Жиынға Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири, М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, професссор Нұрдәулет Ақыш, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, жазушы Серік Асылбекұлы, танымал әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, ақындар Әділғазы Қайырбеков пен Маралтай Райымбекұлы, жазушы Дидар Амантай қатысты. «Сұхбаттың ерекшелігі неде?» деген сұрақты темірқазық етіп алған жиынға қатысушылар өзекті, маңызды санаған мәселені алға шығарып, сұхбатта айтылған идеяларды өз көзқарасымен ширата түсті.
Жиын тізгінін қолға алған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Президент сұхбатында саясатқа, рухани өсуімізге, мәдениетке, экономикаға, жалпы қоғамның барлық саласына қатысты ел күткен ең маңызды мәселелер қозғалғанын атап өтті. «Саяси жаңғыру жыл сайын қарқын алып келе жатқанын білеміз. Реформа бір күнде жасалмайды. Әр игілікті бастаманың уақытпен бірге пісіп-жетілетін өз сағаты болады. Қазақ ойланатын, қазақтың зиялысын оятатын ой-пікірі мен белгілеген мақсаты бүгінгі күн үшін маңызды. Елімізде болып жатқан жаңалықтарға ең алдымен қаламгерлеріміз үн қосады», деді модератор.
Ахметжан Ашири Мемлекет басшысының сұхбаты ең алдымен Қаңтар қасіреті, билік пен ескі жүйе арасындағы қайшылық туралы сан қилы әңгімеге нүкте қойғанын алға тартты. «Тәуелсіз елдің іргетасы – білім десек, жаңа дәуірдің күн тәртібіндегі ең маңызды да негізгі мәселесі – білім мен ғылымды дамыту. Әңгімеде руханият тақырыбы да назардан тыс қалмады. Президент жат мәдениетке бой алдыру, жалған патриотизм, жалған адалдықтан сақтандырды. Бұл бүгінгі қиын-қыстау кезеңде өзгеріске бет алған Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды. Біз ненің жақсы, ненің жаман екенін білуіміз керек. Ұлттық құндылықтарға келсек, әділ адамның бойында әділдік, қамқорлық сияқты ізгі қасиеттер бар деп есептейміз. Әділетті Қазақстанды салиқалы адамдар құрады», деді ол.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса қазіргі таңда саяси мәселелердің алдыңғы қатарға шығуы заңды екенін атап өтті. Оның айтуынша, саяси мәселелер ушығып тұрған кезде одан айналып өту мүмкін емес. Депутат сондай-ақ Президент сұхбатында ерекше атап өткен парламенттік оппозиция, банкроттық, заңсыз активтерді қайтаруға қатысты үш заңды «Ақжол» партиясының біраз уақыттан бері мәселе ретінде көтеріп келе жатқанына тоқталды. «Заңсыз активтерді қайтаруға байланысты құрылған комиссия былтыр алғашқы есебін берді. Күзде құрылған комитет 876 млрд теңгені қайтарған. Ал біз он жыл бұрын осы мәселені көтергенде, 167 млрд доллар шетелдің оффшорында жатты. Он жылда 200 млрд тағы да сыртқа кетті. Теңгеге шаққанда бұл 100 триллион шамасындағы қаржы. Ал кешегі қайтқан ақша 1 триллионға да жетпейді. Бірақ бастысы, заң қабылданды, сең қозғалды. Үлкен үміт күтеміз», деді ол.
«Сұхбатты оқып шыққаннан кейін өз тарапымнан үш ұсыныс білдіргім келеді, – деді жазушы Нұрдәулет Ақыш. – Біріншіден, сұхбатта «озық ойлы ұлт» деген мәселеге айрықша басымдық берілген, ал озық ойлы ұлт қалай қалыптасады? Ең алдымен, ғылым дамыған жағдайда болады. Ғылым туралы мәселе күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл деген сөз – әрбір іске ғылыми жағынан келу керек. Ғылыми тұрғыдан пайымдап, соның шешімін табу керек дегенді білдіреді. Екінші, сыбайлас жемқорлық. Үшінші, тіл. Міне, осы үш мәселеге байланысты сұрақ барлық тілшінің көкейінде тұруға тиіс және тұлға, құзырлы мекеме бұл сұрақтардың жауабынан жалтармауы керек».
Жиында қаламгер Серік Асылбекұлы Парламенттің мәртебесі биік екенін атап өтіп: «Парламент қабылдаған заңға Президент те, Үкімет те, халық та бағынады. Сондықтан заңның халық мүддесін көздеп сапалы қабылдануы өте маңызды», деген ойын ашық білдірді. «Мәслихат, мәжіліс депутаттарының бұрынғыдай тек партиялық тізіммен емес, бір мандатты округтер арқылы да сайлаудың арқасында еліміздің заң шығарушы билігінде қазір парламенттік оппозиция қалыптаса бастады. Осы бастаманы 50х50 мөлшермен әлі де болса кеңейте түсу керек», деді ол.
