Тағзым • 15 Қаңтар, 2024

Қайраткерге құрмет

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда танымал мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовті еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті. Тәуелсіз еліміздің тарихында іргелі істерімен айшықталған айтулы азаматтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Руханият жанашырлары, қоғам қайраткерлері мен белгілі саясаткерлер бас қосқан тағзым іс-шарасында көрнекті тұлғаның өмір белестері, қайраткерлік қыры хақында өзекті ойлар айтылды.

Қайраткерге құрмет

Тәуелсіздіктің елең-ала­ңын­да елдің жауапты азаматтарымен бірге мемлекет ірге­та­сын қаласқан Заманбек Қала­байұлы Алматы қаласы мен облысының басшысы, Тө­тенше жағдайлар министрі секілді маңызды міндет­терді атқара жүріп, көптеген түйт­кілді мәселенің түйінін тар­қатуға себепші болды. Оның бастамасымен жүзеге асқан ауқымды жұмыстарды аймақ тұрғындары әлі күнге дейін айтады. Бұл жө­нінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатында да айтылды. Ел басшысының жүрекжарды пікірін Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді.

«Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұр­қаділовтің туғанына 80 жыл тол­ды. Тәуелсіз Қазақстан тарихын­да ел мүддесі үшін аянбай ең­бек еткен азаматтар аз емес. За­манбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз.

Ұлт перзентінің есімін ел жа­дында жаңғыртып, еңбегіне ла­йықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңген еңбегі еш­қашан ұмытылмайды», делінген Президенттің хатында.

Сондай-ақ Парламент Сена­тының төрағасы Мәулен Әшім­баев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың барша депутаттар атынан жолдаған ресми хаттары жиналған қауымның алдында оқылды.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бастаған қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым ерен тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғырту – жауапты міндет, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беруі қажет деп есептейді.

Еңбек ері Асанәлі Әші­мов: «Заманбек халықтың сүйіс­пеншілігіне бөленген, адал, батыр тұлғалы азамат еді. Оны халық шын мәнінде жақсы көрді. Жақсының аты еш уақытта ұмы­тылмайды, елімен бірге жасай береді», деп еске алды. Ал қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Заманбек – саяси қайраткер ғана емес, руханият жанашыры. Оның көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазатыны, аудармамен айналысатыны бар еді. Бұл да тазалықтың белгісі болса керек. Қалай дегенде де, ол тарихтан, ел жүрегінен ойып орын алды», деп аза­маттың асыл қасиетін атап өтті.

Бедерлі жылдар белесінде ел дамуына елеулі үлес қосқан тұл­ғаның кәсіби білігі, жан дүние­сінің тазалығы, кісілік келбеті жайлы да естеліктерде айтылды.

«Заманбек – ұлтын риясыз сүйген адам. Басшылық қызметте жүрген кезеңдерінде талай жұрт­қа шарапаты тиді. Кезі келгенде батыл шешімдерге барып, тар­шылық көрген азаматтардың бас­панамен қамтылуына, жер телім­деріне ие болуына көп ықпал етті. Қандай батыл болса, сондай кішіпейіл еді. Алдына келген қарапайым адамның өзін қабылдап, оның мәселесін шешуге жан-тәнімен кірісетін. Ке­ңес заманының соңғы кезі мен егемендіктің алғашқы жылдары Алматыны басқару оңай емес еді. Бірақ Зәкең осынау жауапты міндетті абыроймен атқарды», деді қоғам қайраткері Амангелді Ермегияев.

Өз кезегінде Нұрлан Ора­залин, Бексұлтан Нұр­жек­еұлы, Аман­гелді Шаб­дар­баев, Аман­­дық Баталов, Серік Үмбе­тов, Зейнеп Ахметова, Рысбек Сәр­­сен­байұлы, Бо­лат Әбілов қай­­рат­кер жайлы жар­қын естелік­терімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