Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Миллиардтаған салымды талап ететін сала

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында елдегі жылу электр стансалары мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымдарының нашар жағдайына көпжылдық әрекетсіздік себеп дегенді айтты.

Миллиардтаған салымды талап ететін сала

Өңірлердегі ЖЭС пен құрыл­ғылардың тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Бұл ретте коммуналдық шаруа­шылықтарға салынған инвес­тицияның ұзақ жыл бойы нақты қажеттілік талаптарына сәйкес бол­мауы да әсер еткен. Бұл – ел тұрғындарын мазалайтын маңызды мәселенің бірі де бірегейі. Атүсті талдау жасағанның өзінде ұзақ уақыт бойы тарифтердің жасанды түрде тежеліп келгенін және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көтерілмегенін айтып өтуге болады. Алайда осы мәселенің екінші қыры қазіргідей түйткілдерді тудырды.

Энергетика саласында қазір туындап отырған мәселелер – бұрынғы шешімдердің тікелей әсері. Модернизацияға, жылу желілері, электр желілері, сумен жабдық­тау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу­ге, су бұру жүйелеріне қажетті қара­жат салынған жоқ. Қазір біз ин­фрақұрылымның жоғары деңгейдегі тозуын көріп отырмыз. Кей жерлерде сын көтерместей нашарлап кеткен. Жағдайды түзету үшін инвестицияларды қазір және үлкен көлемде салу керек. Ашық дереккөздерге сәйкес, мемлекет инженерлік желілерді жаңғыртуға және күрделі жөндеуге 300 млрд теңгеге жуық қаржы салған. ЖЭО иелері жөндеуге 19 млрд теңге инвестиция салды. Алайда бұл –  жеткіліксіз. Мысалы, «Тарифті ин­вестицияға айырбастау» арнайы бағдарламасы қабылданады. 5-6 жыл ішінде жөндеу және модернизациялау жұмыстары тозу деңгейін кем дегенде нормативтік деңгейге дейін төмендету үшін белсенді түрде жалғасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа өз бағасын берді. Оның айтуынша, 2023 жылдың көктем-жазғы кезеңінде «Үкімет пен өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдады. Қиын жағдайы бар проблемалық объектілерде жұмыс жүргізілді». Ендігі міндет – кем дегенде ауыр апаттардың болуына жол бермеу және азаматтардың үйлеріне жылу беруді кідіртіп алмау. Жаңа қуаттарды енгізіп, инженерлік желілерді жаңартып және ТКШ-ның барлық саласын жаңғырта алсақ, тіпті жақсы.

Осы ретте Көкшетау, Семей және Өскеменде салынғалы отырған үш бірдей жаңа ЖЭС-терді атап өтуге болады. Осы қалалардағы жылу беру жұмысы ойдағыдай атқарылуы үшін үшеуінің де құрылысы кесімді уақытында бітуге тиіс. Бірақ іске асыратын жұмыс ауқымы өте үлкен. Энергетика алдағы уақытта ондаған, тіпті жүздеген миллиард теңге салымды талап етеді. Бұл – Үкімет пен өңір әкімдерінің міндеті.

 

Андрей Чеботарев,

қаржыгер