Аймақтар • 30 Қаңтар, 2024

52 көше жөнделді

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Тараз қа­ласы мен аудандардағы елді мекендердің бірқатар көшесінің бүлінген жолдарын жөндеу жұмыстары кейінгі уақытта қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Жергілікті халықтың талап-тілегіне құлақ ас­қан өңір басшысы Ербол Қара­шөкеевтің өзі бұл мәселені жеке бақылауына алған еді.

52 көше жөнделді

Тараз қаласынан 100 ша­қырым қашықта жатқан Талас ауданында өткен жылы 52 кө­шенің жолы жөндеуден өтті. Әрине, аз жұмыс емес. Осы­лайша, тұрғындар көтерген өзек­ті мәселе оңынан шешіліп отыр. Аудан әкімдігінің баспасөз қыз­меті келтірген дерекке жү­гінсек, ауданға қарасты елді ме­кен­дердегі жолдарды жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

«Ауылдықтар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Мәселен, өткен жылы Үшарал және Ойық ауылдық округтерінде барлығы 15,65 шақырымды құрайтын 21 көшені жөндеуге 670 млн теңге қаражат бөлінген еді. Қазынадан қарастырылған қаражаттың 90 пайызы республикалық, қал­ған 10 пайызы аудандық бюд­жеттің үлесінде екенін айта кет­кен жөн. Көшелердің жолын жөндеу мәселесіне келгенде жер­гілікті тұрғындардың талап-тілегі толықтай ескерілді. Жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі тиянақты атқарылғанын айта кеткен ләзім. Жергілікті ат­қа­рушы билік өкілдері қолға алын­ған жұмыстың сапасына ай­рықша ден қойды. Мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы дер кезінде өткізіліп, жеңімпаз мер­дігерлермен келісімшарттар уа­­қтылы рәсімделіп, орта жөн­­деу жұмыстары межелі уа­­қыт­­та жүргізілді. Бүгінгі таң­да жос­пар­ланған жұмыс толы­ғы­мен аяқталды», дейді Та­лас ауда­нының әкімі Нұрбол Жүніс­беков.

Аудан басшысы келтірген дерекке сенсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат үнемделіпті. Сол үнемделген қаржы есебінен Бостандық, Ақкөл және Ойық ауылдарындағы жалпы ұзын­дығы 3,65 шақырымды құрайтын 12 көшенің жолдары орта дең­гейдегі жөндеуден өткен.

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында да жол жөн­деу жұмыстары талапқа сай атқарылған. Моноқаладағы жалпы ұзындығы 16,8 шақырымды құрайтын алты көшенің жолы тұрғындар тілегіне сай ретке келтірілген.

Н.Жүнісбековтің айтуынша, Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік шешен ауылындағы Нұралы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілген. Бұған қоса Майтөбе ауылындағы Б.Момышұлы, Есей­хан ауылындағы А.Омар­ұлы, Қараой ауылындағы Бай­жан, Қасқабұлақ ауылындағы Тамды әулие және Бейбітшілік, Тамды ауылындағы бірнеше көше мен Көктал ауылындағы Есейхан көшелерінің жол төсемі жөндеуден өткен. Жалпы алғанда аудан бойынша 52 көшенің жолы ретке келтірілген екен.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы