Тіл басқармасының орны ойсырап тұр
Солтүстік Қазақстан облысында қазақтардың үлесі 40 пайызға да жетпейді. Осының салдарынан өңірде тілге, ономастикаға қатысты мәселелердің шешілу барысы сылбыр. Ал осы бағыттағы жұмысты үйлестіруге тиіс Тілдерді дамыту басқармасы жабылып, оның функциялары облыстың Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді дамыту және талдау бөліміне тапсырылған. Алайда оның жұмысы көңіл көншітпейді.
Осыған орай қоғам белсенділері өңір басшылығына бірнеше рет тіл басқармасын қайта ашу туралы ұсыныс жасағанымен, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Өкінішке қарай, бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың осы жөніндегі уәдесі ол қызметін ауыстырған соң орындалмай қалды.
Әйтеуір, бір көңіл жұбатарлығы, кейінгі кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейту, елді мекендер мен көшелердің атауларын қазақыландыру ісіне белсене кірісті. Қоғамдық ұйым өкілдері соңғы екі жылда жергілікті жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен елу шақты елді мекенде тұрғындармен кездесу өткізді. Бұған қоса «Тіл керуені» жобасы аясында 13 ауданда және Петропавл қаласында кездесулер ұйымдастырған.
– Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылына – Мезгіл, Чкаловқа – Қаратомар, Ильичевкаға – Бесқарағай, Қызылжар ауданындағы Чапаевоға – Ақбас, Есіл ауданындағы Советское ауылына Тереңкөл деген атауларды беруді ұсындық. Олар ойдан шығарылған атаулар емес, сол елді мекендердің байырғы атауларын жергілікті тұрғындардың өз ауыздарынан естігенбіз. Тарихи дәлелдер де бар. 1914 жылғы Ресей империясының картасында дәл солай көрсетілген. Орынды ұсыныстарымызды ауылдардың жұртшылығы қолдап отыр. Тек нақты шешім қабылдауға келгенде жергілікті билікте мінез жетіспей тұр, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Атап көрсетілгеніндей, ұсыныс өте орынды беріліп отыр. Ендігі мәселе шешім шығаратын орындардың құзырында. Ал бұл іске тікелей қозғау сала алатын Тіл басқармасы еді...
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы
Бұрынғыдан бір белгі
«Өлінің қабірін біл, жақсының қадірін біл» деп халқымыз тектен-тек айтпаған. Мақаншы – Достық бекеті күре жолының бойында Қабанбайдың туған ағасы Есенбай батырдың, кешегі «ақ» пен «қызыл» қырғынында халқына пана болып басқыншылармен арыстандай арпалысқан, ақырында сол жолда мерт болған Қален батырдың, Алашорда әскеріне 100 мініс ат берген Майшы бай Жолдасбайұлының бейіті жатыр.
Серікхан Майшытегі өзінің жақын туысы Мұқан ақсақалмен, жеке кәсіпкер інісі Мақсат Уәлиханұлымен ақылдаса отырып, елі үшін құрбан болған осы үш тұлғаның кесенесін темір шарбақпен қоршап, құлпытастар қойып, күре жолдың бойына белгі орнатуды, күре жол мен екі ортаны жалғайтын бір шақырымдық жол салуды ұйғарды. Діттеген шаруа біткен былтыр қараша айында Серікхан Майшытегі бабаларына арнап нәзір беріп, Құран бағыштатты. Осы сауапты іске атсалысқан баршаны бабалар рухы қолдасын деген ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен, ауылдан 40 шақырым, күре жолдан бір шақырым жердегі кесенеге қатысты барлық ойға алған жұмыс толығымен орындалды. Ұзындығы – 78 метр, биіктігі 2,10 метр болатын темір шарбақ бетон іргетасқа қондырылып, үш құлпытас, үш ай белгісі орнатылды. Мақаншы күре жолының бойына биіктігі – 2,5 метр, көлденеңі 2,2 метр белгі қойылды.
«Өлінің қабірін біл, жақсының қадірін біл» дегендегі айтпағым, әйгілі адамдардың жаны шырақ екеніне жас ұрпақтың назарын аудару еді. Қазақтың кең даласында еркін өскен, сол елдің уызына жарыған, қайырымды ісімен жұртына өнеге болған Серікхан Қалелханұлының, Мұқан ақсақал мен Мақсат Уәлиханұлының бабаларына қойған мәрмәр құлпытастары мен панорамасы адамгершілік пен имандылық ұстанымының ұстыны деп білген жөн. «Құдайға – құл, адамға – ұл болу» дегеніміз осы шығар.
Мұхаметкәрім ОМАРҒАЛИТЕГІ
АЛМАТЫ
Көркем еңбек пәнінің маңызы
Адамның өмірі еңбекпен тығыз байланысты. Еңбек адамзат қоғамының дамуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Өйткені адам мен еңбек – ажырамас ұғым. Адамдардың еңбегінің арқасында қазіргі өркениет қалыптасты. Мәселен, ежелгі адамдардың жануарлар сияқты өмір сүргені белгілі. Біздің осындай дәрежеге жетуіміз тек ерекше қасиетіміздің арқасында ғана мүмкін болды, ол – ойлау, еңбек ете білу, жарата білу. Демек адамзат қоғамының ілгерілеуі еңбексіз мүлдем мүмкін емес деп ой түйеміз. Бұдан шығатын қорытынды: адамды адам ететін – еңбек.
Адамның қоғамдағы орны да еңбегімен анықталады. Қазақ елі де еңбекті ерекше бағалап, құрметтеген. Халқымыз «Еңбек оздырады, жалқаулық тоздырады», «Еңбек түбі – береке» деген сияқты мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді тектен-тек айтпаған. Осы орайда көркем еңбек пәні балаларды еңбексүйгіштікке баулиды, шығармашылық қабілетін ашуға көмектеседі. Шеберлік деңгейінің өсуіне, әр жұмысты соңына дейін жеткізуге оң ықпал етіп, шыдамдылық, төзімділік сияқты қасиеттерін қалыптастырады.
Көркем еңбек пәнінде бала халқымыздың өнер мен көркем еңбекте көрсетілген адамның ойларын, сезімдерін, құндылықтарын, өмірге деген көзқарасын түсініп, сіңіре алады. Ұлтымыздың рухани мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа берілетін негізгі құндылықтары – адалдық, мейірімділік, шыншылдық, ұжымшылдық, азаматтық жауапкершілік пен еркіндік секілді қасиеттері бар адамдарды тәрбиелеуге септігін тигізеді. Ал балалар сабақта түрлі тапсырмалар орындау барысында салыстыру, талдау, қорытынды жасау, өз пікірлерін дәлелдеу дағдыларын қалыптастырады.
Балалардың барлығының оқу деңгейі, яғни сабақты меңгеру мүмкіндігі, қабілет-қарымы бірдей болмайтыны белгілі жайт. Бұл жерде айтайын дегенім, көркем еңбек пәні үлгерімі төмен балаларға да болашақта өз жолын табуға, бағыт-бағдар беруге септеседі. Өйткені бұл пәнде балалар сыныптастарынан ерекшеленіп тұруға, өнертапқыштыққа талпынады.
Қорыта айтқанда, көркем еңбек пәні сабағының басты ұстанымы – еңбек. Балаларымызды жастайынан еңбекке баулуымыз керек. Көркем еңбек пәні – ізденістер мен жаңашылдықтың, шығармашылық шабыттың қайнар көзі.
Азамат КӨЛБАЕВ,
көркем еңбек пәнінің мұғалімі
Абай облысы