Бұл жаңалық ең әуелі Ресей Ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының сайтында жарияланды. Осындағы баспасөз мәліметіне қарағанда, жәдігер кездейсоқ жағдайда табылған. Ал мөрге қатысты зерттеу жүргізген мамандар: «Мөрдің табанына салынған жылқы мен шабандоз бейнесі сол дәуірдің әскери қолбасшысы немесе жекелеген батырға тән геральдикалық белгі болуы және мөрдегі жалын тәрізді ирек белгі оның иесінің қуат-күшін әйгілейтін таңба болуы мүмкін», десе, тағы біреулер бұл мөр-таңба Жібек жолы бойымен жылқы жеткізумен айналысатын саудагерге тиесілі кірке (пайза), яғни құқықтық мәртебе беретін құжат дейді.
Аталған жәдігер табылған Бурятияның оңтүстігіндегі Дурены аулының маңынан ресейлік археологтер 1979 жылы ғұн империясы элита өкілдерінің мәртебесін айқындайтын атрибуттары бар итбалық, тау ешкі, т.б. заттарды тапқан еді. Бұл жәдігерлерге ғалымдар «Ғұн империясының солтүстік шекарасы билігінде болған ақсүйектердің отбасылық белгісі болуы мүмкін» деген пәтуа берген көрінеді. Бұл пайым пен жаңадан табылған жәдігерлерге қатысты айтылған тұжырым сәйкес келіп тұр.