Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
«Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев және мекемеде тәрбиеленіп жатқан ерекше балалардың бірнеше ата-анасы арнайы орталыққа жиналды. Біз де солармен бірге ғимаратты аралап көрдік. Сондағы балалардың жұмысымен танысып, дидарластық.
«Бұл жерде 3 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше балаларды қамқорлығына алып келсе, жақында ата-аналардың өтінішімен 18 жастан 30 жасқа дейін ұлғайту ісін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып қарастырып, жүзеге асырдық. Ал облысымызда 21 350 мүгедектігі бар азамат тіркелген», дейді Е.Мизамбаев.
Екі қабаттан тұратын «Қамқор» арнаулы орталығында биылдан бастап 18 жастан асқан азаматтар үшін стационар жағдайында 50 орынды бөлімше жұмысын бастады.
«Қызым Назерке туғаннан дертті болып, осы орталыққа бергенбіз. Екі ай бұрын 18 жасқа толған қызым бұл мекемеде 8 жыл уақытын өткізді. Арасында үйге алып кетеміз, бірақ өз ортасын, осы бір мекемені сағынып тұрады. Бастапқыда 18 жасқа дейін болатын, облыс басшысына өтініш жазып, 18 жастан асқандарды да қабылдайтындай мүмкіндік алдық. Бұл тұрғыда өтінішімізді бір сағатқа жеткізбей шешіп берген облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа ерекше алғыс білдіремін», дейді Динара Қуатбекқызы.
Бүгінде «Қамқор» орталығында 104 азамат көмек алып жатыр. Бұл үшін орталықта барлық жағдай қарастырылған. Мекеме аумағында ойын алаңы, спорттық алаңдар мен жылыжай бар. Алдағы уақытта монша салу жоспарланған. Ал қызмет алушыларды емін-еркін тасымалдау үшін көлік алуға қаражат бөлінген. Алда ол игілікке де қол жетеді.
Жетісу облысы