Білім • 18 Қаңтар, 2024

Қаңтардағы ҰБТ: Ең көп таңдалған пәндер комбинациясы жарияланды

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18,4%-ы «Биология-Химия» пәндерін таңдады. Бұл бейіндік пәндер комбинациясымен талапкерлер медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы, ветеринария және тағы басқа бағыттарға оқуға түсе алады, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтардағы ҰБТ: Ең көп таңдалған пәндер комбинациясы жарияланды

Фото: astanatv.kz

Сонымен қатар алғашқы бестікте «Математика-Физика» – 16,9%, «Математика-Информатика» – 11,7%, «Шет тілі-Дүниежүзі тарихы» – 9,4% және «Шығармашылық емтихан» – 9,3% бар.

Өткен жылғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, топ-5 таңдау өзгерген жоқ. Дегенмен 2023 жылғы қаңтар ҰБТ-сында талапкерлердің ең көп таңдаған комбинациясы «Математика-Физика» – 19,2% болды. Екінші орында «Биология-Химия» – 18,6%, әрі қарай «Шығармашылық емтихан» – 10,2%, «Математика-Информатика» – 10% және «Шет тілі-Дүниежүзі тарихы» – 8,7%.

2

«ҰБТ-дағы ең танымал комбинацияны «Биология-Химия» деп өзгеру талапкерлер арасында медициналық және ауылшаруашылық мамандықтарының басым таңдауға ие болғандығын көрсетеді. Соңғы бірнеше жылда ҰБТ-ның барлық кезеңдерінде талапкерлер инженерлік, құрылыс, педагогикалық және басқа да мамандықтарға түсуге мүмкіндік беретін «Математика-Физика» комбинациясын көп таңдады. Осы комбинацияда мамандық таңдау мүмкіндігі де көбірек, сонымен қатар гранттар алу ықтималдығы жоғары. Осыған қарамастан, 2024 жылы талапкерлердің 18,4%-ы «Биология-Химия» пәндерін таңдауды жөн көрді», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 136 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді.