Экология • 14 Қаңтар, 2024

Құрғаған ұлтан қараусыз қалмайды

523 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында әрбір тал-дарақ пен аң-құстың аман­дығын сақтап, өз жеріндегі эко­логиялық ахуалды күзеткен орманшы еңбегін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Табиғат сақшылары жылдан-жылға орман алқаптарын көбейте отырып, экологиялық тұрақтылыққа септесіп келеді. Табиғатты, бай­лық пен қорды сақтап жүрген олар­дың еңбегі көзге көрінбесе де, құрметтеуге әбден лайық. Олар­­дың міндеті – өңірдегі орман мен то­ғайлы жерлердегі қорды мүмкін­дігінше сақтау, пайдалану, өсіру.

Құрғаған ұлтан қараусыз қалмайды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөнінде тапсырмасы бар. Соған сәйкес екі жыл бұрын 101 мың гектар сексеуіл егіліп, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар жерге фито­ор­манмелиорациялық жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Былтырғы меже – 250 гектар жер толығымен қамтылды.

Биыл да 250 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерімен бір­лесіп 53 мың гектар жерге сексеуіл кө­шеті егілген. Сондай-ақ көктемде 7 777 гектарға 28 мың кило қарабарақ тұ­қымы, ал күзде 39 223 гектар жерге галофитті өсімдіктер тұқымы себілді. Ал республикалық бюджет есебінен 11 731 мың гектарға 3,5 млн-нан аса сек­сеуіл көшеті отырғызылған. Бұған қосымша теңіз ұлтанындағы 27 097 гектар орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шаралары жүріп, күзде 73 мың гектарға жуық жерге галофитті өсімдіктер тұ­қымы себіліпті.

Мамандардың пікірінше, Арал теңі­зінің құрғаған ұлтанындағы топы­рақтың тұздылығы жоғарылап, жердің сортаңдалуына байланысты ендігі ат­қаратын фитоторманмелиорациялық жұмыс, яғни сексеуіл көшетінің орнына галофитті өсімдіктерді (қарабарақ, сарсазан) ауыстыру керек. Себебі бұрынғы теңіздің тартылған орнына жақындаған сайын топырақ құрамы нашарлап, тұз­дылығы жоғары болып келеді. Осыдан соң егілген сексеуіл көшетінің өсуі тежелген. Ал галофитті өсімдіктер кейбір, сортаң жерге бейім. Екіншіден, мұнда өзен және көлдер жүйесі жоқ екені белгілі. Осыған орай, егілген алқаптың әрбір 50 мың гектары үшін бір скважина қазған дұрыс. Бұл климаттық жүйеге әсер етіп, ылғалды көбейтпек.

– Жалпы құрғаған теңіз ұлтаны қараусыз қалмайды. Ондағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуал­ды жақсартуда бүгінге дейін бір­аз жұмыс атқарылды. Аралдың дең­гейі 1968-1990 жылдар аралығында негізгі жағалаудан 100-150 шақырымға дейін қайтқаны белгілі. Бұрынғы су жатқан ұлтан жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. 1991 жылы «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, құрғаған ұлтанды орманға айналдыруға өңірдегі орманшылар жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы аума­ғында ормандарды сақтау және молайту» бағдарламасына сәйкес Дү­ниежүзілік банк қолдауымен 2008-2014 жылдар аралығында теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызып қана қой­май, тұқымын себу жұмыстары жүр­гізілді. 2018-2020 жылдары Корея Рес­­публикасының орман қызметінің қолдауымен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы іске асып, 13 мың гектардан аса жерге сексеуіл көшеті отырғызылды, – дейді Арал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев.

Оның айтуынша, орманшылардың еңбегіне тұрарлық әрі оларды қолдауда жақсы жаңалық жоқ емес. Екі жыл бұрын облыстағы Арал мен Қазалы ор­маншыларына су жаңа техникалар берілген еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2 өрт сөндіру авто­көлігі, 6 ХТЗ тракторы алынды. Ал былтыр орман шаруашылығы меке­мелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 трактор, 6 орман отырғызу агрегаты, 2 өрт сөн­діруші машина, 2 патрульдік авто­көлігі беріліпті. Бұған қоса бірнеше қажетті жабдық алынған. Ал орман өртін болдырмау, алдын алу үшін тиісті мекемелерде 11 өрт сөндіру көлігі мен 53 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Жалпы 2022-2024 жылдар аралығында теңіз ұлтанында сексеуіл егуге қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп тұрмақ.

