Қоғам • 25 Қаңтар, 2024

Шаруаға ыңғайлы трактор

713 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ел іші – өнер кеніші» деген тәмсіл қиян шеттегі ауылда жатса да, неше түрлі техника ойлап тауып, онысын үй шаруашылығында кәдеге жаратып отырған Қайрат сынды азаматқа да қарата айтылса керек. Бұған дейін құстың жүнін жұлатын арнайы аппарат, бетон қоспасын араластырғыш, төсемтас шығаратын құрылғы жасаған өнертапқыш таяуда шағын трактор құрастырып шығарды.

Шаруаға ыңғайлы трактор

«Қажет бөлшектерді іздеп жүріп әр жерден жинап алдым. «Жигулидің» белдемесін кесіп, қысқартып салдым, қозғалтқышы – мотоблоктікі. Қосалқы бөлшектері де оңай табылады. Кейбір бөлшектерді металл қабылдайтын жерден алуға тура келді. Ескі болғанымен, мықты темірлер, арзанға шықты. Бәрін түгендеп болған соң, болгар кескішін, кілт, дәнекерлеру құрылғысы керек болды. Осы үш сайманның көмегімен бір жылдың ішінде бастан-аяқ құрастырып шықтым. Көп қаражат кеткен де жоқ. Азын-аулақ мал ұстап отырмыз. Оның қыстық азығын даярлау қиындап барады. Бір тонна шөптің бағасы биыл 35-40 мың теңгеге жетті. Қазір осы тракторымның арқасында шөпті де шауып аламын, екі-үш есе арзанға түседі», дейді Қайрат Жұматұлы.

Әмбебап трактордың ені 90 см, шап-шағын болғанымен, бойында жеті аттың күші бар. Осы ауылдағы талай автокөлікті күртік қарға батып қалған жерінен оңай жұлып алған. Қораның есігіне де оп-оңай сыйып кетеді. Қи шығаруға, ауланың қуыс-қуысындағы қарды тазалауға таптырмайтын техниканың нақ өзі. Бір сағат жұмыс істесе, небәрі 1 жарым литр жанармай кетеді. Артына тіркейтін шалғы, соқа, тырмақ, картоп отырғызатын, қазатын, түптейтін сайманы, алдына ілетін айыр, күрегі бар. Өнертапқыш көктемгі қи шығару, жер жыртып, картоп отырғызу, жазғы шөп шабу, оны тырмалап, жинап, жеткізу, қыста қар күреу секілді шаруаның бәрін осы шағын тракторымен-ақ тындырып отыр.

Бүгінде ауыл әңгімесінің ең бас­ты тақырыбы да Қайраттың тракторы төңірегінде өрбиді. Көршілері көмек сұрап келеді. Көзтаныс, бейтаныс кісілер ауылдың бір шетінен арнайы келіп, трактордың тынысын, жұмысын тексеріп көріп, бас шайқап кетеді. Сатып алғысы келетіндер де көп. Тіпті Қайрекеңді аудан әкімі арнайы шақырып алып, орталық көшелердің мұзын қырғызып көрген соң: «Тротуарлардың қарын аршып, мұзын қырып тұруға тендерге қатысып көрсеңіз қайтеді?» деген ұсыныс айтыпты. Алайда уақыт тапшы болған соң, өнертапқыш әкімнің бұл ұсынысынан бас тартып отыр. Өйткені аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кө­лігін жүргізеді. Бұл да жауапты жұ­мыс, күнұзақ бөлімнің шаруасымен анда-мұнда шауып жүреді.

«Оқушы кезімізде мектепте «Кө­лік­­та­ну негіздері» деген сабақ жүрді. Сол пәнді жақсы көретінмін. Ағайы­мыз әр түрлі техниканың қалай құрас­тырылатынын үйрететін. Кейін әскер­ден келген соң, ауылға оралып трактор тізгіндедім. Бестауда механизатор болып еңбек еттім. 1999 жылы Қамыс­тыға көшіп келдік. Ал енді менің өнер­тап­қыш­тығыма келсек, мұның бәрі ауыл тұрмысындағы қажеттіліктен туып жатыр», дейді темірді талдай иіп, трактор жасап шығарған шебер.

 

Қостанай облысы,

Қамысты ауданы