Бірақ осыған қарамастан, «есінен адасқан жасушамен» күрес жалғасып жатыр. Дәтке қуат дейтініміз, қай елде болмасын, обырға душар болу көрсеткіші жоғары болғанымен, одан көз жұматындар саны жыл өткен сайын азайып келеді. Бұған қоса, биылғы Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.
Осы орайда Орталық Азияда, оның ішінде Алматыда алғаш рет онкологиялық науқастарды тиімді емдеуге мүмкіндік беретін цифрлық инновациялық жүйе орнатылғанын қуана хабарлаймыз. Мұндай жүйе қазір әлемнің алдыңғы қатарлы онкологиялық орталықтарында қолданылады. Осылайша Алматы онкологиялық орталығында 2019 жылы пайдалануға берілген, АҚШ-та жасалған қолданыстағы желілік үдеткіште инновациялық жүйенің орнатылуы маңызды революциялық жетістік болды. Қатерлі ісікті тікелей көздейтін сәулелендіру әдісін енгізу пациенттерге жоғары дәлдікпен және әрбір науқастың ағзасына бейімделген ем жүргізуде маңызы орасан. Инновациялық жүйе науқастың тыныс алуын бақылай отырып, оның тыныс алуына сәйкес сәуле бағытын автоматты түрде реттей алады. Бұл терапия нақты уақыт режімінде ісіктің дәлдігін бақылауға, тіпті науқас тыныс алып жатқан кезде де ісікті дәл күйдіруге мүмкіндік береді әрі оның айналасындағы сау тіндердің зақымдану қаупі азаяды.
Бүгінде Алматы онкологиялық орталығының сәулелік терапия бөлімінде күн сайын 100-ге жуық онкологиялық науқасқа ем-дом жасалса, осы әдістің кеселдің бастапқы, тіпті кейінгі сатысындағы пациенттердің денсаулығын жақсартуда, өмірін ұзартуда септігі мол. Сәулелік терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігі ісікке әсер етудің дәлдігіне тікелей байланысты. Мұны медицина тілінде «таргеттік терапия» деп атап жүргені белгілі. Жаңа жүйе – емнің ағзаға жанама әсерін азайта отырып, онкологиялық дерттерді емдеу тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыра алады. Қысқасы, жүйе желілік үдеткішпен толықтай біріктірілген, процедура кезінде ісіктің орнын анықтау, бақылау арқылы миллиметрлік жоғары дәлдікпен сәулеленуді қамтамасыз етеді.
Жүйенің стереоскопиялық рентгендік позициялау, пациенттің жағдайын қадағалау, жоспарды есептеудің цифрлық жүйесі ісікті барынша дәл сәулелендіру, емдеу барысын реттеу сынды бірегей функциялары бар. Тағы да айта кету керек, бұл сау тіндердің зақымдану қаупін азайтуда өте маңызды. Сонымен қатар жаңа жүйе радиотерапия сеансының да уақытын айтарлықтай қысқартып, емдеу жоспарын әзірлеуді жылдамдата түседі. Бұл әсіресе, ми ісігі мен басқа да күрделі ағзаларды емдеу барысында аса маңызды.
Қалай десек те, сәулелік терапия саласына енгізіліп отырған озық технологиялар Алматы қаласындағы онкологиялық көмектің деңгейі дұрыстала бастағанын дәйектейді. Осы арада онкологиядағы инновациялық жүйеге қол жеткізуге Алматы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсеткенін айта кету керек.
Жоғарыда келтіргендей, биыл онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Бес жылды қамтитын құжат отандық онкологиялық көмекті дамытуда маңызы жоғары. Өйткені онкологиялық көмекті жетілдіру өзекті міндетке айналып отыр: жыл сайын елімізде 40 мыңға жуық адамда қатерлі ісік бар екені анықталады, жыл сайын 13 мың пациент қайтыс болады. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсету мен емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдер сынды жағдай жасау қажеттігіне ерекше тоқталғаны бекер емес.
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру 5 жыл ішінде, 2023 жылдан 2027 жылға дейін бес негізгі бағыт бойынша көзделген. Атап айтқанда, қауіп факторларының профилактикасы және басқару, тиімділігі жоғары ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту.
Кешенді жоспардағы көздеген мақсаттар кесел дамуының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диагностикалау үшін және жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану есебінен заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады. Бұған қоса телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.
Онкологиялық ауруы бар азаматтар озық технологиялардың септігімен еліміздің әрбір өңірінде әлемдік стандарттар деңгейінде сәулелік ем ала алады. Әр өңірлік онкологиялық орталықта пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сол сияқты ауылдық жерлерде тұратын науқастар жылжымалы медициналық кешендердің мобильді қызметтерін пайдалануға қол жеткізеді. Паллиативтік көмек пен оңалту сапасы артады. Егер жоспар нақты жүзеге асатын болса, отандық онкологтер әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіліп отыруға тиіс.
Елдің шалғайындағы елді мекендерде онкологиялық көмекті күшейтуге «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры үлкен үлес қосады. Осы қордың көмегімен сәулелік терапия жүргізетін заманауи аппараттар – желілік үдеткіштер, диагностикалық жабдықтар – сәулелік терапияны жоспарлау үшін виртуалды модельдеу функциясы бар компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар орнатылмақ. Ересектер мен балалардағы онкологиялық, онкогематологиялық ауруларды емдеуге арналған ісікке қарсы заманауи препараттар сатып алынады. Сондай-ақ қор қаражаты есебінен медицина мамандары шетелде біліктілігін арттырудан өтеді.
АЛМАТЫ