Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Басылымның алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көріпті. Мәйегі мен маңызы ерекше, әдеби һәм мәдени өмірді жан-жақты қамтитын басылымның бірінші басшысы – Ғабит Мүсірепов. Мұнда талай зиялылардың қолтаңбасы бар. Басына аумалы-төкпелі алмағайып заманның қара бұлты үйірілсе де, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, ұлтқа керек көсемсөзді ұмыттырмай, замана көшімен жетелеп келе жатқан басылым бұл. Ұлт қаламгерлері үнжариясының ғасырға аяқ басқан мерейтойына арналған салтанатты іс-шараның мінберіне көтерілген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жиналған қауымға Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ ол газет ұжымына Мемлекет басшысының арнайы сыйлығы ретінде автокөлік кілтін табыс етті.
«Бүгін еліміздің шежірелі басылымының бірі – «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш жарық көргеніне 90 жыл толып отыр. Кезінде Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сияқты әдебиетіміздің алыптары іргесін қалаған тарихи басылым – сөз өнерінің алтын қазынасы. Оқырманның көзайымына айналған газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды», деді Аида Ғалымқызы.
Салтанатты іс-шара барысында «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойына орай тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы абыройлы қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен осы ұжымда қызмет еткен зейнеткер журналистер – Исраил Сапарбай, Әмірхан Меңдеке, Қайырбек Асанов, Жұмабай Шаштайұлы, Әлия Бөпежанова, Еркін Жаппасұлы, Гүлжамал Теміреева марапатталды. Сондай-ақ «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен газет тілшісі Мөлдір Райымбек марапатталса, министрдің Алғысхатымен газетте суретші-дизайнер болып қызмет еткен зейнеткер Төлеген Ильяшев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының кеңесшісі Жүсіпбек Қорғасбек, «Рамазан Групп» компаниясы басшысының кеңесшісі Думан Рамазан, осы газетте 24 жыл корректор болып еңбек еткен Кенжехан Нүсіпова, республикалық қоғамдық және діни-танымдық «Дүрбі» газетінің беттеуші-дизайнері Елубек Базарбеков және әдеби газеттің беттеуші-дизайнерлері Данияр Қабаев пен Марат Тұрсынов марапатталды.
АЛМАТЫ