сауатты жауаптар түсінбеушілік пен қорқынышты жояды. Сөйтіп, мөлдір таза ақпаратқа негіздел­ген энергетикалық шешімдер қабылдауға негіз болады.

Біз еліміздің болашағы үшін атом энергетикасының стра­тегиялық маңызын түсіндік. Айтылған сайттағы ашық алаң біздің көзқарасымызды, халық­­аралық тәжірибені және осы энергия көзінің артық­шылықтары туралы қоғамды белсенді түрде хабардар етіп отыруды қамтамасыз етті. Әр дайым диалогті қолдау мен ядролық энергияның қауіпсіздігі және артықшылықтары туралы ақпаратты таратуға дайынбыз. Партияның ядролық энергетикаға басты назар аударуы оның негізгі артықшылықтарына байланысты. Ол сенімді, тиімді және іс жүзінде шығарындылары жоқтың қасы. Бұл сайттың құрылуы тек алға жасалған қадам ғана емес, осы саладағы кадрларды даярлауға бағытталған стратегиялық шешім болып табылады. Партиялық базадағы сарапшылар мен мамандар атом энергиясын қауіпсіз, тиімді және қоршаған ортаға әсер ету тұрғысынан пайдалану аспектілерін зерделеп, терең зерттеулер жүргізеді.

COP 28 климаттық конфе­рен­циясының маңызды ше­шім­дерінің бірі, көміртегі бей­тараптығына және климаттың өзгеруіне қарсы күресте прогрес­ке қол жеткізу үшін атом электр стансаларын салу болды. Байтақ делегациясы Дубайда өткен бұл конференцияға қатысты. Себебі 2015 жылы Париж келі­сіміне қол қойған Қазақстан көмір­тегі бейтараптығының жолына түскен. Дубай конференциясын­да оған қалай жетуге болатыны жер шарының түкпір-түкпі­рінен келген арнайы мамандар ара­сында талқыланған негізгі тақы­рыптың бірі болды. Таза нөлге жету үшін жаһандық таза электр қуатын өндіру 7 есеге артуы керек. Дүние жүзінде таза нөлге қол жеткізу үшін қазірден бастап 2050 жылға дейін жан басына шаққанда жыл сайын 200 кВт/сағ таза электр қуатын қосу қажет.

Ядролық энергетика таза электр энергиясын жылдам және тұрақты өндірудің негізі екенін дәлелдеді. 2050 жылға қарай таза нөлге жету үшін көптеген елдер атом электр стансаларын көбірек салуы керек. Болашаққа көз жүгіртсек, атом энергетикасы таза электр энергиясын өндірудегі ең жақсы дәлелденген әлеуетке ие. Географиялық тұрғыдан шектеулі су электр қуатын қоспағанда, атом энергиясы әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан 20 таза электр жобасының 15-ін құрайды. Біріккен Араб Әмірліктері таза электр қуатын өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр. Соңғы бес жылда БАӘ жыл сайын жан басына шаққанда 557 кВт/сағ ядролық және күн энергиясын қосты. Бұл жан басына шақ­қанда 44 кВт/сағ әлемдік орташа көрсеткіштен 12 есе жылдам.

Кейінгі 5 жылда 23 елдің 16-сы атом электр стансасын салу, жаңғырту және жұмысын жақсарту арқылы өз мақсатын орындады. Осы 16 елде атом электр стансалары қосылған таза электр энергиясының 75%-ын құрады. Осындай маңызды ақпараттарды таразылай білген ел азаматтары болашақ референдумда өз таңдауларын дұрыс жасайды деп үміттенеміз.

 

Азаматхан ӘМІРТАЕВ,

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы