Аймақтар • 10 Қаңтар, 2024

Атырау мұнай өңдеу зауытына жаңа бас директор тағайындалды

1759 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директоры қызметін енді Ғалымжан Жусанбаев атқарады. Оның мұнай-газ саласында тәжірибесі бар, деп жазады Egemen.kz.

Атырау мұнай өңдеу зауытына жаңа бас директор тағайындалды

Ғалымжан Жусанбаев мұнай өңдеу және мұнай-химия саласында басшылық қызметтер атқарған. Әр жылдары Мәскеудегі Н.Семенов атындағы Химиялық физика институтында, еліміздің Қаржы министрлігінде, Қазақстан Республикасының Ирандағы елшілігінде кеңесші-елші (экономика бағыты, мұнай өңдеу және мұнай-химия салалары бойынша) болып жұмыс істеді.

Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларында мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау және өңдеумен айналысатын бірқатар компанияны басқарды. Қазақстандағы мұнай-химия өндірісін дамытуға қосқан үлесі үшін Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
«Соңғы кездері Атырау мұнай өңдеу зауытында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен тығыз ынтымақтастығының нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, мұнай өңдеу және мотор отынын шығару көлемі артты. К-5 класындағы АИ-92 бензинін (ЕВРО-5 стандартының аналогы) өндіру жолға қойылды. Авиакеросин өндіру көлемі ұлғайып, каталитикалық крекинг қондырғысы 300 т/сағ жобалық қуатына шығарылды. Электр энергиясын техникалық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Шығындарды азайту және кәсіпорынның экологиялығын арттыру мақсатында резервуарларға 6 понтон орнатылды», деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.
Кәсіпорынның операциялық тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар іске асырылып жатыр. Зауытты электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін газтурбиналық электр станциясын салу жобасы қолға алынды. Tazalyq экологиялық жобасының екі кезеңі және булану алаңдарының екі секторын рекультивациялау жұмыстары аяқталды.