Қазақтың секіртпе күйін шебер орындаған жас өрендердің өнерін шетелдік қазылар ерекше ықыласпен бағалаған.
«Оқушыларым өнер көрсетіп болғаннан кейін шетелдік қазылар жанымызға келіп, таңданыстарын жеткізді. Ұлттық аспапты қолдарына ұстап, шертіп көрді. Домбыраның үніне тамсанып, біраз тұрды. Өнерімізге жоғары баға берді. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Енді Еуропада өтетін халықаралық байқауға қатысуды көздеп отырмыз», дейді домбыра үйірмесінің мұғалімі Жәнібек Қазыбекұлы.
Халықаралық байқауға Түркия мен Қырғызстанның да өнерпаздары қатысыпты. Қарағандылық жас күйшілер үлкен сахнада өнер көрсетіп, бақ таластыру оңайға түспегенін айтады. Өнерпаздардың ішіндегі Төкен Байжігіттің домбыра үйірмесіне қатысқанына бір жыл ғана болған. Талпынысы таңдай қақтырған. Міне, Дубайдағы үлкен додада бақ сынап отыр.
– Мен Дубайда өткен байқауда қатты қобалжыдым. Бас жүлде алғанда қатты қуандым. Әрине, біраз еңбектендік. Еңбегіміз ақталды. Осындай халықаралық деңгейде өнер көрсету оңай емес. Әрі қарай да шеберлігімді шыңдаймын. Мұғалімдерден бәрін үйреніп, сахна төрінде жарқырағым келеді, – деді жас күйші.
Олжалы оралған жас күйшілер ансамблі алдағы уақытта болатын басқа да халықаралық байқауларға дайындықтарын жалғастырмақ. Репертуарларын жаңғыртып, жаңа композициялар қоспақ.
Қарағанды облысы