Жылда осы уақытта өзен-көлге бай Қостанай облысында табиғат жанашырлары көл бетінде мұз бұрғылап, су астына ауа жіберуге кірісіп кететін. Биылғы бұрғылау жұмыстары Заречный ауылының маңындағы шағын көлден басталды. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде мұз қалыңдаған сайын, балықтарға оттегі жетпей қалатын көрінеді.
«Содан жаппай қырылып қалуы мүмкін. Осыған байланысты балық шаруашылығы инспекциясы, әуесқой балықшылар қауіптің алдын алу іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұзды бұрғылап, ойық жасаймыз да, оған қамыс бау саламыз. Осылайша, су астына ауа жіберіп, балықты аман сақтап қаламыз. Бұған қоса аэратор сияқты қондырғыларды да пайдаланып жатырмыз», дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Балық, аңшылық және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Амангелді Исмайылов.
Бұрғы тескен ойық бір түнде мұз болып қатып қалуы мүмкін. Ал ойыққа отырғызылған қамыстың түбі суға малынып тұрғандықтан оңайлықпен қата қоймайды. Осылайша, қуыс өзек қамыс суға оттегі жіберіп тұратын түтікше қызметін атқарады.
Жалпы, облыс аумағында шамамен 8 мыңнан аса су айдыны бар. Оның 384-і жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы айдындарының тізіміне енгізілген. Бүгінде өңірде 173 кәсіпкер 245 су айдынын пайдаланып отыр. Өздеріне бекітілген көлдің тазалығы мен су астындағы тіршіліктің амандығы осы кәсіпкерлердің мойнына жүктелген.
Әуесқой балықшылар өңірдегі су айдындарында негізінен мөңке, табан, шортан, алабұға, оңғақ, тұқы балық мекендейтінін айтады.
Қостанай облысы