Басылым • 17 Қаңтар, 2024

Парижде басылған кітап

204 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан және Еуропа жұртшылығы жазушының шебер тілі мен бейтаныс дүниені таныстырғаны үшін разы болған туындыны бүгінгінің оқырманы біле бермесе керек.

Парижде басылған кітап

Тарихқа үңіліп, аз-кем ақпараттарға шолу жасап, байыбына барып алсақ, бұл туындының негізі түсінікті.

ХІХ ғасырда Қазақстан жайын­да ізгілікті істер мен еңбектер қал­дыр­ған орыс саяхатшыларының, ғалым­дарының, әдебиетшілері мен шығысты зерттеушілердің (ориенталистер, востоковед, тюркологтер) қатары көбейе түскен заман. Себебі Орынбор, Семей, Маңғыстау, Қазақстанның басқа да өлкелеріне өз еркімен немесе жер ауып келгендердің арасында халқымыздың тұрмысымен танысып, әдеби мұрасын жинаушылар, жеке аңыздың, тарихи оқиғаның негізінде көркем шығарма жазушылар, жеке адамдардың сурет­терін салып, еліміздің музыкасын зерт­теушілер аз болмаған. Олар – есім­дері әлемге әйгілі А.С.Пушкин, В.А.Жу­ков­ский, Л.Н.Толстой, Г.Успенский, В.Г.Ко­­роленко, Г.Зеленский, А.П.Крю­ков, Н.Н.Муравьев, В.И.Даль, И.А. Крылов, Т.Г.Шевченко, М.И.Михай­лов, В.А.Ушаков, Ф.М.Достоевский, С.Ф.Ду­ров, Е.П.Михаэлис, А.Н.Пле­щеев, Н.Успен­ский, А.А.Ива­нов­ский, П.Н.Распопов, Н.Г.Хлудов, А.Затае­вичтер еді.

Орыс ғалымдарының жинап, зерт­­теген материалдары, жазған ғы­лы­­ми еңбектері қазақ даласына шық­қан экспедициямен ғана шектелмеген, олар ғылыми-зерттеу, мәдени-ағар­ту, өлкетану мекемелерін ұйымдас­тыру­шылар да болған.

Мәселен, 1845 жылы Левшин мен Дальдің бастамасымен Омбы, Орын­бор, Семей қалаларында орыс геогра­фия қоғамының бөлімшелері ашылады. 1854 жылы осы қоғамға Ш. Уәли­ханов мүшелікке сайланды. Ал Абай­дың досы Е.П. Михаэлис Семейде облыстық статистика комитетін ұйым­дастырды. 1876 жылы Абай оның құрметті мүшесі болып сайланады және өлкетану музейі мен Гоголь атындағы облыстық кітапхана ашылады. Сол тұста Орынборда Дальмен бірге басқа да ғалымдар «Ғылыми архив комиссиясы» өздерінің ғылыми жұмыстарын жолға қойған да болатын.

Орыс әдебиетінде алғаш рет жазыл­ған, повесть қазақ өмірінен алынған көркем әдебиеттегі ең үздік туынды еді. Жазып қалдырған аты-жөні Владимир Даль, атақты орыс ғалымы, әлемге әйгілі төрт томдықтың авторы. 1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан «Бикей мен Мәулен» атты повесті болған оқиға ізімен жазып, орыс халқына қазақ өмірін алғаш таныстырған.

1833-1844 жылдар аралығында Орынбор өлкесіндегі шекара комис­сиясының архивін зерттеп, ел ара­лап, тарихтағы аты қалған адамдармен кездесіп, қазақ елі жайлы көптеген материал жинап, жазып қалдырған. Жолдасына жолдаған хатында: «Жазды қыр сахарасында өткіземін, ауылмен бірге көшіп жүремін. Жайлау сондай жақсы, тіпті кеткің келмейді», - деп жазады. Тілімізді жақсы меңгерген ғалым жергілікті халықпен, Исатай мен Махамбет батырлармен пікірлесіп отырған және атақты повестегі Бикей – Тана руының белгілі батыры Есенгелді Жанмурзиннің ұлы турасында баяндайды. Тана руы Бикей арқылы орыстармен дос болып, бекініске таяу жерде көшіп жүреді. Ал Бикей ерлікке, батылдыққа, ат үсіндегі ойынға шеберлігімен өзгелерден оқ­шауланады және құлдыққа қарсы шығады. Сондықтан да ру басшылары да, ұры барымташылар да Бикейге қастық жасап, өлтірмек болады. Бикей атастырған қызына емес Мәуленаға ғашық болып, шаңырақ құрады. Десе де Бикейдің туған ағасы Жанкүшік ата-дәстүрді бұздың деп інісі Бикейді азаптап өлтіреді. Әмеңгерлік заңмен баукеспе қайынағасына бермек болған да Мәулена қашып құтылып, Оралға, онан соң Орынборға, губернаторға барып, араша сұрап, өзін ақтап, күйеуін жанкештілікпен өлтірген Жанкүшікті жазаға тартуын сұрайды.

