Сенат • 19 Қаңтар, 2024

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

119 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Сенаторлар бірқатар заңды қарап, мақұлдады.

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Жаһандық жылыну және «жасыл энергия»

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім тараптарға денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздікті қолдауға қатысты халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін ережелерді бекітуге арналған.

Заң ТМД-ға мүше елдердің мемлекет­тік санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларын жүргізу кезінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етуді көздейді. Бұл, бірінші кезекте, халық­аралық медициналық-санитарлық ере­желерге сәйкес денсаулық сақтау жүйе­сінде төтенше жағдайлар туғызуы мүм­кін жұқпалы аурулардың таралуын болдыр­мауға қатысты екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ Палата отырысында «1999 жылғы 4 маусымдағы Өнерта­быстар­ды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Хаттамаға сәйкес, мәселенің өзекті болмауына байланысты ТМД елдері КСРО кезіндегі өнертабыстар­дың құпиялылығын қамтамасыз етуді тоқтатады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» заңды да мақұлдады. Аталған заңның нормалары жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру, еліміздің аумағында орнықты даму арқылы мемлекеттердің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Бұл тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға ықпал ететін жобаларға қатысты болмақ.

«Қазіргі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отыр. Біздің елімізде де қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шаралар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Дубайда өткен климат жөніндегі саммитте Қазақстан метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылатынын мәлімдеді. Бүгін қаралған арнайы келісім елімізде жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруды көздейді. Жалпы, заңды жүзеге асыру елімізде «жасыл» энергияның үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

 

Шетке кеткен жетімдер туралы мәлімет жоқ

Отырыс кезінде сенаторлар депутат­тық сауалдарын жолдады. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында шетелге кеткен жетімдердің тағдыры туралы мәселе көтерді. Депутат бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенін, тіпті прокуратура тарапынан жағдайды реттеу әрекеттері болғанын атап өтті. Бірақ сенатор атап өткендей, көзге көрінетін нәтиже әлі жоқ.

«Еліміздің Бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізді, жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы бізге беймәлім. Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма?» деп сұрады Дархан Қыдырәлі.

Еліміз шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны» ратификациялады. Бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметке сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, кейінгі 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан.

«Конвенцияға қол қойғанға дейін, 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8 805 баланы асырап алған. Олардың 5 217-сі қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы мәлімет-есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы – 104, Бельгиядағы – 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ», деді сенатор.

Депутат 1999 жылға дейін шетелге кеткен жетімдер туралы деректер бойын­ша зерттеу жүргізу, ол балаларға био­­ло­гиялық ата-анасын табуға көмек­тесу, сондай-ақ олардың қалауы бойын­­ша еліміздің азаматтығын алуға жәрдем­десуді ұсынып отыр.

 

Тері өңдеушілерге субсидия берілуі керек

Қазіргі уақытта республикада қуаттылығы жылына 4 млн-ға дейін ірі қара малдың терісін өңдейтін 10-нан астам былғары кәсіпорны жұмыс істейді, бірақ олар тек 30%-ға ғана жүктелген. Көпшілігі бірде істеп, бірде тұралап тұр, ал үшіншісінде үнемі шикізат жетіспейді. Сенатор Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы өңдеушілерінің проблемалары туралы айтып берді.

«2023 жылдың қаңтар–қараша айларында отандық кәсіпорындар 220 мың дана ірі қара мал терісін қайта өңдеді, 2022 жылдың тоғыз айлық көрсеткішімен салыстырғанда өндіріс 55 пайызға төмендеді. Бұны мамандар үшінші елдер тарапынан былғары өнімдеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты болды деп отыр. Үкімет мал терісін кәдеге жарату мәселесіне 2014-2015 жылдардан бері ғана ішінара көңіл бөле бастады. Бірақ оның сипаты мал терісінің экспортын шектеу немесе шектеуді алып тастаумен ғана реттеледі», деді сенатор.

Депутат саланың негізгі проблема­лары­ның қатарында шағын шаруа және фермер қожалықтарында өндірілген өнім сапасының төмендігі, шикізат сатып алуға айналым қаржысының болмауы, жабдықтардың тозу дәре­жесінің жоғарылығы және дайындау жүйесінің кенже қалғанын атап өтті. Оның пікірінше, былғары өндірісі мен жартылай биязы жүнді өңдейтін ірі кәсіпорындарды ашу мәселені шеше алады. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныстар жолдады.

«Біріншіден, теріден бұйым жасайтын өндіріс орындарына жабдықтар мен техниканы сатып алуға инвестициялық субсидия қарастыру керек. Сондай-ақ малдың терісін өңдейтін өндіріске шикізат сатып алу үшін субсидия мен салық жеңілдіктері қаралуға тиіс. Әрбір өңірде тері және жүн жинаудың сервистік-дайындау орталықтарын құру мәселесі өткір тұр. Сонымен қатар жануарларды есепке алудың жаңа цифрлық платформасын әзірлеу кезінде әкімшілендіру мен бақылауды күшейту тетіктері де көзделуге тиіс», деді сенатор.

 

Наурыз – ұлттық идеологиямыздың негізі

Сенатор Әли Бектаев өзінің депутат­тық сауалында Наурызды мерекелеу дәстүрін нығайту үшін идеологиялық негіз қалыптастыруды ұсынды. Ол үш мың жылдық тарихы бар Наурызды БҰҰ Бас Ассамблеясы мойындағанын және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізгенін атап өтті. Біздің еліміз үшін бұл мереке ерекше маңызға ие.

«Халқымызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп, жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни Наурыз – халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Сондықтан Наурыз біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек. Президентіміз айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың рәмізіне айналуға тиіс», деді Әли Бектаев.

Наурыз мейрамы ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың рәмізіне айналуы үшін сенатор осы мерекені дәріптеуге және оны тойлау дәстүрін ілгерілетуге ықпал ететін жалпы ұлттық тұжырымдама қабылдауды ұсынды. Депутат Наурыз қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға қолдау және көмек көрсету бойынша бүкілхалықтық іс-шараларды бастауды ұсынды. Еңбек адамдарын марапаттау және олардың жетістіктерін насихаттау да маңызды. Сенатордың ұсыныстарының ішінде бұл күндері соғыстан зардап шеккен елдерге гуманитарлық көмек көрсету де бар.

Сенат отырысы барысында, сондай-ақ Ольга Булавкина, Ернұр Әйткенов, Талғат Жүнісов және Евгений Больгерт өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Ольга Булавкина Үкіметті Белоусов кен орнын жою жобасына сараптама жүргізуге шақырса, Ернұр Әйткенов Ертіс өзеніндегі судың азаюы­на және Қ.Сәтбаев атындағы арнада бөгеттің бұзылуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Талғат Жүнісов арнаулы білім беру ұйымдарының, оның ішінде оңалту орталықтарының тәрбиешілеріне қосымша ақы төлен­бейтінін, содан туындайтын мәсе­лелерді атап өтті. Ал Евгений Больгерт бизнесті өзін-өзі реттеуді жетілдіру қажет екенін айтып, бұл бағытта бірқатар шара ұсынды.