Сыншы Әмірхан Меңдеке сұхбаттың ашықтығы, анықтығы мен нақтылығын ерекше атап өтті. «Президент ештеңені бүркемелемеді, ештеңені жасырып-жауып қалмады. Дипломатиялық тілден гөрі халық осылай ашық, кесіп айтқанды жақсы көреді. Бұдан тиісті қорытынды шығарады. Сабақ алады», деді сыншы.
«Заман өзгерді. Алайда шенеуніктердің балалары, немерелері әлі орыс мектебіне барады». Күн тәртібінен түспей тұрған өткір мәселенің бірі – аралас мектептер санының азаймауын ашына айтқанның бірі – Әділғазы Қайырбеков. Ақын сөзінде ұлттың мұң-мұқтажын ұғу үшін көп тіл білу міндет емес екенін айтты. «Ана тілінің уызына жарымаған адам қайтіп қазақтың жанын түсінеді? Әйгілі классик жазушыларымыздың ұрпақтары аталарының жазғандарын аударма арқылы ғана түсінетін жағдайға жеткенін көріп отырмыз. Мемлекеттік тіліміздің босағада қалуына, ресми тіл дейтіннің оза шабуына осы себеп болғанын тым кеш ұға бастадық. Бұл ойымызды Президенттің «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс» деген сөзі дөп басты», деді ол. «Аралас мектептер тұтастай мемлекеттік тілде оқытуы керек. Қашанғы ұрпағымыздың болашағына немқұрайды қарай береміз? Осы жайында жазушылар талай жыл бойы мәселе қойып, айтып, жазып келеді. Енді құлақ асатын уақыт келді», деді ақын дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде.
Басқосуда сөз тізгінін алғандардың бірі – Маралтай Райымбекұлы. Ақын Мемлекет басшысының сұхбаттағы әр сөйлемнің жүгі ауыр, салмақты, салиқалы екенін айтты.
«Халықтың көкейінде Қаңтар қасіретіне байланысты алуан пікір бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осынау бұлдыр күндер туралы, сол кездегі келеңсіз жайды халыққа барынша ұғынықты сипатта жеткізіпті. Халық көкейіндегі көптеген күпті сауалға салауатты жауап алды», дейді ақын.
Кешегі қанды Қаңтарда ел басына алмағайып күн туғанын айтқан ақын аңсап жеткен Тәуелсіздігімізге қатер төнгенін де еске алды. «Алаш баласы тізерлеп барып қайта түрегелді. «Өмір бойы жығылмай тік жүрген адам күшті емес, сүрініп барып қайта бойын түзеп, бастапқы жолына қайта түскен адам ұлы» деген даналардан қалған сөз бар. Талауға түскен жұртымыз, талқыға түскен ұлтымыз есін тез жиып, пайым биігінде тез топтаса білді. Ақ-қараны безбендеу әуелгіде тұманды болды. Шындық қай кезде де қымбат. Сұхбатта көп дүние ашық айтылыпты. Халық шындыққа көз жеткізген сайын билікпен екі ортадағы сенім нығая бермек», деп сөзін түйіндеді ол.
Ал ойшыл жазушы Дидар Амантай Президенттің сұхбатын «дамудың экономикалық тетіктерінен ұлттық құндылықтарға дейінгі аралықты қамтыған, саяси идеологиялық тұрғыдан халық мүддесін, ұлт мұратын айқындаған кешенді мақала» деп айшықтап берді. Жазушы Мемлекет басшысының қаңтардағы сұхбатының, біріншіден, шыншылдығы әрі шынайлығы таңғалдырғанын да жасырмады. «Президенттің сұхбаты қасаңдықтан қашқан, халықтың тілінде сөйлеуге тырысқан сұхбат. Екіншіден, осы уақыт ішінде қазақ елі бастан кешкен, әсіресе Қаңтар оқиғасы туралы тура айтқан. Үшіншіден, сұхбатта Президент қазіргі экономикалық, идеологиялық, ұлттық құндылықтардың мәнін табуға, сырын ашуға тырысады, тіпті қазақ бойынан көргісі келетін қасиеттерді де тізіп өтеді», деген Дидар Амантай сұхбатты «халықтық сипаты бар елдік мүддені көздеген» дей келе: «Қазақ қоғамының даму тетіктерін алға тартқан, пікірталасқа, ұлтына қалтқысыз қызмет етуге шақырған дүние. Жан-жақты пысықталған, байсалды, байырқалы сұхбат. Уақыты дәл, мерзімі, тақырыптары маңызды сұхбат» екенін атап өтті.
Тұтастай алғанда, қаламгерлер қауымы Президенттің тұжырымдамалық сұхбатының қоғамды айқындылыққа бастайтынына сенім білдірді.
АЛМАТЫ