Алайда қанды кек рұқсат етпей, шешек эпидемиясымен ауырып, ауыр хәлде жатқан Мәуленаны туыстары тас­тап көшіп кетеді. Небәрі 22 жасында көште қалып, 1832 жылдың жаз айында ауыр халде дүниеден өткендігі жан-жақты баяндалып жазылған.

Десе де, бұл оқиға бүгінге дейін ға­лым әрі жазушының ең танымал шы­ғармасы болып қала береді. Даланың «Ромео мен Жульеттасы» деген атқа ие махаббат хикаясы замандастарын баурап алады. Еуропа жұртшылығы Дальдің шебер тіліне, бейтаныс дүние­ні таныстырғанына риза болып, әде­биеттанушылар жоғары бағалаған. Ма­хаб­бат хикаясымен танысып, оқып шық­қан Белинский мен Тургенев газет-жур­налдарға мақалалар жазып, жағымды пікір білдірген.

Сонымен қатар бұл әңгіменің этно­графиялық құндылығы зор, өйткені қа­зақтардың әдет-ғұрыптары мен шекара­лық Орынборға келулері, орыс шенеу­ніктерінің олармен қарым-қатынаста­ры туралы егжей-тегжей баяндалған туынды. Әңгімеден оқырман басты кейіп­керлердің керемет портреттерін ғана емес, Орынбор әкімшілігі өкілдерінің қызмет істеріндегі үнемі кездесуге мәж­бүр болған көптеген адамдардың бей­нелі суреттерін де көруге болады. Оқиғаның басты артықшылығы – автордың халыққа деген сенімділігінде жатыр.

Өйткені автор дәлме-дәл суреттеп, қаз-қалпында жеткізген. Қазақ халқы­ның дүниетанымдық қағидаттары мен оның құндылық бағдарларына қатыс­ты әңгімеден ең қызықты үзінділер­ге егжей-тегжей тоқтала отырып жа­зып, жеткізген. «Қазақ мәтінінің» жанр­лық әртүрлілігі тұрғысын және тұл­ға мен қоғам тақырыбы Даль шығар­машылығындағы негізгі тақырыптар­дың өзегі болғанын да аңғаруға болады. ­Орыс әдебиетін қазақ халқының мәдениеті­мен қабысқан рухани тәжіри­белік туын­дылармен байытты деп айтуға болады және оқырмандарын кейіпкерлерімен баулып, оқуға деген қызығушылықтарын тудыра алған ғалым-жазушы.

Бір қызығы, Ұлттық академия­лық кітапханасынағы Сирек қорға «Биб­лиотека ХПТУ МВД» және «Биб­лиотека Нар.Комис.Вн.Дел. ЖК. В.П.О. Н.К.В.Д. ДМ. Куйдышева», «Целина Библиотека» деген мөрлермен түскен 10 томдықтың 7-томы.

«Полное собрание сочинений Влади­мира Даля (Казака Луганскаго). Первое посмертное полное издание, дополненное, сверенное и вновь просмотренно по рукописьям. Том седьмой. Повести и расказы. Издание Товарищества М.О. Вольфъ. С. Петербургь-Москва, 1898» деп көрсетілген. 354 беттен тұратын кі­тап­­­тың мазмұны да тартымды. Жалпы, қа­­зақ тарихы мен тыныс-тіршілігі және дәс­түрін қамтыған бұл том оқыр­ман­ды зерттеуге шақырып тұр­ғандай.

 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,

Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері