Пікір • 16 Қаңтар, 2024

Наурызға жаңаша көзқарас

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында қоғамды толғандырған көп мәселені көтерген.

Наурызға жаңаша көзқарас

ФОТО: turkystan.kz

Президент «2024 жылды қалай қарсы алдыңыз?» деген сұраққа: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршіліктегі нағыз табиғи жыл басы», деп жауап берген екен.

Мемлекет басшысының Наурыз туралы айтқан пікірі бұл мерекені мазмұнды атап өтуге жаңаша серпін береді деп санаймын. Жалпы, 31 желтоқсанда жаңа жылды тойлауға қарсы емеспіз. Біз Григориан күнтізбесімен өмір сүреміз. Бұл күнтізбенің есебінше, жыл 1 қаңтарда басталып, 31 желтоқсанда аяқталады. Жалпақ әлем осы тәртіппен жүреді. Бұдан біз кете алмаймыз. Сондықтан жаңа жылды тойлаған дұрыс, бірақ: «Мен бір жылда не істедім, не бітірдім, қандай нәтижеге қол жеткіздім, өзім үшін қанша еңбек істедім, халқым үшін қандай игілікті іс жасадым?», деп әр адам жыл соңында өз-өзіне есеп беріп, қорытынды жасаса, оның салмағы арта түсері анық.

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз меркесінің маңызы да, жөні де бөлек. Тарихқа терең бойлағанда, адамзат баласының жаңа жылды – Наурыздан бастағанын байқаймыз. Бұған көп мысал келтіруге болады. Бабаларымыз бұл мейрамды – күн мен түннің теңелуі деп ерекше атап өткен. Жеті түрлі дәмнен нәрлі көже жасап, жаттың да, жақынның да бір-біріне дәм татқызып, ақ дастархан басында алқа қотан отырып, бірге ас ішетін ынтымақ пен бірліктің мерекесі деп білген. Күн мен түннің теңелгенінен бастап, тіршілік оянып, бар дүние жаңғырып, жанданады деген. Алайда біз Наурызды қалай атап өтіп жүрміз? Мерекеде көбіне шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, келін түсіру секілді тұрмыстық салт-дәстүрлерді көрсетумен ғана шектелеміз. Шын мәнінде, бұл мейрамды ғылыми түрде толық зерттеген жоқпыз. Мәселен, күн мен түннің теңелуіне байланысты күн мен түннің, қыс пен жаз мезгілдерінің айтысын ұйымдастыруға болады. Бұл ақындардан интеллектуалды дайындықты талап етері анық. Бірақ қызықты болып шығуы да ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз – түркі халықтарын бір-бірімен жақындастырып, байланыстыратын алтын көпір. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнінің маңызы да, салмағы да зор екенін білгеніміз абзал.

 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20