Аймақтар • 27 Қаңтар, 2024

Жетісуда оқушыларды тасымалдайтын автобус берілді

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда  336 жалпы білім беретін мектеп бар, онда  129 мыңнан астам оқушы оқиды. Бүгінде 1708 бала шағын елді мекендерден қатынайтындықтан оларға тасымалдау ұйымдастырылған. Соған сай 67 көлік қызмет көрсетеді. Күні кеше жергілікті бюджет есебінен тағы 5 су жаңа автобус берілді, деп жазады Egemen.kz.

Жетісуда оқушыларды тасымалдайтын автобус берілді

Фото: Руслан Кадыров

Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына жағдай жасау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда. Осы айтылған ойға сәйкес өңіріміздегі 5 ауданға жаңа автобустар табысталды.

Жаңа автобустардың кілтін табыстаған облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов су жаңа көлікпен қамтамасыз етіліп жатқан мекеме басшыларын құттықтады. Сөз арасында өткен жылы шалғай елді мекендердегі балаларды тасымалдау үшін республикалық бюджеттен 53,4 млн теңгеге 7 автобустың лизингке алынғанын атап өтті. Сонымен қатар биылғы жылы беріліп жатқан 5 автобус  жергілікті бюджет есебінен 223 млн теңгеге алынып отырғанын мәлімдеді. 

«Бұл күні 24 орынды 5 автобус табыстаудамыз. Олар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу ауданы мектептеріне беріледі. Анықтап айтсақ Ақсу ауданы Ю. Гагарин атындағы орта мектебіне Қызылжар ауылынан, Алакөл ауданы Теректі орта мектебіне Талдыбұлақ, Үшбұлақ ауылдарынан, Ескелді ауданы Балпық би атындағы орта мектебіне Теңлік, Теректі, Бөктерлі ауылдарынан, Қаратал ауданы Қ. Байсеиітов атындағы орта мектебіне Айдар ауылынан, Көксу ауданы №12 орта мектебіне Айнабұлақ стансысынан, Кемертоған ауылы разъездінен оқушыларды тасымалдайды», дейді М.Сүлейменов.

Барлық автобус интеллектуалды автоматты қауіпсіздікті тексеру, оқушыларды салонда қалдырудың алдын алу жүйесімен, екі қауіпсіздік белдігі бар орындықтарымен, салонның артқы жағында ашылатын авариялық шығу есігімен, санитариялық-эпидемиологиялық қондырғымен жабдықталған.

Іс-шарада Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы Айдынбек Жексембаев оқушыларды құттықтады.

«Ақсу ауданы бойынша 38 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 27-сі орта, 7-уі орталау, 4-уі бастауыш мектеп. Біздің ауданда 5 мектептен оқушылар тасымалданады. Бұл күні 4 мектебімізде жаңа автобустар бар, тек Суықсай ауылындағы Гагарин атындағы орта мектебіндегі көлігіміздің жылы ескілеу болатын. Білім басқармасы бізді қолдап, міне, жаңасын алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына Ақсу ауданының азаматтарының, халықтың атынан алғысымызды айтамыз. Осы көлікті балалардың игілігіне барынша пайдаланамыз», дейді А.Жексембаев.

Жетісу өңірінде 32 бастауыш мектеп бар болса солардың оңтайландыру жұмысын облыстық білім басқармасы толықтай қолға алып отыр. Облыс әкімі бекітіп берген арнайы жол картасы бойынша бастауыш мектептерде оқитын оқушыларды негізгі және орта мектептерге  тасымалдау жұмыстарын ұйымдастырады. Сол үшін жергілікті бюджеттен қосымша тағы да 10 автобус алуға қаражат бөлінген. Енді әр аудан өздері көлік сатып алады. Осылайша биылғы жылы  тасымалдау мәселесі толығымен шешімін таппақ.

АА