Сексеуілді көптеп отырғызғанмен оның түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер жайлы айтпасқа болмас. Оның үстіне көмiрдiң жетiспеушiлiгi мен қымбаттауы ауыл­дағы ағайынға ауыр тиді. Сексеуiлдi отын ретiнде қолдана бастады. Бұған қоса үлкен қалаларда кәуап пісіру орын­дары көптеп ашылып, оған деген сұраныс барынша артқан. Міне, пайдаға құныққандар темір троспен сексеуілді түп-тамырымен қоса жұлып алатын бол­ған. Бұл біздегі орман қорын азайтып тұр.

– Жалпы, сексеуілдің тұқымы күзде, қазан айының соңына қарай әбден піседі. Орманшылар осы кезде дәнді жинап, алдағы қар жауар алдында құрғаған теңіз табаны себеді. Сондай-ақ көшетпен егу арқылы да орман қоры молайды. Наурыз айының алғашқы он күндігінде орманшылар арнайы жабдықталған жылы вагонда жатып, 15 күн ішінде қыстағы тоң мен қардың ызасы арқылы ылғал топыраққа көшет отырғызады. Егер бір тал көшет тұзды топырақта шықса, бұл – үлкен еңбек. Ол бес жылда дән беріп, тұрған желдің әсерімен жан-жа­ғында табиғи өсім де пайда болады. Ал бір түп сексеуіл жел мен дауылдан көшкен құмның 3-4 тоннасына бөгет болып тұр. Қыста жауған қарға да солай. Сексеуіл түбіне үйілген қардың көктемгі ылғалымен өзге де өсімдіктер өседі. Қазір сол уақыттары егілген сексеуіл тұқымы мен көшеттері құрғаған теңіздің орнынан ұшқан тұзды шаңның ұшуын тоқтатып, экологиялық жағдайдың жақ­саруға көмегін тигізуде. Бұл – өңір хал­қының денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп, өсуіне оң әсерін береді, – дейді орман шаруа­шылығының маманы Файзулла Смағұлов.

Байырғы орманшының айтуынша, 90-жылдардың басында тартылған теңіз орнына барған орманшылардың көргені, тек суырған құм ғана болыпты. Өсімдік пен жануарлар дүниесінен ада қалған. Құс ұшпайды. «Біз алғаш барғанда тек жорғалап жүрген қара қоңыздан өзге ештеңе көрмедік. Теңіздің аянышты ха­лін көру бізге өте ауыр болды» дейді ол.

Иә, адамзат тарихындағы ең ірі эко­логиялық апат салдарынан жерді тұз басып, шөлейтті жер аумағы көбейіп, адамзат денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп, өсуіне кері әсерін тигізіп отырғанын жиі айтып ке­леміз. Аралдың тартылуы аймақтағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауылдың ұзындығы – 400, көлденеңнен 40 шақырымды алады екен. Ал радиусі – 300 шақырым. Бұл – тартылған теңіздің мәселесі жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемге қауіп төн­діруде деген сөз. Осының салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның өзі Еуропа мен Антарктидаға дейін жетіп жатқандығы алаңдатады.

Мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны – 4,5 млн гектар. Осын­ша гектардың 2,2 млн-ы Қазақстан аума­ғында деп көрсетілген. Аз жер емес. Құр­ғақ аймақтың тұз басып, шөлейт жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсері тіптен көп. Жануарлар мен өсім­дік­тердің көбеюіне қарсы мұндай фак­торларға бірден-бір амал – теңіз ұлта­нына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқ­ты галафитті өсімдіктерді егу еке­нін кейінгі 20-25 жылдың тәжірибесі дәлел­деп отыр.

 

Ержан ҚОЖАС

Қызылорда облысы